СІМ соғысқа алынған қазақстандықтарды қайтару бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты

Қазақстан СІМ соғысқа алынған қазақстандықтарды қайтару бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жедел желіге өтініштер түсіп жатыр. Қазір әрбір адамға қатысты ақпарат тексеріледі.

“Тексеріс аяқталғаннан кейін тізім Ресей жағына жіберіледі” деді СІМ өкілдері.

Министрліктің айтуынша, Ресеймен келіссөз әртүрлі деңгейде жүріп жатыр. Ведомство елдің қазақстандықтарды соғыс ошақтарынан қайтару тәжірибесі барын еске салды.

Бұған дейін бірнеше қазақстандық Ресейге жұмысқа тұруға барып, өздерін соғысқа әкеткеніне шағымданып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді.

Олардың туыстары жақындарын Ресейден қайтара алмай отырғанын жеткізген.

Соғысқа әкетілуі мүмкін қазақстандықтардың бірі Алмас Қайсар жуырда Украинаның Луганск облысында Ресей әскерінің сапында соғысқа кетіп қалу алдында тұрғанын айтқан еді.

- Қазірдің өзінде [соғысқа] жібере бастады, бізден бір бала кетіп қалды. Біздің бәріне айтып жүргенімізге 10 күндей болып қалды, ешкім көмектесіп жатқан жоқ, тек «күтіңдер, күтіңдер» деп жатыр. Қазақстанға 3 күн көп болса, бізде үш күн өте аз-ақ уақыт. Біздің бір сағат уақытымыз бір минуттай өтіп жатыр. Қазақстан халқынан көмек сұраймыз, бізді алып кетіңіздерші. Менің қасымда менен бөлек тағы 9 адамдай қалды. Соның бірі Келдібек Айнабек, Тасжарғанов Мирас, Тельман Ақылбек, Абай Самат, Бармен (?) Николай, Қаражанов Бауыржан, Ақылбек Мұхаммеджан тағы да басқа балалар бар, – деді Алмас Қайсар.

Оның сөзінше, ол Ресейге күзетке жұмысқа тұру үшін биыл тамызда кеткен. Алайда қол қойған құжаты жұмыс істеуге емес Ресей атынан соғысуға берген келісім болып шыққан.

Қазан басында ведомство “соғыс қимылдары жүрiп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтардың туыстарынан келетін өтініштерді қабылдау үшін” арнайы желі жұмыс ашылғанын хабарлады. Байланыс телефондарын мына жерден көруге болады.

Ресейге жұмысқа тұруға барған Орталық Азия елдерінің азаматтары бұған дейін де осыған ұқсас оқиғаларға тап болған.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресейге жұмысқа барған шымкенттік жігіт майданға әкетпек деп жәрдем сұрады