СІМ: БАӘ-да қаза болған екі қазақстандықтың сүйегі елге жөнелтілді

Шаржа қаласы.

28 тамызда Қазақстанның Дубайдағы бас консулдығы Шаржада қайтыс болған қазақстандықтар – апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың сүйегін елге жіберуді ұйымдастырды. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Жанболат Үсенов өзінің Telegram арнасында хабарлады.

Оның айтуынша, олардың қазасының мән-жайын БАӘ құқық қорғау органдары тергеп жатыр, ал қазақстандық дипломаттар Эмират прокуратурасы және БАӘ-нің басқа да тиісті органдарымен байланыста және отбасына қажетті көмек көрсетеді.

Бірнеше күн бұрын Қазақстан СІМ-нің баспасөз қызметі Шаржа қаласында 20 және 22 жастағы екі қыздың қаза болғанын хабарлаған.

Жақындарының айтуынша, қыз балалар ақша табу үшін БАӘ-ға барып, сұлулық салонында істеген және қыркүйек басында үйлеріне оралуы керек болған. Бірақ бір апта бұрын олардан хабар үзілген. Олардың мәйіті жалдаған пәтерлерінен табылған.

"Оларды барлық жерден іздедік, көші-қон полициясында шығар деп ойладық. Бірақ кеше бізге екі мәйіт табылғанын және олардың жақындарымыз екенін айтты. Оларды өлтірген. Сонымен бірге күдікті ұсталғанын айтты; ол да Қазақстаннан келген" деді марқұмдардың туысы Tengrinews.kz агенттігіне.

Қазақстандықтардың неден қайтыс болғаны және денелерінде күш көрсету белгілері бар-жоғы белгісіз.