Словакияда "адам ұрлады" деген күдікпен төрт қазақстандық ұсталды

Словакияда ұсталған қазақстандықтар туралы видеодан алынған скриншот.

Словакияда адам ұрлады деген күдікпен төрт қазақстандық ұсталды, оларға консулдық-құқықтық көмек беріліп жатыр деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

“Қазақстан сыртқы істер министрлігіне Словакияда төрт азаматы ұсталғаны белгілі болды. Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Жағдайды Қазақстан СІМ бақылауда ұстап отыр” деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Словакияның TN Live телеарнасының мәліметінше, оқиға Тренчин қаласында болған. Бес жігіт қарт әйелдің үйіне барып, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, оның немересін іздей бастаған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, ер адамды үйден тауып, ұрып-соққан. Шабуылдаушылар одан ақша бопсалаған болуы мүмкін.

TN Live жазуынша, полиция 18-21 жастағы Қазақстан азаматтарын ұстаған. Олар сондағы университетте оқыған деп айтылады. Оқиғаға тағы бесінші адамның қатысы болуы мүмкін деп айтылады, ақпарат анықталып жатыр. Тергеу жалғасып жатқаны хабарланды.