Непалда су тасқынынан зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ деп мәлімдеді бейсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Жағдайды дипломаттар бақылап отыр деді ведомство өкілдері.
Министрлік күні бойы ақпарат жаңартылуы мүмкін екенін ескертті.
Бір күн бұрын Непалда Тибетпен шекараға жақын аумақта лай көшкіні жүріп, сел болды. Кемінде 162 адам қаза болды, 600-ге жуық турист із-түзсіз жоғалды. Арасында 28 елден 466 шетел азаматы бар.
Непалда жол, көпір, коммуникация мен гидроэнергетикалық инфрақұрылым бүлінген. Селдің салдарынан Қытайда да Гиронг порты бүлініп, шекараға жақын Шигадзе аймағындағы жолдарды, байланыс пен электр қуатын үзді.
Бұған дейін су тасқынына сәрсенбі күні таңертең болған кішігірім жер сілкінісі себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған. Бірақ AFP-дің жазуынша, АҚШ геологиялық қызметі кейінгі хабарларында жер сілкінісі болмағанын, ал тербеліс лай көшкінінен туындағанын жазған.