Шымкентте екі жұмысшы газдан уланып қайтыс болған

Көрнекі сурет

7 қазанда Шымкенттің орталығында су құбырын ауыстырып жүрген екі жұмысшы иіс тиіп қаза болған.

Жергілікті басылымдардың жазуынша, жекеменшік компанияда жұмыс істейтін 20-22 жастағы үш азамат су құбырын ауыстыру үшін құдыққа түскеннен кейін едәуір уақыт бойы байланысқа шықпаған.

Оларды іздеп барған өзге жұмысшылар құдықта ес-түссіз жатқан үшеуін сыртқа алып шыққан.

Шымкент қаласы полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, екі жұмысшы құдық ішінде жиналып қалған газдан уланып, сол жерде көз жұмған.

Үшінші жұмысшыға шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол өз-өзіне келіп, дәрігерлер оны үйіне жіберген.

Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, оның мән-жайын, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты адамдарды анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.