Стив Уиткофф: ирандықтар 11 ядролық бомбаға жеткілікті уран бар деп бөскен

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзге қатысуға келген АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф. Женева, Швейцария, 26 ақпан, 2026 жыл.

2026 жылдың басында АҚШ-пен келіссөздің алғашқы кезеңі барысында Иран өкілдері Тегеранның 11 ядролық бомба жасауға жеткілікті байытылған уран қоры барын мәлімдеген. Мұны сол келіссөзге АҚШ атынан қатысқан, президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Fox News арнасына сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, ирандықтар Тегеранда 60 пайызға дейін байытылған 460 килограмм уран барын, олардың есебі бойынша, бұл 11 ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті екенін "еш қымсынбастан" мәлімдеген. Иран өкілдері мұнысын "мақтан тұтып", түрлі бақылау хаттамаларын айналып өте алғанын да айтты деген АҚШ президентінің арнайы өкілі.

Уиткофф келіссөздердегі Иранның ұстанымы оның ядролық бағдарламасы бойынша "әділ келісім" жасауға мүмкіндік қалдырмағанын айтты. "Оның мүмкін еместігі – шамасы, екінші кездесудің аяғына қарай – сол кезден-ақ айқын болды", деді ол. АҚШ пен Иран Оманның араағайындығымен жанама келіссөздің үш кезеңін өткізді, соңғысы 26 ақпанда Женевада, Израиль мен АҚШ Иранға шабуыл жасардан екі күн бұрын өтті. "Біз үшінші кездесуге оларға соңғы мүмкіндік беру үшін оралдық", деді Уиткофф, алайда үшінші кездесу де нәтижесіз аяқталды.

АҚШ Иран ядролық қаруға ие болмауы керек деген талап қойып келеді. Тегеран билігі ондай мақсат көздемейтінін мәлімдегенімен, уран байытуға құқылы екенін айтып, өз дегенінен қайтпай отыр – ол әрекет қысқа мерзім ішінде ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті қор жинауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Былтыр жазда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасап, оларға елеулі залал келтіргенін мәлімдеген еді. Алайда Тегеранның байытылған уран қорының тағдыры белгісіз болып қалды. Уиткоффтың сөзінен (Иран өкілдері әзірге бұған түсініктеме берген жоқ) ол қор жойылмағаны және Иран билігінің бақылауында қалғаны аңғарылады.