12 шілдеге қараған түні Америка әскері Иранға осы аптадағы үшінші соққысын жасады. Бұл жөнінде АҚШ әскерінің орталық қолбасшылығы X желісінде хабарлады.
Иранның мемлекеттік Press TV арнасы Тегеранда әуе қорғаныс жүйесі іске қосылғанын айтты. Бұған қоса, Сирик, Конарак, Шабахар, Жаск және Бендер-Аббас қалаларында жарылыс естілген.
АҚШ әскерінің орталық қолбасшылығы жаңа соққыны Иран ислам революциясы сақшылар корпусының Ормуз бұғазында Кипр туын іліп жүрген GFS Galaxy жүк кемесіне жасалған шабуылына жауап деп атады. Америка әскері азаматтық кеме экипажының бір мүшесі із-түзсіз жоғалғанын, жүк кемесінің бортында өрт болып, мотор бөлігіне зақым келгендіктен кеменің жүзе алмай қалғанын айтты.
“Иран коммерциялық кемелерге жасалған бұрынғы шабуылы үшін жауапкершілікке тартылғаннан кейін өзара түсіністік туралы меморандумға адалдығын көрсетуге тағы бір мүмкіндік берілген еді, бірақ ол тағы да мұны істей алмады” деп хабарлады CENTCOM жазбасында.
АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет “Иран қате таңдау жасады. Енді соның зардабын тартып жатыр” деді. Оның сөзінен Associated Press үзінді келтіреді.
Ал Иран ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдеуінше, олар Ормуз бұғазында Иран бекіткен “жолмен жүрмеген” кемеге ескерту ретінде оқ атқан.
“Өкінішке орай, жүйелерін өшіріп, теңіз қауіпсіздігіне қатер төндірген бір кеме ескерту оғымен тоқтатылды” деп жазылған сақшылар корпусының мәлімдемесінде.
Иран жағы “АҚШ-тың аймақтағы интервенциясы аяқталғанға дейін” Ормуз бұғазы жабылатынын айтты. Сақшылар корпусы сонымен бірге Америка Иранды соққылауын тоқтатпаса, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларын атқылайтынын айтып сес көрсетті.
АҚШ-тың соққысынан кейін көп ұзамай Иран АҚШ-тың аймақтағы одақтастарын атқылай бастады. БАӘ-нің қорғаныс министрлігі жексенбіге қараған түні әуе қорғаныс жүйесі іске қосылғанын хабарлады. Журналистер сонымен бірге Катар астанасы Дохада да жарылыс естілгенін хабарлады. Жергілікті тұрғындарға сыртқа шықпауға кеңес берілген.
Иран ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ-тың Катар, Кувейт, Иордания, Бахрейндегі базаларына соққы жасағанын хабарлады. Иран әскері сонымен бірге Оман портындағы Америка әскері пайдаланған платформаларды да соққылағанын айтты.
МЕМОРАНДУМ ШАРТЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ
17 маусымда АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Құжат әскери қимылдарды тоқтатып, Ормуз бұғазын ашуды, стратегиялық маңызды акваторияны бұғаттан босатуды қарастырады.
Алайда көп ұзамай 25 маусымда Иран әскері камикадзе-дрондармен Ормуз бұғазындағы азаматтық танкерге шабуылдаған еді. Ертесінде Америка әскері Иранға соққы жасады. Тараптар бір-бірін меморандум шарттарын орындамай отыр деп айыптады.
Содан бері осындай жағдай бірнеше рет қайталанды.
8 шілдеде Анкарада өткен НАТО саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумның күші кеткенін мәлімдеген.
Трамп Тегеранмен келіссөз жүргізбейтінін, алайда өзінің уәкілдеріне келіссөзді жалғастыруға рұқсат беретінін айтты. АҚШ Иран мұнайына салған санкцияларын да қалпына келтірді.
11 шілдеде Reuters жазуынша, ирандық шенеуніктер АҚШ-пен жабық келіссөз кезінде Ормуз бұғазындағы кемелерге соққыны "жүйенің бақылаудан шыққан элементтері" жасағанын айтқан.
"Олар бізге "Сәтсіздікке ұшырадық. Қателікке жол бердік. Әңгімелесейік" деп айтты" деді Вашингтондағы дереккөздердің бірі Reuters-ке.
AIR ASTANA ДУБАЙҒА ҰШҚАН РЕЙСТЕРІН ҚАЙТАРДЫ
Таяу Шығыста жағдайдың ушығуына байланысты 12 шілдеде Air Astana Дубайға ұшқан рейстерін қайтарды.
Әуе компаниясының хабарлауынша, 12 шілдеде Астанадан 07.10-да ұшқан Астана-Дубай KC205 рейсі әуежайға қайтып оралған. Сағат 08:50-де ұшуға жоспарланған Алматы-Дубай рейсі де тоқтатылған.
Әуе компаниясы жолаушыларға билеттердің құны толық қайтарылатынын айтты. Рейстер кестесіндегі өзгерістер тағы хабарланатынын мәлімдеді.