"Талибанға" қарсы бүлік шығарған әскербасы Жұмахон Фатех қарсыласуды доғарды

Жұмахон Фатех

Ауғанстанды басқарып отырған "Талибан" үкіметіне қарулы жақтастарымен бірге қарсы шыққан осы топтың әскербасы Жұмахон Фатех бұдан ары қарсыласудан бас тартып, қаруын тапсырды. "Талибан" жасағы мен бүлікшілер арасындағы қарулы қақтығыс Ауғанстанның солтүстігіндегі, Тәжікстанмен шекаралас Бадахшан уәлаятында болған деп хабарлады Азаттық радиосының Ауған қызметі.

Жұмахон Фатех пен жақтастары Бадахшан уәлаятының Нусай елдімекені мен оған жапсарлас аудандарда "Талибан" күштеріне қарсылық көрсеткен. Хабарларға қарағанда, "Талибан" көтерілісті басып-жаншу үшін Кабулдан және елдің басқа аймақтарынан саны көп жасақ жіберген.

Бұған дейін Фатех "Талибан" күштері Нусайда үйлерге тінту жүргізіп жатқанын мәлімдеп аудиохабар таратқан еді. Ол осы операциялар кезінде бірнеше бейбіт тұрғын қаза тапқанын айтқан.

Бұған қоса, "Талибанға" қарсы бас көтерген өзге қарулы топтар, соның ішінде "Ауғанстанның азаттық майданы", Зебак ауданында бірнеше күннен бері "Талибан" жасағына қарсы шайқасып жатқанын мәлімдеген.