Ресей соғысқа қарсы комитеті: Мансур Мовлаев өзіне тағы да қол салмақ болған

Мансур Мовлаев

Қазақстанда қамауда отырған шешен белсендісі Мансур Мовлаев ауруханада тағы өзіне қол жұмсауға тырысты. Бұл жөнінде Ресейдің соғысқа қарсы комитеті хабарлады. Қазақстан бұған дейін Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Адвокаттары оны Ресейге экстрадициялауы мүмкін деп қауіптенеді.

15 қыркүйекте өзіне қол жұмсауға тырысқаннан кейін оны ауруханаға жеткізген еді. Заңгер Маргарита Кучушева оған уақытында медициналық көмек көрсетілгенін және өміріне ешқандай қатер жоғын айтқан еді. Екінші талпыныс сол күні болған.

Өзіне қол жұмсамас бұрын жазып қалдырған хатында Мовлаев "әділетсіздіктен қажығанын" айтқан. Ол сондай-ақ ресейлік белсенді, марқұм Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы қызметкері, қазір Қазақстанда тергеу абақтысында отырған Юлия Емельянованы Ресейге экстрадицияланудан құтқаруды сұраған.

Қыркүйектің ортасында Қазақстанның ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мовлаев жөнінде тараған ақпаратқа байланысты түсініктеме беруді сұраған Азаттықтың сауалхатына жауап бермеді.

Мансур Мовлаев 2025 жылдың мамыр айында Ресейдің сұрауы бойынша Алматыда ұсталған. Ресей билігі оған экстремизм айыбын тағып отыр. 2026 жылдың қаңтарында Қазақстанның Бас прокуратурасы оны Ресейге экстрадициялауды мақұлдаған.

Кавказ.Реалий сайтының дерегінше, 2020 жылы Мовлаев Шешенстанда заңсыз есірткі айналымы туралы іс бойынша сотталған. 2022 жылы шартты бостандық алып, қамаудан шыққан. 2022 жылдың тамыз айында оны Шешенстанның Шали аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тағы да ұрлап әкетіп, түрмеде ұстаған. Амалын тауып қашып шыққан Мовлаев Қырғызстан аумағына құжатсыз, заңсыз кірген. 2023 жылдың қазан айында Бішкек соты оны шекараны заңсыз кесіп өтті деген айыппен алты айға бостандығынан айырып, жазасын өтегеннен кейін депортациялау туралы үкім шығарған. Қамаудан босап шыққан соң Мовлаев Қазақстанға кеткен.

Ақпан айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанды Мовлаевтың шағымын қарағанға дейін оны Ресейге экстрадицияламауға шақырған. Осыдан кейін Қазақстанның Жоғарғы соты пана сұраған адамның ісі қаралып болғанға дейін экстрадицияны уақытша тоқтатқан.

Қазақстан соты Мансур Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартты. 11 қыркүйекте кассациялық сот төменгі соттардың шешімдерін күшінде қалдырды.

Биыл Мовлаевты қолдау тобы оның Шешенстандағы туыстарына қысым жасалғанын хабарлады. Маусым айында белсенділер оның бауырына зорлық-зомбылық көрсетілгенін және ата-анасы ұрланғанын мәлімдеді. Кейінірек Мовлаевтың адвокаты ата-анасы үйіне оралды деп хабарлады.