Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан көз жұмды

Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан көз жұмды. Tengrinews-дің жазуынша, полиция күдіктіні ұстау кезінде қару қолданған.

“Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті қастық ниетпен жәбірленушіні пышақпен жарақаттаған, соның салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды” деп хабарлады полиция.

Оқиғаны полицияға куәгерлер хабарлаған. Күдіктіні ұстау кезінде ол қарсылық көрсеткеннен кейін полиция қызметкерлері табельдік қару қолданып, жарақаттаған деп айтылады. Желіде тараған видеода қолданушылардың бірі "нағыз атыс болғанын" айтады.

Ер адам медицина мекемесіне жеткізілген, ізінше қамауға алынды. Қазір тергеу органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатқаны хабарланды.

Шымкентте жақында осыған қайғылы оқиға болған. 11 қаңтарда 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапты. Желіде тараған видеода жас жігіт қызды пышақтап, қашып кеткені байқалады.

Күдікті ұсталып, оқиға бойынша "Адам өлтіру", "Некеге мәжбүрлеу" және "Сталкинг" бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты бірқатар лауазымды полиция қызметкері қызметтен алынып, "салғырттық" бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Былтыр Қазақстанда Қылмыстық кодекске енген өзгеріс бойынша қыз алып қашу ("некеге мәжбүрлеу") бойынша жаза күшейтілген. Жаңа ережеге сәйкес, аса ауыр жағдайларда қызды некеге тұруға мәжбүрлеген адам 7-12 жылға сотталуы мүмкін. Ал адам қайтыс болған жағдайда кінәлі адам 15жылға дейін бас бостандығынан айырылады.