Спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның шағымына жауап берді

Бибісара Асаубаева

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев 10 маусымда кешке қарай брифинг өткізіп, шахматшы Бибісара Асаубаеваның президентке үндеуіне қатысты түсініктеме берді.

Оның алдында шахматтың блиц түрінен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов «жалақысын үш есе қысқартып тастағанын» айтқан. Ол «шахматтағы жетістіктеріне қарамастан министрлік тарапынан көмек болмай отыр» деді.

“Мықты турнирлердің бірі Norway Chess-2026 аяқталды. Онда бірінші орынды иелендім. Осы маңызды турнирге арналған жаттығулар өзімнің жүлде қорым мен ата-анамның қаражаты есебінен төленді. Біз әлі күнге дейін сол турнирдің секунданттары мен аналитиктеріне ақы төлеген жоқпыз” деді үш жарым минуттық видеоүндеуінде Асаубаева.

Ол әлі күнге дейін өзіне берілген мемлекеттік орденді ала алмай отырғанын да жеткізген.

Сәрсенбі күнгі брифинг кезінде вице-министр Серік Жараспаев шахматшының жалақысын қысқарту бұл министрліктің шешімі емес екенін айтып, оны 2025 жылы күшіне енген заңмен байланыстырды. Оған сәйкес, шахмат – мемлекет басымдық берген салалардың қатарына кірмейді.

Жараспаевтың айтуынша, спортты қолдау қорынан Асаубаева барлығын қосқанда 242 млн теңге алған. 2024 жылы – 63 млн, 2025 жылы 79 млн, 2026 жылы – 100 млн. Вице-министрдің сөзінше, "бір спортшы үшін бұл жеткілікті қолдау".

Оның сөзінше, шахмат федерациясы және өзге де ұйымдар көрсеткен қолдауды есептегенде, былтыр Асаубаева 160 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алған, ал биыл – 210 млн теңге.

Вице-министр "спортшының тығыз кестесіне байланысты" мемлекеттік орденді әзірге Асаубаеваға бере алмағанын, Қазақстанға оралған кезде тапсырылатынын жеткізді.

Асаубаева – қазіргі министрлікті қаржы мәселесіне қатысты айыптаған екінші спортшы. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров та «айлығын ала алмай жүргенін» айтып, мәлімдеме жасаған еді.