Стамбұлда қуатты зілзаладан 150-ден астам адам зардап шекті

6,2 магнитудалы жер сілкінісінен кейін далада жүрген тұрғныдар. Стамбұл, 23 сәуір 2025

Сәрсенбі күні Стамбұлда болған 6,2 магнитудалы жер сілкінісінен 150-ден астам адам зардап шекті. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі жазды.

Ресми мәлімет бойынша, жер сілкінісінің ошағы Стамбұлдың батысынан 80 шақырым жерде Мәрмәр теңізінде орналасқан.

23 сәуірде бірінші жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 12:13-те тіркелген. Оның магнитудасы 3,9 болған. Бұдан кейін 6,2 магнитудалы қуатты зілзала сағат 12:49-да болған. Оның тербелісі көрші қалаларда – ел астанасы Анкарада, Болгария астанасы Софияда сезілген. Әлеуметтік желіде халықтың ғимараттардан жүгіріп шығып, далада жүргені, кейін ішке кіруге қорқып жүргені жөнінде видеолар тарады.

Билік кешке қарай бір тәулікте 180-нен астам афтершок болғанын хабарлады. Кейбірінің магнитудасы 5,9-ға дейін барған.

Стамбұл губернаторы кеңсесінің мәліметінше, кемінде 151 адам жарақаттанған. Көбі қорқып, биік ғимараттардан секіріп кеткен. Олардың өміріне қауіп жоғы айтылды.

Қазақстан СІМ Түркияда жүрген қазақстандықтардан шағым-өтініш түспегенін хабарлады.