Қазақстандық әдебиет сыншысы, режиссер әрі сценарист Ғалым Доскен 66 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы 11 қараша күні әлеуметтік желіде журналист Болат Мүрсәлім жазды.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген Ғалым Доскен 2000-жылдардың бірінші жартысында Қазақстанның республикалық телевидение және радио корпорациясы акционерлік қоғамын басқарды, кейін "Ел" продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі болып істеді.
Ол "Ұлы дала астаналары", "Жоғалған жарық хроникасы", "Сәулені күту" фильмдерінің, "Билейтін құс", "Тоғыз құйрықты ақ түлкі", "Сиқырлы флейта" кітаптарының және "Жезтырнақ" балеті либреттосының авторы ретінде танылды.