СІМ Ресейге нәпақа табу үшін барып, соғысқа алынған қазақстандықтардың үндеуіне реакция білдірді

Қазақстан СІМ 2 қазан кешке жариялаған мәлімдемесінде “соғыс қимылдары жүрiп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтардың туыстарынан келетін өтініштерді қабылдау үшін” министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Байланыс телефондарын мына жерден көруге болады.

“СІМ жағдайды назарда ұстап отыр” деп жазды министрлік өкілдері.

“Қазақстандықтарды Отанына қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында СІМ Ресей тарапымен консультацияларды жалғастыруда. Бүгін (2 қазан – ред.) Қазақстан сыртқы істер министрі Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездесті. Жақын арада Қазақстан Ресейдегі елшісі Ресей сыртқы істер министрлігінің және қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді” деп жазылған хабарламада.

Министрлік ақпарат құралдарынан тиісті байланыс деректерін таратуға жәрдемдесуді сұрады.

“Азаматтарды құқықтық қорғаумен қамтамасыз ету үшін министрлікке толық ақпарат, яғни олардың тегі мен аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері, сондай-ақ олар жасасқан еңбек шарттарының талаптары туралы мәліметтер қажет” деді.

Бұған дейін бірнеше қазақстандық Ресейге жұмысқа тұруға барып, өздерін соғысқа әкеткеніне шағымданып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді.

Олардың туыстары жақындарын Ресейден қайтара алмай отырғанын жеткізген. Солардың бірі Шымкент тұрғыны Перизат Елеусізованың сөзінше, ұлы Айнабек биыл тамыздың 27-сінде Ресейге күзетте жұмыс істеуге кеткен, бірақ көп өтпей соғысқа алынған.

"Маған хабарласып, «анашым мені құтқарыңызшы, қолыңыздан келгенше құтқарыңызшы немесе қашып кетемін» деді. Кейін «қашпа, балам», «атып өлтіреді екен» дедім, естіп жатырмын. «Елшілікке, бәріне шығып жатырмын жан-жаққа, балам, құтқару әрекет жасаймын», «тек қашпашы» дедім.... Түнде сағат 8-ден аса жазып жіберіпті, «анашым не болып жатыр, мені құтқарып ала аласыздар ма, не істеймін. "Алғашқы лекті соғысқа алып кетті, мені де бүгін-ертең әкетіп қалады, ертерек көмектесіңіздерші, әрекет жасаңыздаршы" деп жазыпты кеше түнде" деді анасы.

Бұған дейін Азаттық осы мәселеге қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сауал жолдаған. Ондағылар Ресейге қазақстандық Мирас Тасжарғановтың жағдайына байланысты нота жолдағынан айтқан.

Ресейге жұмысқа тұруға барған Орталық Азия елдерінің азаматтары бұған дейін де осыған ұқсас оқиғаларға тап болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Анашым, мені құтқарыңызшы". Ресей әскерінде жүрген тағы екі Қазақстан азаматы көмек сұрап отыр