Қазақстандық құқық қорғаушы Женевада өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді

"Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының өкілдері (солдан оңға қарай): Амангелді Шорманбаев (бағдарламалар директоры), Айна Шорманбаева (президент). Алматы, 6 қаңтар, 2025 жыл.

Құқық қорғаушы, "Халықаралық құқықтық бастама" қорының президенті Айна Шорманбаева Женевада әлдекімдер құжаттары бар сөмкесін тартып әкеткенін хабарлады. Құқық қорғаушының сөзінше, оқиға 20 наурызда Женевада полиция кеңсесінің алдында болған, бірақ ол жөнінде құқық қорғаушы бүгін мәлімдеп отыр.

"20 наурызда Женевада маған жасалған шабуылдан кейін Алматыда үйімде есімді жидым. Бұл менің адам құқығы саласындағы қызметіммен байланысты екеніне сенімдімін. Құдайға шүкір, үйге аман-есен оралдым, жұмысымды жалғастырып, қаланың көктемгі көркін тамашалап жатырмын" деп жазды құқық қорғаушы 21 мамырда Facebook желісінде.

Ол Азаттыққа берген түсініктемесінде оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

– Мен Шыңжаңдағы азаптау құрбандары бойынша кездесуге бара жатқанда, мотоцикл мінген екі еркек аяқ астынан арт жағымнан тыныш келіп, қолымдағы сөмкемді тарта бастады. Мен қарсыласып, бермеуге тырыстым, бәрібір тартып алып, қашып кетті. Сонда барлық құжаттарым, БҰҰ бейдж, банк карталары, кілттерім кетті. Бұл оқиға тура полиция кеңсесінің алдында болды. Енді полиция іс қозғап, тергеп жатыр. Мен қатты стресс алдым, бұл – өмірімде бірінші рет болған жағдай. Дәл Женевада болады деп ойлаған жоқпын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мен тұратын жерде мұндай қылмыс бұрын-соңды болмаған. Бұл – өте тыныш әрі қауіпсіз жер. Бірақ біздің жұмысымыз еш жерде қауіпсіз емес, – деді Айна Шорманбаева.

Оның сөзінше, ол бұл оқиғаны әріптестеріне хабарлаған.

– БҰҰ-дағы әріптестеріме дереу хабарладым. Барлық мән-жайды салыстырсақ, бұл трансұлттық репрессияға жатады. Өзім бұл шабуылды азаптау құрбандарын қорғағаным үшін және БҰҰ-мен тығыз жұмыс істегеніміз үшін жасалған өшпенділік әрекеті не кек алу деп санаймын, – деді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы наурыз айында Facebook-та Женевада азаптау құрбандарының құқығы туралы жаңа конвенцияның таныстырылымы болғанын, оны әзірлеуге Орталық Азиядан қырғыз музыканты Викрам Рузахунов екеуі қатысқанын да айтқан еді.

Викрам Рузахунов – Қазақстанда 2022 жылдың басында болған Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда азаптауға ұшырап, кейін азаптау ісі бойынша жәбірленуші деп танылған Қырғызстан азаматы.

Былтыр жыл басында Қазақстан соты "Азаптау" және "Лауазымды асыра пайдалану" баптары бойынша айыпталған алты полицейдің әрқайсысын үш жылға бас бостандығынан айырған еді. Бұрынғы полицейлер өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Ал жәбірленушілердің адвокаттары полицейлерге тым жеңіл жаза берілді деп санайды. Заңгерлер жәбірленуші деп 44 емес, 98 адам танылуы тиіс екенін де айтқан. Іс бойынша үш елден 44 азамат жәбірленуші деп танылған.

Шорманбаева басқаратын "Халықаралық құқықтық бастама" осы істе жәбірленушілерге құқықтық көмек көрсеткен.

"Халықаралық құқықтық бастама" – 2010 жылдан бері жұмыс істейтін қазақстандық қоғамдық ұйым. Мақсаты – адам құқықтары бойынша ақпарат беру, ағартушылықпен айналысу.