Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны "шетелдегі қақтығысқа қатысқаны үшін" алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде ҚазТАГ жазды.
"Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша кінәлі деп танылсын, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын" деп жазылған Қызылжар аудандық сотының үкімінде. Сот үкімі 2026 жылдың 17 ақпанында шыққан.
Сот материалдарына қарағанда, 25 жастағы Евгений Люфт 2025 жылы ақпанда Петропавлдан Ресейге барған. Ресей қорғаныс министрлігімен бір жылға келісімшартқа қол қойып, соғыс аймағына барған.
2025 жылдың ақпаны мен сәуірінде ер адам Украина әскеріне қарсы соғысқан. Сәуірде минадан жарақат алып, емделген. Осыдан кейін өз бетінше әскери бөлімнен кетіп, Қазақстанға оралған. Ізінше ұсталған.
Сотта Люфт өзіне тағылған айыппен келіспей, өзінің Ресей азаматы екенін айтқан. Дегенмен сот үкіміне қарағанда ол Ресей азаматтығын 2025 жылы 27 маусымда алған, яғни соғысқа қатысқаннан кейін ғана алған.
Сот үкімі күшіне енбеген.
Қазақстан заңнамасы бойынша, шетелдегі соғысқа қатысқандар жазаланады. Елде бұған дейін де Украинадағы соғысқа қатысқандар сотталған. Қазақстанда бір жылда Украинада Ресей әскері қатарында соғысқандарға қарсы 700 қылмыстық іс қозғалған. Бұл рекорд деп жазды "Прощай, оружие" жобасымен бірге есептеген "Медиазона" былтыр желтоқсанда.