Шенеуніктерге арналған «Рахмонның мемлекеттілік мектебі»

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды жақтаушылар оның суретінің алдында. Душанбе, 3 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанда «Эмомали Рахмонның мемлекеттілік мектебі» деген жаңа пән енгізілмек. Пәнді биылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен болашақ дипломаттар оқиды.

Азаттықтың Тәжік қызметіне Тәжікстан президенті жанындағы басқару институты ректоры Хомидхон Нуриддиновтің хабарлауынша, тәжікстандық бір топ ғалым «Эмомали Рахмонның мемлекеттілік мектебі» пәнін енгізу жобасын құрастыруды аяқтап, оны ғылым академиясына жолдаған. Оның сөзінше, мемлекет негізін қалаушының (Тәжікстанда 1992 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмонның осындай титулы бар) бай тәжірибесі – бүкіл мемлекеттік қызметшілер үйренуі тиіс «ұлы мектеп».

Тәжікстан президенті жанындағы басқару институты ректоры Хомидхон Нуриддинов. 27 қаңтар 2017 жыл.

Нуриддинов 20 жылда Рахмон дипломатияда да асқан шеберлік танытты, болашақ дипломаттарға оны үйрену пайдалы деп санайды. Ол «Жаңа пәнді енгізу мемлекет басшысының жеке басына табынуды күшейтпей ме? деген сұраққа «ұлт көшбасшысы Рахмон жылдар бойы мемлекетті басқарудың шеберлігін көрсетті» деп сырғытпа жауап берді.

Қазақстанды үздіксіз басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаев сияқты «ұлт көшбасшысы» мәртебесі бар Тәжікстанның қазіргі президенті туралы бұдан өзге де пән бар. Былтыр Тәжік ұлттық университетінің кей факультеттерінде «Эмомали Рахмон – тәжіктердің жаңа мемлекетінің архитекторы» деген лекциялар курсы енгізілген.

Тәжікстанда ел басшысының жеке басына табынуға көз үйреніп қалды. Былтыр қазанда «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы туралы» жаңа конституциялық заңға сәйкес Эмомали Рахмон «Тәжікстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы» деп жарияланған. Заң президент пен оның отбасы мүшелеріне айрықша құқықтар береді.

Былтыр Тәжікстан парламенті Таулы Бадахшан автономиялық облысының әкімшілігі мен сайланбалы органының Питовдашт қышлағын «Рахмонобод» деп атау жайлы ұсынысын қолдаған.

Былтыр президент Эмомали Рахмонның портреті басылған 1000 сомони қағаз ақшаны шығаруды да ұсынған. Тәжікстанның ұлттық банкі Исфара қаласы тұрғынының әлгі ақшаны шығару ұсынысын қолдайтынын мәлімдеген. Эскизге сәйкес, жаңа ақшаның беткі жағында Эмомали Рахмонның портреті, ал сыртқы жағында Тәжікстан жоғарғы кеңесінің «тарихи» 16-сессиясы өткен Арбоб сарайының бейнесі басылады. Әлгі сессияда Эмомали Рахмон парламент басшысы болып сайланған.

Рахмонның бейнесін ақшаға салу туралы ұсыныс та айтылған.

Заң ғылымы докторы әрі Тәжікстан социал-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Шокирджон Хакимовтің пікірінше, жаңа пәнді енгізу – белгілі ғалымдар мен зерттеушілердің пікірін әдетінше ескермеген жергілікті шенеуніктердің президентті дәріптеу пиар-кампаниясының жалғасы. Ол мұндай бастамалардың көбі кері әсері береді деп санайды.

Тәжікстандық сарапшы Парвиз Муллоджановтың айтуынша, мемлекеттіліктің белгілі бір кезеңдерін зерттеу қажет, бірақ зерттеушілер ақиқатты бұрмаламай, барынша әділ болуы және бір ғана саясаткердің еңбегін дәріптей бермеуі тиіс. Өзге сарапшылардың сөзінше, СССР күйрегеннен кейін Тәжікстан мемлекеті ішінде қазіргі билікке қарсы оппозицияда жүргендері де бар көптеген саясаткерлердің, дипломаттардың, ғалымдардың күш-жігерінің арқасында қалыптасқан.

Азаттықтың Тәжік қызметінің материалы.