Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты тергеу аяқталды

Нұрай Серікбай

Шымкентте кісі қолынан қаза болған 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты тергеу аяқталды. Бұл жөнінде адвокат Аянхан Омаров хабарлады.

"Бүгінгі күнге дейін жәбірленуші тарап пен олардың адвокаты қылмыстық істің 1–7 томдарымен танысып, олардың көшірмелерін алдық. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жалғасуда. Істің барлық қатысушылары заңда көзделген құқықтарын толық пайдаланып болғаннан кейін іс сотқа жолданады. Танысу барысы туралы қосымша ақпарат беріліп отырады" деп жазды адвокат Threads желісінде.

11 қаңтарда Шымкентте студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза болды. Желіде тараған видеода жас жігіттің, қызды пышақтап, қашып кеткені байқалады. 13 қаңтарда полиция 28 жастағы күдіктіні Шымкенттен 10 шақырымдай жерден ұстаған. Оның үстінен адам өлтіру бабымен іс қозғалған.

Күдікті — Нұрайдың танысы. Марқұмның жақындары "Курсив" сайтына Нұрай күдіктімен былтыр жазда тойда танысқанын айтқан. Көп өтпей жігіт сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Қызды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткендіктен, кешірім берген. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамаған. Бұл бойынша ата-анасы қалалық прокуратура мен полиция департаментіне арызданғаны айтылады. Нұрайдың туысы "прокуратура мен полиция бұл арыз бойынша жұмыс жүргізбеген" дейді. 11 қаңтар күні Нұрай дүкеннен ұн алуға шыққан оны үйін торуылдап жүрген күдікті ұстап алып, артынан қуып, пышақтап кеткен.

22 қаңтарда ішкі істер министрлігі Нұрайдың ісінде "салғырттық" танытқан полицейлерге қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. “Некеге мәжбүрлеу” бойынша да қылмыстық іс тіркелген.

Биыл Қылмыстық кодекске енген өзгеріс бойынша “қыз алып қашу” ("некеге мәжбүрлеу") “Адам ұрлау” бабына енгізіліп, ол бойынша жаза күшейтілген еді.

1 сәуірде күдіктінің күштеп емдеуге жіберілгені белгілі болған. 30 сәуірде ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов қыздың өліміне күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп танылғанын айтқан.