Украина мен Ресей 2026 жыл басталғалы бері алғаш рет тұтқын алмасты, әрқайсы 157 адамын қайтарып алды. Бұған Біріккен Араб Әмірліктері арағайындық жасады.
Ресей тұтқынынан босап шыққандар арасында Украина қарулы күштерінің 150 әскери қызметшісі және 7 азаматтық тұлға бар. Олардың көбі Мариупольді қорғау кезінде басқыншылар қолына түскен.
"Бүгін бостандыққа шыққан 139 украин азаматы 2022 жылдан бері Ресей тұтқынында болды. Ең жас қорғаушы 23 жаста. Ол 19 жасында Мариупольді қорғау кезінде тұтқынға түскен. Ресей соты жас жігітті "өмір бойына қамау" туралы заңсыз үкім шығарған. Тұтқыннан бүгін босап шыққандардың ең үлкені – 63 жаста", – деп хабарлады әскери тұтқындармен жұмыс істейтін украиналық үйлестіру штабы бейсенбі күні.
Ресейлік ТАСС агенттігі Украина тұтқынынан босап, елге қайтарылған ресейліктер арасында Курск облысының үш тұрғыны бар деп хабарлады.
Бұның алдында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Әбу-Дабиде өткен үшжақты келіссөздер қорытындысы бойынша АҚШ, Украина және Ресей 314 тұтқынды алмасуға келіскенін мәлімдеген еді.
"Бұл кейінгі бес айдағы алғашқы осындай алмасу" деп жазды Уиткофф X әлеуметтік желісінде. Оның айтуынша, келісім "егжей-тегжейлі әрі нәтижелі бейбіт келіссөз барысында" жасалған.
"Алда атқарылар жұмыс әлі көп болғанымен, мұндай қадамдар тұрақты дипломатиялық байланыс нақты нәтиже беріп, Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған күш-жігерді ілгерілетіп отырғанын көрсетеді", – деді ол.
Уиткофф тараптар талқылауды жалғастыратынын және алдағы апталарда "ары қарай да прогресс болады" деген үміт барын айтты.
Бұған дейін, сәрсенбі күнгі кешкі үндеуінде Украина президенті Владимир Зеленский жақын уақытта Ресеймен әскери тұтқын алмасу жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Ол Әбу-Дабиде Украина, АҚШ және Ресей делегациялары арасындағы келіссөздің алғашқы күнінің қорытындысын хабарлаған.
Бейсенбі, 5 ақпан күні Әбу-Дабидегі үшжақты кездесу жалғасты.
"Біз осыған дейінгідей форматта – үшжақты кеңесулер, топтардағы жұмыс және ұстанымдарды кейінірек келісіп жұмыс істеп жатырмыз" деді Украина делегациясының жетекшісі Рустем Умеров.
Сәрсенбі күні Киев Әбу-Дабидегі келіссөздерді "мазмұнды және нәтижелі" деп сипаттағанымен, айқын серпіліс болған жоқ деп жазған France-Presse агенттігі. Кремль келіссөздің алғашқы күнгі қорытындысы бойынша түсініктеме берген жоқ.
Зеленский Украина ұстанымы "өте айқын" екенін айтқан.
"Соғысты шынайы түрде аяқтау қажет. Ресей соған дайын болуға тиіс. Сондай-ақ серіктестер де қауіпсіздік кепілдіктері мен басқыншыға нақты қысым көрсету арқылы бұған дайын екенін дәлелдеуі керек. Ресейліктердің бәрін өз пайдасына қолданып, шабуылын жалғастырмайтынын, жағдай бейбітшілікке қарай өзгеріп жатқанын Украина халқы сезінетіндей болу керек", – деп мәлімдеді ол.
Сәрсенбі күні France 2 телеарнасында шыққан сұхбатында Владимир Зеленский Украина үшін басты басымдық – соғыс әрекеттерін тоқтату екенін айтып, белсенді дипломатия мен келіссөздер арқасында бір жыл ішінде бейбіт келісімге қол жеткізуге болады деп үміт білдірді.
Украина президенті дипломатиялық жол "капитуляция немесе Ресей ультиматумдарын қабылдау дегенді білдірмейтінін" атап айтты. Зеленский Мәскеудің украин әскерін Донбасстан толық шығару туралы талабы – "қызыл сызық" болып отырғанын айтты.
Сол сұхбатта Зеленский төрт жылға созылған соғыс барысында майданда қаза тапқан украин сарбаздарының саны шамамен 55 мың адам, одан бөлек, ресми түрде хабар-ошарсыз кеткен деп саналатын "адам саны да көп" деп мәлімдеді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сәрсенбі күні Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде шешілмеген мәселелер тізімі айтарлықтай қысқарғанын айтты.
"Біз нақты ілгерілеуге қол жеткіздік деп санаймыз. Украина мен Ресей арасындағы аймақтық бейбіт келісім аясындағы былтырғы және қазіргі ашық мәселелер тізімін салыстырсақ, ол едәуір азайды", – деді Рубио.
Ол АҚШ келіссөз процесіне адалдығына бейіл екенін айтып, қарулы қақтығыстарды тоқтату жөніндегі келіссөздерде кейде жағдай тығырыққа тірелгендей көрінген сәтте күтпеген жерден серпіліс болуы мүмкін екенін де атап өтті.
- АҚШ-тың араағайындығымен өтіп жатқан бейбіт келіссөздердегі негізгі тақырыптардың бірі – жер мәселесі. Ресей президенті Владимир Путин Донбассты Ресейдің "тарихи аумағы" деп атаған және оны әскери немесе өзге жолмен қайтаруға ниетті екенін айтқан. Киев украин күштерін Донбасстан шығару жайлы Ресейдің талабын қабылдамайтынын мәлімдеп, қауіпсіздік кепілдіктері берілсін, соның ішінде одақтас елдердің әскери күштерін орналастыру мүмкіндігі қарастырылсын деген талап қойып отыр.