"Тайм машин: 1984". Ташкент шетелде тұратын өзбек жазушысының кітабын неге тәркіледі?

Өзбек жазушысы, журналист әрі суретші Шухрат Бабаджановтың "Тайм машин: 1984" ("Уақыт машинасы: 1984") дейтін шығармасы.

Ташкентте шетелде тұратын өзбек жазушысы, журналист әрі суретші Шухрат Бабаджановтың шығармасы басылған кітаптар тәркіленді. Мемлекеттік сараптама оның "Тайм машин: 1984" ("Уақыт машинасы: 1984") атты фантастикалық романынан "порнография" белгілерін тапқан. Кітапты басып шығарған баспаның жетекшісі сотқа тартылмақ. Бақылаушылар мұны цензураның күшеюі деп бағалап отыр.

1980 жылдардың ортасы. Құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан ел ыдырауға бет алған. Одақтас республиканың астанасы Ташкентте қызықты оқиғалар өрбиді. Әртүрлі дәуір тоғысып, тарихи тұлғалар кездеседі, болашақ ұрпақтың тағдыры шешіледі. Шухрат Бабаджановтың "Тайм машин: 1984" ("Уақыт машинасы: 1984") романының сюжеті осындай.

Қазанның аяғында Бабаджановтың бұл кітабы Ташкентте әдебиетшілер мен мәдениет қайраткерлерінің ортасында таныстырылды. Жиналғандар шығармаға оң баға беріп, авторға сәттілік тіледі. Бәрі ойдағыдай көрінген...

Полицияның келуі

5 қарашада кітапты басып шығарған Alp баспасына Ташкент қаласы Чиланзар ауданының ішкі істер бөліміндегі терроризмге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері келді. Олармен бірге Ақпараттандыру және телекоммуникация саласындағы мемлекеттік бақылау инспекциясының "Узкомназорат" өкілі де болған. Тексерушілер "Тайм машин: 1984" кітабының бүкіл таралымын тәркілеген. Сонымен бірге үнді жазушысы әрі ойшылы Джидду Кришнамуртидің "Белгілінің бәрінен азаттық" (Freedom from the Known) атты еңбегін де алып кеткен.

– Қызығы, "Узкомназорат" қызметкерлерінің айтуынша, менің кітаптарымды талқылау 10 қыркүйекте өтіпті. Бірақ баспаның жетекшісі әрі редакторы ретінде мен бұл туралы ештеңе білмедім, – деді Alp баспасының жетекшісі Әлішер Файзуллаев Азаттық Азияға. – "Біз сізге 5 қыркүйектен бері хабарласа алмай келдік" деді инспекция қызметкері. Сосын кітаптарды сараптамаға алып кеткенін айтты.

Файзуллаев бес мыңнан астам кітапты тәркілеуді "өрескел" әрекет деп бағалайды. Мемлекеттік органдар сараптама жасау үшін әр кітаптан бір-бір данадан алса да жеткілікті еді дейді ол.

Полиция қызметкерлері одан және бас редактор Тилланисо Ешбоевадан түсініктеме талап етіп, хаттама толтырған. Олар мұны "қылмыстық іс қозғауға дейінгі процессуалдық тексеру" деп түсіндірген.

– Джидду Кришнамуртидің "Белгілінің бәрінен азаттық" кітабы – жарыққа шығуын асыға күткен еңбектерімнің бірі еді. Өйткені ол – қазіргі әлемге зор ықпал еткен ойшылдардың бірі, философиялық данышпан. Бірақ рейд кезінде "Узкомназорат" қызметкері оның атын естігенде мұрнын шүйіріп, жақтырмаған кейіп танытты, – дейді Файзуллаев. – Ал Шухрат Бабаджановтың "Тайм машин: 1984" кітабына келсек, оны жариялау үлкен тәуекел екенін әуел бастан түсіндім. Жақындарымның көбі шын ықыласпен алаң білдіріп, мұның дұрыс қадам болмайтынын айтты. Себебі түсінікті: мәселе авторда.

Үнді жазушысы әрі ойшылы Джидду Кришнамуртидің "Белгілінің бәрінен азаттық" (Freedom from the Known) атты еңбегі.

Шухрат Бабаджанов 2000 жылдардың басында Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болған. Ол сол кездегі оппозицияны қолдағаны үшін қудалауға ұшыраған.

Бабаджанов Еуропаға қоныс аударып, Прагада Азат Еуропа / Азаттық радиосының Өзбек қызметінде жұмыс істеді. Саяси қудалауға ұшыраған жазушыларға берілетін Хеллман – Хэммет сыйлығын алды.

Өзбекстанды ширек ғасыр бойы басқарған Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін билікке Шавкат Мирзияев келіп, Шухрат Бабаджанов Өзбекстанға барып жүрген. Ал 2021 жылы Ташкентте оның шығармаларының көрмесі өткен. Бірақ жазушы туған жеріне біржола оралмаған, шетелде қалған.

Фантастикадағы "порнография"

23 қарашада, баспадағы рейдтен екі жарым апта өткенде Әлішер Файзуллаевқа ішкі істер бөлімінен қоңырау шалып, бөлімшеге келуін сұраған. Бөлімшеде оған сот отырысына қатысуы керектігін хабарлаған.

– Полиция бөліміне барғанда полиция қызметкерлерінің Кришнамуртидің кітабынан ешқандай сөкеттік көрмейтінін білдім. "Жақында Кришнамуртидің тәркіленген кітаптарын баспаға апарып тастаймыз" деді. Ал "Тайм машин: 1984" кітабына қатысты шағымдары бар екен. Олар оны "порнографиялық өнім" деп танып, әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің 189-бабы – "Порнографиялық өнімді дайындау, әкелу, тарату, жарнамалау және көрсету" бойынша маған айып тақты. Полиция қызметкері "Қазір онлайн сот өтеді" деді. Мен бұған келіспедім. Адвокат жалдағым келетінін айтып, судьядан отырысты кейінге қалдыруды сұрадым. Судья өтінішімді қанағаттандырды, – дейді баспагер.

Баспа директоры тағылған айыппен келіспейді. Аталған бап бойынша оған 14,7 мың долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Әлішер Файзуллаев "Тайм машин: 1984" кітабына 18+ деген жас шектеуі қойылғанымен, онда порнография жоқ екенін айтады.

Өзбекстан заңнамасында порнографиялық өнімге көркемдік құндылығы жоқ әрі адам жыныс мүшелерін немесе жыныстық қатынасты сипаттайтын, фотосурет, бейнежазба не басқа да тәсілмен бейнелейтін туындылар жатқызылған.

Ташкент тұрғыны "Тайм машин: 1984" кітабын оқып тұр. 2026 жылғы қараша.

"Тайм машин: 1984" романының басты кейіпкері – шетелде тұратын өзбек суретшісі. Ол уақытқа қатысты ғылыми экспериментке қатысып, өткенге саяхат жасайды. Сөйтіп, Совет одағында "қайта құру" басталар алдындағы Ташкентке тап болады. Роман 1913 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Фантастикалық оқиғалар Өзбекстанның шынайы тарихи және мәдени контексімен ұштасады. Шығармада тарихи жад, дәуірлер қақтығысы, шығармашылық еркіндік және цензураға қарсылық тақырыптары қозғалады.

– Романның күрделілігі әрі өзбек жазушыларына жаңа стильдік тәжірибе ұсына алатын ерекшелігі – автордың әртүрлі уақыт пен кеңістікті таңдап, оларды ортақ мағыналық желі арқылы біртұтас шығармаға біріктіруінде. Романда автор Тамара Ханыммен [өзбек бишісі Тамара Петросян. – Ред.], Эйнштейнмен, Файзулла Қожаевпен, Сталинмен және Тесламен байланысты оқиғаларды суреттейді. Совет одағының оңтүстік қақпасы аталған Ташкент Берлинмен, Мәскеумен және Америка қалаларымен сабақтасады. Роман өте қарапайым тілмен жазылған. Автор кейбір жазушылар сияқты оқырманды күрделі сөзбен тамсандыруға тырыспайды, – дейді Файзуллаев.

Кітаптың қай тұстары порнография деп танылғаны әзірге белгісіз. Азаттық Азия сарапшылар қорытындысының мәтінін ала алмады.

Чиланзар аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші қызметкері баспасөз құралдарына түсініктеме беруге құқығы жоқ екенін айтып, журналисті ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне жолдады. Азаттық Азия Өзбекстан ішкі істер министрлігіне Бабаджановтың шығармасына қатысты шағымның мәнін түсіндіруді сұрап, жазбаша сауал жолдады.

Мақала жарияланған сәтке дейін министрліктен жауап келмеді.

"Ойды бұйрықпен жою мүмкін емес"

"Тайм машин: 1984" романының авторы Шухрат Бабаджанов өз шығармасының тәркіленуін идеологиялық цензураның қайта оралуы деп бағалап отыр.

– Кітапқа әдебиеттанушылар да, мәтінтанушылар да, тіл мамандары да, әдеби талдау саласының сарапшылары да баға берген жоқ. Оның тағдырын кәсіби білігі көне тұрмыстық бұйымдар мен картиналардағы мөрлерді зерттеумен шектелетін екі "өнертанушы" шешті, – дейді ол. – Кітапта Мәскеуде тыйым салынған Михаил Булгаковтың "Шебер мен Маргарита" романы Ташкентте қайта өмірге келгені туралы тарау бар. Онда Воландтың "Қолжазбалар жанбайды" деген мәңгілік сөзі айтылады. Бұл – рас. Әдебиет әлдекімнің бюрократиялық қолтаңбасына бола жоғалып кетпейді. Ойды бұйрықпен жою мүмкін емес. Біреу көркем бейнені түсіне алмағаны үшін роман қылмысқа айналмайды.

Ташкентте таныстырылымға қатысқан өзбек ақыны, аудармашы әрі журналист Гүзәл Матъякубованың айтуынша, жазушы оқиғаларды бейтарап баяндауға міндетті емес. Кейіпкерлердің сөйлеу мәнері, сөз саптауы мен қолданатын лексикасын таңдау – автордың құқығы әрі көркемдік құралдарының бірі.

– Әр жазушының өз стилі бар. Ең алдымен, "Тайм машин: 1984" – деректі шығарма да, тарихи фактілердің баяны да емес. Бұл – көркем туынды. Жазушының онда өзі қалағандай өмір сүруге, өзі қалағандай тыныстауға және кейіпкерлерінің қандай мәнер мен стильде сөйлейтінін шешуге құқығы бар, – дейді ақын.

Өзбек жазушысы Шухрат Бабаджанов жазған "Тайм машин:1984" романының таныстырылымы Ташкентте 2026 жылғы 31 қазан мен 1 қараша аралығында өтті.

Шухрат Бабаджановтың сөзінше, қазіргі заманда кітаптың қағаз нұсқасын тәркілеп, жою оның оқырманға жетуіне кедергі бола алмайды. Ол "Тайм машин: 1984" романын интернеттен оқуға және YouTube платформасынан тыңдауға болатынын айтады.

Өзбекстан конституциясы бойынша, елде цензураға тыйым салынған. Алайда іс жүзінде цензура бар дейді бақылаушылар. Өзбекстан парламентінің бұрынғы депутаты, қазір АҚШ-та тұратын оппозиционер әрі публицист Жахонгир Мұхаммад еліндегі жағдайды бақылап отырады. Ол билікке ұнамайтын шығармаларға тыйым салынып жатқанын, бұл үшін құқықтық тетіктер пайдаланылатынын айтады.

– Өзбекстанда әділет министрлігіне қарасты республикалық сот сараптамасы орталығы бар. Оның мамандары хат-хабардан бастап әлеуметтік желідегі жазбаларға, кітаптарға, мақалалар мен көркем шығармаларға дейінгі кез келген мәтінді талдайды. Бірақ мәтіндер орталыққа "жоғарыдан" түскен тапсырмамен жіберілсе, мамандар тәуелсіз сараптама жүргізбейді. Оның орнына бір үлгідегі қорытынды жазып немесе материалды жолдаған мекеменің ұстанымын қайталайды. Бұл – өте өкінішті жағдай. Осылайша Өзбекстанда билікке ұнамайтын әдебиетке тыйым салынып отыр, – дейді Жахонгир Мұхаммад.

Бұрыннан қалыптасқан тәжірибе

Жахонгир Мұхаммадтың сөзінше, Өзбекстанда шығармаларды тәркілеу тәжірибесі ондаған жыл бойы қолданылып келеді. Бұған дейін диссиденттердің, діни қайраткерлердің, тіпті әдебиет классиктерінің кітаптарына да тыйым салынған.

– Каримов билігі тұсында өткен ғасырдың басында өмір сүрген өзбек ақыны әрі драматургі Хамза Хакимзаде Ниязидің кітаптарын бір күнде барлық мектеп кітапханасынан жинап алды. Бұған интернетте оның тиран билеуші туралы өлеңдері жарияланып, біреудің оны Каримовке көрсетуі себеп болды. Сөйтіп, "жоғарыдан" түскен бір бұйрықпен ақынның барлық кітабы тәркіленіп, жойылды. Бұған қоса, оның шығармалары елдегі ірі театрлардың сахнасынан алынды. Ақынның есімі көптеген ірі нысанның атауынан өшірілді, – дейді Жахонгир Мұхаммад.

1991 жылғы сайлауда Ислам Каримовпен бәсекелескен, ақын әрі оппозициялық "Ерік" партиясының жетекшісі Мұхаммад Салихтың кітаптары да кітапханалар мен дүкендерден алынған. Оның шығармаларын елге әкелген, сақтаған немесе таратқан адамдарға мемлекетке қарсы әрекет жасады деген айыппен түрмеге жабылу қаупі төнді.

Диссидент жазушылардың шығармаларына да тыйым салынды. Соның бірі – Нурилло Отахановтың (Нурулло Мұхаммад Рауфхон) "Бұл күндер" ("Бу кунлар") романы. Шығармада Ислам Каримов билігі тұсындағы жүйе сынға ұшыраған.

Каримов тұсында диссидент жазушы, Эврил Турон деген бүркеншік атпен шығармалар жазған Мамадали Махмудовтың еңбектері де бейресми тыйымға ұшырады. Оның кітаптары Өзбекстанда басылмады, ал жарық көргендері кітап дүкендері мен кітапханалардан алынды. Жазушының Орталық Азия халықтарының Ресей империясына қарсы күресіне арналған басты шығармасы – "Өлмес жартастар" ("Ўлмас қоялар") романы өзбек оқырмандарына қолжетімсіз болды. Ақырында роман 2008 жылы Францияда француз тілінде жарық көрді.

Мирзияев билікке келген соң Өзбекстанда "жылымық" басталғаны туралы айтыла бастады. Билік саяси және экономикалық өзгерістерге уәде беріп, Каримов тұсында қудаланған мыңдаған адам түрмеден босатылды. Алайда кейінгі жылдары халықаралық ұйымдар қоғамға бақылаудың күшейіп, бостандықтардың шектеліп жатқанын айтып жүр.

Freedom House ұйымының 2026 жылғы Freedom in the World есебінде Өзбекстан "еркін емес" елдер қатарына жатқызылған. Құқық қорғаушылар кейінгі жылдардағы жекелеген реформаларға қарамастан, биліктің атқарушы тармақ қолына шоғырланғанын, тәуелсіз құқық қорғаушылар мен журналистерге елеулі шектеулер қойылғанын айтады.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының дүниежүзілік баспасөз еркіндігі рейтингінде Өзбекстан тізімнің төменгі бөлігінде, нақтырақ айтқанда 180 елдің ішінде 147-орында тұр. "Реформалар туралы уәдеге қарамастан, сөз еркіндігі қатаң бақылауда қалып отыр, ал шынайы плюрализмге әлі қол жеткізілген жоқ" – деді ұйым өкілдері.

Alp баспасының жетекшісі Әлішер Файзуллаев тексеріске ұшырап жатқан жалғыз оның баспасы емес екенін айтады. Оның сөзінше, Ташкент, Самарқан және Бұхара қалаларындағы бірнеше баспа мен баспаханада да осындай рейдтер болған. Бірақ олардың иелері күштік құрылымдардың қысымынан қауіптеніп, бұл туралы ашық айтқысы келмейді дейді ол.

Азаттық Азия бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы растай алмады.

– Енді баспалар қандай кітап шығаратынына мұқият қарауы керек. Ол көркем шығарма бола ма, философия данышпандарының еңбегі бола ма, маңызды емес, – дейді Әлішер Файзуллаев.