Сот белсенді Санжар Боқаевты 10 жыл түрмеге жіберді

27 қарашада Алматының Алмалы аудандық сотында белсенді Санжар Боқаевқа үкім оқылды.

Сот белсендіні төрт бап бойынша кінәлі таныды – “алаяқтық”, “ұрлық”, “жалған ақпарат тарату”, “ағашты заңсыз кесу”. “Ақша жылыстату” бабы бойынша мерзім өтіп кетуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды. Бұған қоса, сот Боқаевты 10 жыл мерзімге БАҚ, әлеуметтік желі, журналистика, блогинг және жария қызмет салаларында қызметпен айналысу құқығынан айырды.

Оның туысы Мадияр Қалменов – 6 жыл 6 айға түрмеге жіберілді, бірақ істің мерзімі өтіп кетуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды. Ол "ірі көлемде алаяқтық" бабы бойынша кінәлі танылды.

Сот мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның бостандығын 2 жыл 6 айға шектеді. Сонымен қатар, 5 жыл мерзімге аталған қызметпен айналысу құқығынан айыру, пробациялық бақылау белгілеу және мәжбүрлі еңбекке тарту жазалары тағайындалды.

Бір күн бұрын прокурор белсендіге 12 жыл түрме жазасын сұраған еді. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Қалменовті жеті жылға қамауды өтінген. Ал қазан айында кінәсін мойындап, қамаудан үйқамаққа шығарылған мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның бостандығын екі жарым жылға шектелсін деген еді прокурор.

Прокуратура нұсқасы бойынша, Боқаев жиені Мадияр Қалменовпен бірге халықаралық автокеруен ұйымдастыруға бөлінген кәсіподақтың 42 миллион теңгеден астам қаржысын жымқырып, оның бір бөлігін жиһаз бизнесіне жұмсаған. Бұдан бөлек, ол Үлкен Алматы өзені жағасындағы гранит тақталарды ұрлауды және Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырған деп айыпталды.

Айыптау тарапының мәлімдеуінше, бұл әрекеттер кейін қоғамға заңбұзушылықтарды әшкерелеу ретінде көрсетілген. Видео түсіру үшін 16 ағаш кесілген. Сондай-ақ Боқаев қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды және көрінеу жалған ақпарат таратты деп істі болып отыр. Оның мобилографы Ұлан Нүсіпқожаға да көрінеу жалған ақпарат таратты, ағаш кесуге және гранит тақтасын ұрлауға қатысты деген айыптар тағылды.

Ал қорғау жағы белсендіні ақтауды сұраған. Боқаев соттағы соңғы сөзінде прокурор сұраған 12 жыл тым қатал шара екенін айтқан.

"Адам өлтіргені үшін де мұндай жаза бермейді. Мас күйде көлік жүргізіп, үш адамды өлтірген адам ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда 10 жылға сотталады [...] Айыптау актісінде де, прокурордың сөзінде де, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де өтірік пен манипуляция өте көп. Иә, өтіріктің шындықтан әрдайым басымдығы бар. Өйткені шындық күрделі: оны түсіндіріп, дәлелдеу керек. Ал өтірікті сенімді үнмен айқайлап айтсаң жеткілікті. Соған қарамастан, өтірікке, манипуляция мен жалған ақпаратқа сенбеген жандардың бәріне алғыс айтамын. Істердің қалай қолдан жасалатынын адамдар көрсін...» деген еді Боқаев. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.

  • Сот процесі 16 қазанда басталған. Белсенді тағылған айыптарды мойындамайды. Жақтастары оған қарсы іс ойдан құрастырылған деп санайды және мұны оның саяси белсенділігімен байланыстырады.
  • Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утилалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерді жөндеу жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы жөндеу жұмыстары мен құрылыс саласындағы мәселелер жайлы видеолары әлеуметтік желіде көп көрілген. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Боқаев Namys саяси партиясын тіркеуге тырысқан. Алайда ұйымды тіркей алмады.
  • Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Көп ұзамай елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.