Киберқауіптерді қадағалаумен айналысатын халықаралық SOCRadar компаниясы даркнетте (интернеттің тасадағы желісі – ред.) Қазақстанның мемлекеттік органына тиесілі деп сипатталған, 16,6 миллион азаматтың жеке деректері бар база сатылатыны жөнінде хабарландыру жарияланғанын мәлімдеді.
SOCRadar-дың даркнетте мониторинг жүргізетін тобы жасырын алаңдардан бірнеше жазбаны анықтаған. Олардың арасында Қазақстанның Жоғарғы сотына (sud.kz) тиесілі болуы мүмкін деректер базасы да бар.
SOCRadar мәліметінше, Brose деген лақап аты бар сатушы бұл деректер жиынтығында 2014 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңді қамтитын 507 миллион жазба барын айтқан. Хабарландыру авторы деректер базасын 50 мың долларға (қазіргі бағаммен 22 миллион теңгеден астам) бағалаған.
Сатушының сөзінше, базада шамамен 16,6 миллион азаматтың жеке деректері, 13,3 миллион сот ісіне қатысушы туралы мәліметтер және 6,8 миллион компания жөнінде ақпарат жинақталған.
Ұрланған болуы мүмкін деректер мен базалар мазмұны туралы барлық мәлімет бастапқы материалда сатушылардың сөзіне сүйеніп берілген. Олардың шынайылығын растайтын өзге ақпарат жоқ. Алайда SOCRadar мамандары егер бұл база шынайы болып шықса, мұндай ақпараттың жариялануы жеке мәліметтерді ұрлау, қаржы алаяқтығы және тіркеу дерекқорына заңсыз кіру қаупін тудыруы мүмкін екенін ескертеді.
Қазақстанның цифрландыру министрлігі "Курсив" басылымына мән-жайды анықтап жатқанын айтқан. Жоғарғы сот та тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
Қазақстанда азаматтардың жеке деректерінің жаппай ұрлануы алғаш рет болып отырған жоқ. Былтыр жазда желіде 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке деректері жымқырылған болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Ол кезде үкімет "бұл деректер 2024 жылғы 1 мамырға дейінгі кезеңге тиесілі, жаңа деректер таралған жоқ" деп мәлімдеген еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Министр 16 млн қазақстандықтың жеке деректерінің тарағаны жөнінде: бұрын ұрланғанБұдан бөлек, SOCRadar Грекиядағы азаматтарға қызмет көрсетуге арналған электрон талондар жүйесінен деректер әлдекімдердің қолына түскен болуы мүмкін және Telegram қолданушылары туралы 26,5 миллион жазбадан тұратын деректер жиынтығы жөнінде хабарлама табылғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, зиянкес инфостилер бағдарламалардың көмегімен ұрланған деректер журналдарын және тіркеу мәліметтерін сатумен айналысатын Daxus есімді сатушымен байланысты хабарландыру да анықталған.