Тәжікстан Германия депортациялаған оппозициялық белсендіні 17 жылға түрмеге қамады

Тәжік оппозициялық белсендісі Асадулло Бобоев

Германиядан 19 жастағы ұлымен бірге Тәжікстанға депортацияланған оппозициялық белсенді Асадулло Бобоев 17 жылға сотталған. Бұл туралы 19 қазанда Freedom for Eurasia (FFE) құқық қорғау ұйымы хабарлады.

Ұйым деректері бойынша, Бобоев Тәжікстанның қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша, оның ішінде "Конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге жария түрде шақыру" бабы бойынша кінәлі деп танылған. Қалған айыптар, үкім қашан шыққаны және соттың атауы әзірге жарияланған жоқ.

Асадулло Бобоев Еуропада орналасқан "Тәжікстанның реформалары мен дамуы" оппозициялық қозғалысының мүшесі, ол әлеуметтік желілерде Тәжікстан үкіметін сынап келген.

2017 жылы ол отбасымен бірге Тәжікстаннан алдымен Литваға, кейін Германияға кетіп, ол жерден саяси баспана сұраған.

2026 жылғы 8 маусымда Бобоев пен оның 19 жастағы ұлы Мұхаммад Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріндегі миграциялық изоляторға қамалды. Қамауда болған кезінде Бобоев Азаттық радиосына Тәжікстан билігі өзіне қарсы экстремизм бойынша іс қозғағанын айтқан.

Германия соты оған отанында қудалауға ұшырау қаупі барын растайтын дәлелдер ұсыну үшін 1 шілдеге дейін мерзім берген. Алайда адвокат ұсынған ондаған бет құжаттарға қарамастан, 20 маусым күні әкелі-балалы екеуін Мюнхеннен Душанбеге жөнелткен.

Депортация алдында алдын ала қамау туралы шешімді Гелдерн қаласының соты шығарған. Ондай шешім қабылдауға Бобоевтың Германияда тұруына мүмкіндік беретін ықтиярхат мерзімінің біткені және Германиядан өз еркімен кетуден бас тартқаны негіз болған. FFE бағалауынша, тәжік билігіне саяси қарсылас болған адамның ісі шын мәнінде тек көші-қон заңын бұзу ісі деп қаралған, ал отанына оралғаннан кейін қудалауға ұшырау қаупі тиісті деңгейде бағаланбаған.

Душанбеге жеткен бойда Бобоев ұсталып, Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторына қамалған. Екі айдан астам уақыт бойы отбасы онымен көрісе алмаған, ал тамақ пен киім-кешек сәлемдемелері қабылданбаған. Оған сондай-ақ тәуелсіз адвокаттың көмегіне жүгінуге рұқсат етпеген.

Құқық қорғаушылар Бобоев Тәжікстанға ұшқан кезінде қатыгездікке ұшыраған болуы мүмкін деп хабарлаған.

Үкім шыққанға дейін құқық қорғау ұйымдары Германия билігі мен халықаралық құрылымдарды Бобоевтың ісіне араласуға үндеген. 14 шілдеде Польшада орналасқан Тәжікстанның кепілге алынғандар мен саяси тұтқындарды құтқару жөніндегі азаматтық комитеті Германия билігіне, Еуроодаққа, БҰҰ құрылымдарына және Халықаралық Қызыл Крест комитетіне жүгінді. Комитет Бобоевқа тәуелсіз адвокатпен және отбасымен байланысуға мүмкіндік беруді, оның ұсталу жағдайына халықаралық мониторинг жүргізуге рұқсат беруді және оны азаптаудан қорғауды талап етті.

7 шілдеде Human Rights Watch ұйымы да Германияны депортациялау мән-жайларын тексеруге және белсендінің ұсталуына байланысты Душанбеге қысым көрсетуге шақырды. FFE мәлімдемесінде Германия билігінің бұл үндеулерге байланысты ресми жауабы келтірілмеген.

FFE деректері бойынша, Асадулло Бобоев 2023 жылдан бері Германия еліне депортациялаған және отанына оралған бойда ұсталғаны белгілі төртінші тәжік оппозициялық белсендісі болып отыр.

Бұған дейін Абдулло Шамсиддин, Билол Құрбоналиев және Дилмұрод Эргашев Тәжікстанда тиісінше жеті, он және сегіз жылға бостандығынан айырылған еді. Human Rights Watch оларға қолдан жасалған айыптар тағылған деп есептейді.

Австриядан депортацияланған Хизбулло Шовализода Тәжікстанда 20 жылға сотталған. FFE бағалауынша, Бобоевқа кесілген жаза – осы оқиғалардың ішіндегі ең қатаңдарының бірі.

"Асадулло Бобоевқа шығарылған үкім – Германияның адамды түрме мен азаптау күтіп тұрған елге жіберу туралы шешімінің тікелей салдары. Диктатураны сынау туралы сөз болғанда, еуропалық мемлекеттер ықтиярхат мәселелерін желеу ете алмайды. Мұндай әрбір депортация – Рахмон режиміне жасалған тарту және барлық тәжік эмигранттарына "Еуропа сіздерді қорғамайды" деген белгі", – деп мәлімдеді FFE төрайымы Лейла Назгүл Сейітбек.