Сот "экстремистік ұйым" деп таныған соң "Мемориал" Ресейдегі жұмысын доғаратынын жариялады

Ресей сотының шешімімен жабылған "Мемориал" адам құқығын қорғау орталығының Мәскеудегі кеңсесі (Азаттық архивіндегі фото).

"Мемориал" адам құқығын қорғау орталығы Ресейдегі жұмысын тоқтататынын жариялады. Ұйым ресми мәлімдемесінде Ресей соты оны экстремистік ұйым деп тануды сұраған Әділет министрлігінің талап-арызын жабық отырыста қарағанын, іске "өте құпия" деген белгі қойылғанын, ал адвокатты сот процесіне қатыстырмағанын айтқан.

9 сәуірде Ресей Жоғарғы соты "Мемориал" құқық қорғаушыларын "экстремистік ұйымдар" тізіміне енгізіп, орталықты "халықаралық қоғамдық қозғалыс" деп атады (шын мәнінде ондай құрылым жоқ) және Ресей аумағында оның қызметіне тыйым салды.

Құқық қорғаушылар "бұл заңсыз шешім Ресейдегі азаматтық қоғамға саяси қысым жасаудың жаңа кезеңін білдіреді", ал "Путин режимінің репрессиялық аппараты “Мемориалдың” түрлі ұйымдарының қатысушылары мен жақтастарын қудалай береді" деп мәлімдеді.

"Бүгіннен бастап "Мемориал" адам құқығын қорғау орталығы Ресей аумағында кез келген қызметін толық тоқтатады. Ресейде қызметкерлеріміз, мүшелеріміз я еріктілеріміз жоқ. Біз ресейлік карталардан донат қабылдамаймыз, өйткені бұл донорларымызға қауіп төндіруі мүмкін", делінген мәлімдемеде.

"Мемориал" адам құқығын қорғау орталығы өз адвокаты сот процесіне қатыстырылмағандықтан мемлекеттің нақты қандай айыптар тағып отырғанын күні бүгінге дейін біле алмай отырғанын айтады.

"Мемориал" — Совет одағындағы қуғын-сүргін мен Ресейдегі саяси қудалауларды зерттейтін ең көне ұйымдардың бірі. 1989 жылы орталықты құруға әйгілі совет диссиденті әрі адам құқығын қорғаушы академик Андрей Сахаров атсалысқан.

2021 жылғы 28 желтоқсанда Ресей Жоғарғы соты "шетел агенті" тізіміне енгізілген "Халықаралық Мемориал" ұйымын "шетел агенттері туралы заңды бірнеше рет бұзды" деген уәжбен жапқан. Келесі күні Мәскеу қалалық соты "Мемориал" адам құқығын қорғау орталығына қатысты да дәл сондай шешім шығарған.

2025 жылғы маусымда Мәскеудің Тверь аудандық соты "Мемориал" тарихи және құқықтық ағарту қорын таратты.

2023 жылы Швейцарияда құрылған халықаралық "Мемориал" қауымдастығы Ресей Жоғарғы соты жапқан "Халықаралық Мемориалдың" ісін жалғастырып, үздік жобаларын іске асырады деп хабарланған еді. Биыл ақпанда Ресей билігі ол қауымдастықты және Германиядағы Zukunft Memorial ("Болашақ. Мемориал") коммерциялық емес ұйымын "қалаусыз ұйымдар" тізіміне енгізді.

Ресейдің Қылмыстық кодексінде "экстремистік ұйым" қызметін ұйымдастырғаны, оған қатысқаны, қаржыландырғаны немесе символикасын көрсеткені үшін жаза қарастырылған. Мысалы, Алексей Навальныйдың Сыбайлас жемқорлықпен күрес қорына донат жіберген адамдар осы бап бойынша қудаланған.

Совет одағында билікке Михаил Горбачев келгеннен кейін басталған қайта құру және жариялылық саясатымен бірге дүниеге келген "Мемориал" қоғамының бейресми бөлімшесі советтік Қазақстанда да пайда болып, кейін ол "Әділет" тарихи-ағарту қоғамы болып құрылған еді. Қазақстандық "Әділет" қоғамы совет билігі тұсындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын түгендеп, олардың есімін ақтауға елеулі үлес қосты.