21 сәуірде Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдебіреу оқ атқан. Жараланған шенеунік қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған.
Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға дүйсенбі күні сағат 20.30 шамасында қала әкімі кеңсесінің қасында болған. Шенеунікті әлдебіреу аңшы мылтығынан атқан.
Шымкент полициясы қылмысқа күдікті адамды ұстағанын, қазір ол уақытша ұстау изоляторында отырғанын хабарлады. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Жергілікті Otyrar порталының хабарлауынша, Берденовке кеуде тұсынан бірнеше бытыра оғы тиген, ішкі құрылысына зақым келіп, көп қан кеткен. Бірнеше сағатқа созылған отадан кейін дәрігерлер Берденовтің жағдайы тұрақты ауыр екенін айтқан.
Жергілікті басылымдар шенеунікке жасалған қарулы шабуылға күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты мекемеде жұмыс істеген деп хабарлады. Ресми органдар әзірге бұған қатысты ешқандай ақпарат берген жоқ.
40 жастағы Руслан Берденов биыл ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанға дейін парламент мәжілісінің депутаты болған.