Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға 3,3 мың адам оралған

Маскаттан оралған рейс. 4 наурыз 2026 жыл.

Эвакуация басталғалы бері Таяу Шығыс елдерінен 3,3 мың адам Қазақстанға оралды. Бұл жөнінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының жалпы саны 12 әуе рейсі арқылы 3300-ден астам қазақстандық елге оралды" деп жазылған ведомствоның 6 наурыз күнгі хабарламасында.

Министрліктің айтуынша, эвакуация жұмысы "жерүсті жолдары" арқылы да жалғасып жатыр.

"Ирандағы дипломаттар 6 наурызда «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандық азаматты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған «Заркух» компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырып, олар автобуспен иран-армян шекарасын өтті. Жалпы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды" деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Дубай, Жидда, Медина және Дохаға ұшуды шегеру мерзімін 10 наурызға дейін ұзартқанын хабарлаған. Бұл бағытқа билет сату уақытша 17 наурызға дейін тоқтатылған.

Дегенмен 31-арнаның жазуынша, елде кейбір туристік компаниялар Таяу Шығыста жағдай жақын арада тұрақталып қалар деген үмітпен наурыздың соңы мен сәуірге сапарларды ұсынып жатыр.