Сот Атбасар колониясының бұрынғы қызметкерлерінің бостандығын шектеді

Атбасар колониясы. Көрнекі сурет.

Қазақстанның солтүстігіндегі Атбасар қаласында колонияның бұрынғы 12 қызметкері "билігін асыра пайдаланды" деген айыппен сотталды. Олардың әрқайсысына екі жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұған дейін олар тұтқындарды жаппай ұрып-соғу ісі бойынша айыпталған еді. Жәбірленушілердің арасында азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев та болған. Алайда биыл мамырда айып «азаптау» бабынан «билігін асыра пайдалану» бабына өзгертілді.

Рақымшылық қолданылған бұрынғы қызметкерлердің тоғызы бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алып, пробациялық бақылауға қойылды. Тағы үшеуінің қамауда болған уақыты өтелген жаза ретінде есептеліп, жазадан босатылды.

Сотталғандардың барлығына үш жыл бойы Ішкі істер министрлігі жүйесінде жұмыс істеуге тыйым салынып, арнайы атақтарынан айырылды.

Ақмола облысының Атбасар аудандық соты колонияда жазасын өтеген сотталғандардың азаматтық талаптарын да ішінара қанағаттандырды. Үш адамға моральдық зиян үшін – 1,5 миллион теңгеден, тағы 17 адамға 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін өтемақы тағайындалды. Бұл қаражатты сотталған бұрынғы қызметкерлер ортақ жауапкершілік тәртібімен төлеуге тиіс.

Атбасар колониясындағы азаптау ісі бірнеше рет қайта қаралды.

  • 2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған.
  • Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
  • 2025 жылы ақпанда бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтаған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер бұған наразы болған.
  • Жәбірленушілердің арасында "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айыппен үш жылға сотталған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев та бар. 2024 жылы күзде Дәнебаев сотта куәлік беріп, түрме қызметкерлері оны қатты ұрып-соққаны соншалық, есінен танып қалғанын айтқан. Дәнебаевтың сөзінше, оны әжетханадағы еденді жууға мәжбүрлеген, бас тартқаннан кейін қатты соққыға жыққан. Оның айтуынша, оны әжетхананы жууға мәжбүрлеп, басын унитазға тыққан.
  • Ақмола облыстық соты бірінші инстанцияда шыққан үкіммен келіспей, оны апелляцияға берген. 2025 жылы сәуірде ақтау үкімі жойылып, іс бірінші инстанцияға қайтарылған еді. Алайда желтоқсанда Ақмола облыстық соты 12 қызметкерді қайта ақтағаны белгілі болған.
  • Тимур Дәнебаев 2025 жылы қыркүйекте бостандыққа шыққан.