Сот Санжар Боқаевты қамауда қалдырды

Санжар Боқаевтың соты. Скриншот

22 қазанда Алмалы аудандық сотында белсенді Санжар Боқаев, оның видеографы Ұлан Нүсіпқожа мен Мадияр Қалменовтің бұлтартпас шарасын өзгерту туралы қорғау жағының өтініші қаралды. Судья Жанат Әбенова Боқаев пен Қалменовті қамауда қалдырды. Бұл жөнінде “Власть” жазды. Сот бұлтартпас шарасын өзгертуге “негіз жоқ” деді.

Ал Ұлан Нүсіпқожа денсаулығына байланысты үйқамаққа ауыстырылды. Қорғау жағы прокурорды ауыстыруды сұрағанмен өтініштері мақұлданған жоқ.

Видеограф Ұлан Нүсіпқожа өзінің адвокаты Сергей Кимнан бас тартты. Адвокаттар Нүсіпқожа өз еркімен адвокатынан бас тартқанына күмәнданады, олар оған қысым жасалуы мүмкін деп санайды. Нүсіпқожаға мемлекеттік адвокат тағайындалды. Жаңа адвокат Ұлан Нүсіпқожа "тағылған айыппен келіседі" деп мәлімдеуге тырысқан, алайда судья оны тоқтатып, қазір өтініштер қаралып жатқандықтан мұндай мәлімдеме жасауға әлі ерте деген.

Журналистер отырған бөлмедегі экранның дыбысы әлі де нашар екенін айтады.

Белсенді Санжар Боқаевтың соты 16 қазанда басталған. Санжар Боқаевқа бес бап бойынша айып тағылған: “алаяқтық” (190-бап), “ұрлық” (188-бап), “қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру” (218-бап), “ағашты заңсыз кесу” (340-бап), “жалған ақпарат тарату” (274-бап).

Ол наурыз айынан бері қамауда отыр. Жақтастары істің саяси астары барын айтады. Олар наурыздың аяғында Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Боқаевтың ісін ашық сот отырысында қарауды және тікелей эфирден көрсетуді талап еткен.