Қазақстанда билік өкілдері 2024 жылдың табыс декларациясын жариялап жатыр. Бірақ әуелде айтылғандай лауазымды тұлғалардың сатып алған не иелігіндегі жылжымайтын мүлкі, шотындағы қаржысы туралы ақпарат жоқ. Мұның барлығы мемлекеттік кірістер комитетіне ғана мәлім. Ал қоғам шенеунік отбасының есепте көрсетілетін жыл ішінде қосымша тапқан табысын ғана көре алады. Ресми жарияланған тізімнің алғашқы легіндегі шенеуніктердің көбінің табысы 0 теңге деп көрсетілген. Мемлекет шенеуніктердің табысын, мүліктерін, бар ақшаларын неге жарияламай отыр?
Былтыр жыл басында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл" туралы заңның 11-бабының 9-тармағы күшіне енді. Оған сәйкес, саяси мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, "А" корпусына кіретін мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, судьялар және олардың жұбайлары ұсынған декларация мәліметі жариялануы керек. 10 күн бұрын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жаңа бұйрық шығарып, жарияланатын ақпарат тізімін қысқартып тастады. Енді олардың отбасылық кірісінің жалпы сомасы ғана көрсетіледі, ресми жалақы табысы бұған кірмейді. Лауазымды тұлғалардың меншігінде Қазақстанда, шетелде қандай жылжымайтын мүлік, шоттарында қанша қаражат бары ашыққа шықпайды. Бұған дейінгі тізімде бұлар болған еді. Қаржы министрлігі қызмет бабына сәйкес президент, премьер-министр, парламент спикерлері, күштік құрылым басшыларының декларациясы жарияланбайды деп хабарлаған.
ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ДЕКЛАРАЦИЯДАҒЫ ТАБЫСЫ – 0 ТЕҢГЕ
Қазірге дейін жария болған шенеуніктер отбасының кірісі туралы ақпарат қысқа-нұсқа ғана. Табыс қайдан келгені де түсіндірілмейді. Бұдан бөлек табыс декларациясын барлық адам жариялап жатқан жоқ. 2024 жылы дербес салық төлейтін операция жүргізгендердің дерегі ғана бар. Әзірге 2024 жылы ең көп табыс тапқан былтырға дейін Алматы қаласын басқарған, қазір президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаевтың отбасы. Оның әйелі Гүлнар Досаеваның кірісі 2,3 млрд теңгеден асады. Досаевтың табысы – 14 млн теңге.
Your browser doesn’t support HTML5
Кімдердің декларациялары жарияланды?
Президент көмекшісі Қуанышбек Есекеевтің, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің, президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұмановтың, президент көмекшісі Алексей Цойдың, вице-премьер Серік Жұманғариннің, экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың, қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіровтің, қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың табысы 0 теңге деп көрсетілген. Бірақ әйелдерінде табыс бар.
Қазақстанда мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілердің тізімінде президент жоқ. Сондықтан ол табыс декларациясын тапсыратындар қатарына кірмейді деген былтыр жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігі. Бұған дейін Азаттықтың ресми сауалдарына президент әкімшілігі "Қазақстан президентінің жалақысы құпия мәлімет" деп жауап берген.
ДЕКЛАРАЦИЯДА КӨРСЕТІЛЕТІН АҚПАРАТ НЕГЕ ҚЫСҚАРЫП ҚАЛДЫ?
Елдегі табыс декларациясын жариялау мәселесін зерттеуші журналист, Vlast сайтының бас редакторы Вячеслав Абрамовпен талқыладық. Ол мемлекеттің шенеуніктердің дүние-мүлкі туралы ақпаратты толық жария етуден бас тартуын әуелі көздеген мақсаттан тайқу деп бағалайды.
Азаттық: Декларациялар шенеуніктердің нақты әл-ауқатын қаншалық шынайы көрсетеді? Табыс декларациясы шенеуніктің туыстарының атына рәсімделген активтерді, офшор мен шетелдік шоттарды толық қамтымайды. Мемлекеттің шенеуніктердің жасырын активтерін анықтайтын нақты қандай құралы бар? Мұнда декларация тек формалды рәсім бе?
Вячеслав Абрамов
Вячеслав Абрамов: Меніңше, мемлекеттің шенеуніктердің нені иеленіп отырғаны туралы ақпараты да, оны біліп отыратын әлдебір құралдары да бар. Себебі жыл сайын табысты да, активтерді де жасыру қиындап келеді. Жасырып қалу 1990-жылдары мүмкін болған шығар, ал қазір мұны істеу әлдеқайда күрделі әрі оған қомақты қаражат керек. Мұны кез келген адам істей бермейді. Мысалы, кез келген қарапайым шенеуніктің Лондонда отыратын, айталық, Британияның Виргин аралдарына жауап беретін, бүкіл схеманы ұйымдастырып, байлығын жасыру үшін Анголадан, Колумбиядан немесе Бангладештен шыққан бір адамды тауып, директор қылып қоятын мықты заңгерлерді жалдауға мүмкіндігі жетпейді. Мұны жағдайы жақсы, ақшасы көп, бәрін жасыруға тырысқан адамдар ғана жасайды. Әрине, жасыра да алады. Бұл біздің мемлекеттің ақымақтығынан емес, бұл әлемде әлі де көзге таса қалуға мүмкіндік беретін юрисдикциялардың болғандығынан. Алайда декларациялау мәселесінің екінші, меніңше, маңыздырақ тұсы бар. Мемлекет кейінгі жылдары қарапайым азаматтардың табысын, мүлкі мен активтерін декларациялауға міндеттеп, ақпарат жинап келеді. Ал шенеуніктерден ақпарат жинауды одан бұрын бастаған. Демек, алғашқы толқында шенеуніктер пәтерлерінің, көліктерінің және декларациялауға тиіс өзге де мүліктерінің нақты тізімін тапсырды. Ал қазір ше? Бізге, қарапайым азаматтарға, бір жыл ішінде не өзгергені туралы ғана ақпарат беріледі. Тиісінше, декларациялар тек бірдеңе сатқан я сатып алған не биржада табыс тапқан я болмаса қандай да бір активтерін сатқан шенеуніктерде ғана пайда болады. Бұл міндетті түрде көлігі не жылжымалы мүлік болмауы мүмкін. Бұл ақпараттар бастапқыда көзделген қоғамдық бақылау үшін аса мәнді болмай қалады. "Қызық емес" деген сөзді қолданғым келмейді, бірақ олар аса маңызды емес. Өйткені іс жүзінде, жүйе ашық болуы үшін азаматтар кез келген министрдің қанша пәтері, көлігі я гаражы бар екені, өзінің я жұбайының банктегі шотында жатқан 4 000 теңгесі мен 1 500 доллары жайлы ақпаратты ала алуы керек. Әлемнің көп елінде осындай. Ал бізде ше? Бір шенеуніктің жұбайы бір жылда 93 млн теңге тапқан деген ақпаратты ғана аламыз, болды. Ал ол шенеуніктің қолында, шын мәнінде, не бар екенінен бейхабармыз. Міне, бұл әлдеқайда маңызды. Маған журналист ретінде де, азамат ретінде де, біреудің жұбайы биржада не қандай да бір активтерді сатып, 90 млн не 190 млн теңге тапқанын білуден гөрі, осыны білу маңыздырақ болар еді. Әрине, инвестиция салып, табысты бизнес жүргізіп отырған өте табысты әйелдер үшін қуанамын. Бірақ бұл шын мәнінде өте шартты, формалды ашықтық. Бұл тәсіл қоғамдық бақылауға да, активтерді қадағалауға да, шенеуніктердің қалай өмір сүріп жатқанын түсінуге де мүмкіндік бермейді. Бұл — сыбайлас жемқорлықпен күресетін адамдар күткен, талап еткен декларациялау емес.
Азаттық: Егер қоғам биліктегі лауазымды тұлғалардың декларацияларының шынайылығын тексере алмаса, ашықтық туралы сөз қозғауға бола ма?
Вячеслав Абрамов: Жоқ, әрине, мұндай жағдайда ешқандай ашықтық туралы сөз бола алмайды. Өйткені іс жүзінде, егер мемлекет шын мәнінде ашықтықты қамтамасыз еткісі келсе, оны бір минуттың ішінде-ақ жасай алар еді. Осы тұрғыда Азаттықтың Назарбаев отбасының шетелдегі үйлеріне қатысты зерттеуін атап өткім келеді. Өйткені журналист жер кадастрларының деректер базасын жүктеп алған. Ол кейін жабылып қалды. Мемлекет мұнысын кейбір коммерциялық құпиялар мен жеке мәліметтерге сілтеп түсіндірді. Әлемнің көп елінде мұндай деректер ашық, ал Қазақстандадың кейбір бөліктері ғана қолжетімді. Өкінішке қарай, бұл жартылай ашықтық. Мемлекет ашықтық туралы көп айтып келеді. Кейінгі 20 жыл бойы мемлекет сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресіп жатырмыз, қоғамның кейбір процестерді бақылауына мүмкіндік береміз деп мәлімдеді. Алайда шын мәнінде шенеуніктердің қандай активтері бар екені, кімге тіркелгенін бақылау мүмкіндігі болмаған, бола қоймай ма деп қорқамын. Жақын арада қандайда бір өзгеріс байқалмайды. Керісінше, деректер базалары біртіндеп жабылып жатқанын көріп отырмыз.
Азаттық: Қазір жарияланған декларация деректерін қарап отырсақ, 2024 жылы қосымша салық төлейтін әрекет жасаған адамдардың ғана табысы беріліп отыр. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің А корпусына кіретін жүздеген адамның бір бөлігі ғана. Қалғандары жайлы ештеңе жоқ. Әуелі табыс декларациясы арқылы шенеунік отбасының бар табыс, мүлкін қоғам алдында ашық ету мақсаты қойылған еді. Жарияланатын ақпарат тізімі неге азайып қалды деп ойлайсыз?
Вячеслав Абрамов: Бастапқыда декларациялау ойластырылған кезде, меніңше, мемлекет айтарлықтай тапқыр формула барын түсінбеген шығар деп ойлаймын. Мемлекет керемет формуланы тауып, салық декларациясын, шын мәнінде, декларация емес, активтердің қозғалысын көрсететін құжатқа айналды. Яғни, тек бірдеңе сатылғанда немесе сатып алынған кезде ғана декларацияланады. Бұл – ашықтыққа қарсы мемлекет үшін мінсіз формула. Менің ойымша, бұл идеяның авторы "Құрмет" орденіне лайық, өйткені ол қоғамнан ақпаратты жасырып, әлемге "Бізде декларация бар, ашық декларация бар" деп көрсетуге мүмкіндік берді. Себебі біз әлі күнге дейін олардың нақты жалақысын не активтерін білмейміз. Бізге олардың мекенжайлары, көліктерінің нөмірлері қажет емес, бізге олардың иелігіндегі не барын білу маңызды. Мұның бәрі мемлекеттің декларациялау идеясын алғаш талқылағаннан бері ашықтыққа мүдделі емес екенін көрсетеді. Өйткені онда президенттің, премьер-министрдің және басқалардың қанша табатынын жариялауға тура келеді. Ал мемлекет бұл ақпаратты жариялағысы келмейді. Себебін білмеймін. Шынын айтсам, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, шенеуніктің көп айлық алатыны айтарлықтай үлкен дау тудырмас та еді. Мысалы, Сауд Арабиясында министрлер жылына бірнеше миллион доллар алады, айына 10 мың немесе мың доллар алатындар да бар ғой. Сондықтан сіз де табысыңызды түсіндіруіңіз керек, 16 пәтерге ақшаны қалай таптыңыз деген сұрақтарға жауап беру керек. Ашық қоғамда мұндай мәселелер талқыланады.
Азаттық: Байқасаңыз, көп жағдайда биліктегі азаматтардың әйелі табысты кәсіпкер болып шығады. Өмір бақи кәсіпте келе жатқандар да барын жоққа шығаруға болмайды. Дубайдағы қазақстандықтарға тиесілі мүліктер туралы Азаттық зерттеуінде де көп мүлік олардың әйелдерінің атына жазылған болып шықты. Мүлікті, бизнесті әйелінің атына жазу тенденциясы туралы не айтасыз?
Вячеслав Абрамов: Бұл жерде тек жұбайлардың ғана емес, отбасы мүшелерінің әлдеқайда кең ауқымының декларацияларын көруге мүмкіндік алғанымызды қалар едім. Өйткені іс жүзінде біз, шамасы, 10–15-тен аспайтын ғана мысалды көрдік: яғни, кейбір шенеуніктер өз жұбайларының атына белгілі бір акциялар немесе активтер рәсімделгенін, не олардың биржада қандай да бір сауда жасап, соның нәтижесінде былтыр не бірнеше жыл ішінде табыс тапқанын көрсеткен жағдайлар. Ал шындығында, әлі күнге дейін көбінің Қазақстандағы да, шетелдегі де мүлігі мен үлестері жұбайларының атына емес, басқа адамдардың атына жазылады. Олар, міндетті түрде, ата-аналар болмауы да мүмкін — аға буын туыстары, нағашы-жиендер, ағайын-туыс, жұбайының бауырлары, әпке-інілері және тағы басқалар болуы мүмкін. Яғни, шенеуніктер өз активтерін сенетін адамдарына рәсімдейді. Әрине, кейін кейде сенімін жоғалтып, туыстардың арасы бөлініп, соттасқандарды да көрдік. Мұның бәрі бар және бола береді. Мемлекет те бұл ортаның толық ашық болуына түбегейлі мүдделі емес екенін түсінеміз. Шенеуніктердің өздері де қаншама жылжымайтын мүлікке не шетелдегі қаншама активке ие екенін көрсетуге дайын емес. Бұл жерде мемлекет іс жүзінде шенеуніктердің туыстарына кәсіппен айналысып, ақша тауып, баюға тыйым салмайды.
Меніңше, бұл жерде біз біртүрлі "ойын" ойнап жүргендейміз: сіздің нақты қанша жалақы алатыныңызды да, қаншалықты бай екеніңізді де біз толық білмейміз, бірақ сонымен бірге баспасөз конференцияларында 15 адамнан тұратын отбасыға айына азық-түлікке 200–300 мың теңге жұмсайтыныңызды айтып бересіз, ал біз сол ертегіге сенуіміз керек. Шын мәнінде, мемлекет бұл мәселелерді түбегейлі шешуге аса мүдделі емес. Өйткені егер сіз заңсыз ештеңе істемесеңіз, мұнда ешқандай проблема жоқ қой. Ал егер керісінше болса, онда неге әлі күнге дейін мұндай әрекеттерге жол беріліп отыр? Міне, мәселе осында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Дымы жоқ кедей болып шығады". Биліктің шенеуніктер табысын жариялау жайлы уәдесі әлеуметтік желіде күлкіге қалдыАзаттық: Жалған декларация үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет пе? Қазақстанда бұл әрекет үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Көп елде активтерді қасақана жасыру – қылмыстық құқық бұзу. Жалған декларация тапсырғаны үшін қатаң жауапкершілікті енгізуге не кедергі?
Вячеслав Абрамов: Менің ойымша, саяси жүйе, мемлекет, бұл мәселеге мүдделі емес. Кодексте бұл үшін жаза қарастырмаудың жалғыз себебі – осы. Құқықтық кодекске енгізу түрмеге қамауды білдірмейді ғой. Айыппұл не қоғамдық жұмыспен жазалауға болады. Мысалы, министрді қоғамдық жұмысқа салса өте тиімді болар еді. Алайда мемлекетке бұл қажет емес. Жалған дерек тапсыруға жауапкершіліктің болмауы мемлекеттің ашықтыққа мүдделі еместігін көрсетеді. Теориялық тұрғыда, болашақта қоғам ашықтыққа келер. Қазақстан ашық елге айналғанда министрлер мен әкімдер өз активтерін, табысы мен инвестицияларын ашық көрсетеді және сол кезде декларациядағы жалған ақпарат үшін жауапкершілік пайда болады. Қазір көріп отырғанымыздай, жүйе барынша жабық болып қалуға тырысып отыр.
БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАЛАЙ?
Әлемдегі жемқорлық оқиғаларын зерттейтін OCCRP ұйымының дерегінше, Орталық Азияда президенттен бастап үкімет мүшелері, депутат, одан да төмен лауазымдағы тұлғалары табысын ашық жариялайтын жалғыз ел - Қырғызстан. Заң бойынша, мәліметті мемлекеттік салық қызметі жыл сайын жаңартып отырады. Бірақ бұл елде де механизм мінсіз емес. Декларация кей жылдары тым кешігіп жарияланады. Кейде президенттің табысы ашық айтылады, кейде тізімге енбей қалады. Мәселен, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың 2023 жылғы табысы 2 млн 760 мың сом (шамамен айына 2,5 мың доллар). Бірақ одан кейінгі жылдардағы ақпаратта Жапаровтың кірісі жөнінде толыққанды дерек шықпады.
Ресейде үкімет мүшелерінің, мемлекеттік дума депутаттарының табысы жыл сайын ашық айтылатын. Ресейдің федаралды салық қызметінің талабы бойынша, жеке кәсіпкерлер, нотариус, адвокаттар, тіпті жылжымайтын мүлкін сатқан қарапайым адамдар да табыстың қайдан келгенін көрсетуге міндетті. Бұл тізімге кейінгі жылдары шетелден қаржы түсетіндер, жақын туысы емес адамдардан сыйлық алатындар, лоторея ұтқандар да қосылды. Алайда 2025 жылдан баста Ресей мемлекеттік думасы мемлекеттік қызметкерлерді табыс декларациясын тапсырудан босатты. Бірақ қандай да бір қызметке тағайындалар алдында мүлкі туралы ақпарат беруге тиіс. Бұл талап президентке де қатысты. Қазіргі президент Владимир Путин соңғы рет табысы туралы декларациясын 2024 жылы президент сайлауының алдында жариялаған. Орталық сайлау комиссиясы оның 2017-2022 жылдар аралығындағы табысын 68 млн рубль (қазіргі бағаммен 430 млн теңге) деп көрсеткен. Бірақ елді 25 жыл билеп келе жатқан Путиннің байлығын зерттеуші журналистер оған бағынышты компанияларда Ресейде және шетелдерде құны ондаған миллиард доллар болатын сарайлар, кемелер мен ұшақтар тіркелгенін анықтаған.
Қазақстанмен оңтүстік-шығыста шекараласатын Қытайда ресми деңгейде табыс декларация жүйесі бар, бірақ қоғамға ашық емес. Бұл елде коммунистік партия мүшелері, жоғары және орта деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, партияның тәртіптік органдарына есеп беретін шенеуніктің бәрі ішкі органдарға табыс декларациясын тапсырады. Қытайда президент, премьер-министр, саяси бюро мүшелерінің табысы немесе мүлкі мемлекеттік құпияға жақын, ешқашан ашық түрде жарияланбайды. Transparency International, Дүниежүзілік банк сынды ұйымдар Қытайды жария декларация жүйесі жоқ елдердің қатарына жатқызады.
АҚШ-та қарапайым адамдардан бастап президентке дейін табыс декларациясын тапсырады. Әсіресе жоғары лауазымды шенеуніктердің тиабысы қоғамға ашық айтылады. Ашық деректерде президент пен оның әкімшілігіндегі адамдардың, конгресс мүшелерінің, министрлер мен судьялардың жылдық табысы туралы мәлімет оңай табылады. Олар өзгелерден алған қымбат сыйлықтарын да ашық көрсетіп отыруға міндетті. Мәселен, бұрыннан түрлі кәсіппен айналысып келе жатқан миллиардер, қазіргі президент Дональд Трамптың 2025 жылғы байлығы 6,2 миллиард доллар болған. Трамп табысының көбі жылжымайтын мүлік саудасы, криптовалюта, мейрамхана, қонақ үй, гольф ойыны сынды бизнестен түседі.