Ақын, журналист Танакөз Толқынқызына жазылған арыз бойынша іс қозғалмайтын болды. Бұл жөнінде 4 сәуірде журналистің өзі хабарлады.
Оның сөзінше, ол адвокаттары Бауыржан Азанов және Марал Сайлаубаймен бірге Астана полициясына барған. Екі адвокаттың тікелей қатысуымен полицейдің қойған барлық сұрағына жауап берген.
“Бүгін менің адвокаттарым маған тексеру нәтижиесінде қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық құрамының білгілері анықталмағандықтан, іс номенклатуралық есепке жіберілгенін хабарлады” деп жазды журналист Facebook желісінде.
Танагөз Толқынқызы 7 наурызда Facebook желісіндегі парақшасында "Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі ол сапасыз ұлтқа айналған" деп пост жазған еді. Осыдан соң оның үстінен eGov арқылы шағым түсіп, полиция шақырту жіберген.
Оның посты қоғамда резонанс тудырды. Ол жазбасында "Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды, себебі сапасыз, принципі жоқ надан ұлтқа айналған, өз тілінде сөйлемейді" деп сынайды. Құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен кейиді. "Ұрлық – қазіргі біздің басты қасиетіміз" деп налыған.
Желі қолданушылардың бір бөлігі ақынның айтқаны ащы шындық десе, тағы бір топ оны жекелеген адамдарға бола тұтас ұлтқа тіл тигізу деп айыптады. Пост "іріткі салып, араздық тудыруға бағытталған" деп ақынды қылмыстық жауапқа тартуға шақырғандар болды. Толқынқызының сөзінше, оның үстінен заңгер Нұрсұлтан Орынбеков eGov арқылы арыз түсірген.