Шымкентте процедуралық кабинеттерде 4 адам көз жұмған

Көрнекі сурет.

Шымкентте жеке дәріхана жанынан ашылған процедуралық кабинеттерде төрт адам көз жұмған. Бұл жөнінде "Қазақпарат" хабарлады. Ақпарат агенттігінің жазуынша, барлық жағдайда науқастарға уақытында көмек көрсетіп үлгермеген. Кабинеттер күрделі жағдайларға дайын болмаған.

Адам өлімінен кейін медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті жоспардан тыс 13 тексеріс жүргізіп, соның салдарынан 12 процедуралық кабинет жабылған. Тексеріске құқық қорғау органдары да қатысқаны айтылады.

Ақпарат агенттігінің жаңалығында адам өлімінің жай-жапсары айтылмайды. Қашан, нақты қайда болғаны туралы да дерек жоқ. Тексерістің нақты қай кезең аралығында жүргізілгені де айтылмайды.

Департаменттің хабарлауынша, тексеріс барысында лицензиясыз істеу, психотроптық препараттарды заңсыз сату сияқты ірі заңбұзушылықтар анықталған.

Тексерістен кейін 331 әкімшілік хаттама толтырылған. Жалпы салынған айыппұл көлемі 41 млн теңгеден асқан.

Бірнеше ай бұрын Informburo Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп жатқан 400 процедуралық кабинет анықталғанын хабарлаған еді. 200-ден астамы өз еркімен жабылған. Бұған дейін Екібастұз, Жамбылда да процедуралық кабинеттерде адам өлімі болған.

Тексеруші органдардың айтуынша, заң бойынша процедуралық кабинеттерді күндіз істейтін стационары бар поликлиника немесе жеке медициналық ұйымдар ғана аша алады. Ал тексеріс кезінде мұндай кабинеттер пәтерлерде, дәріханалардан табылған.