Тәжікстанда мұсылмандардың діни рәсімдерін өткізудің жаңа талаптары қолданысқа енгізілді. Дін істері және салт-дәстүр, той-томалақ пен рәсімдерді реттеу жөніндегі комитет дұға оқу рәсімін (дуохони) өткізудің жаңа тәртібін бекітті. Ол бойынша, енді діни рәсімді арнайы өкілеттігі бар дін қызметкері ғана өткізе алады. Мұны "Азия-Плюс" басылымы хабарлады.
Жаңа ережеге сәйкес, дұға оқуға рұқсат етілгендер қатарына үлемдер кеңесінің мүшелері, орталық мешіттердің имам-хатибтері, имамдар мен наиб-имамдар, сондай-ақ діни рәсімдер мен құлшылықтарды өткізуге рұқсат берілген азаншылар (муәззін) кіреді.
Комитеттің мәліметінше, дін қызметкерлері діни салт-жоралғыны өтеу үшін көмек сұраған азаматтарға шариғат талаптарына сай дұға оқып бере алады. Алайда олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға, белгіленген тәртіпті білуге және азаматтардың медициналық көмекке жүгінуіне кедергі келтірмеуге міндетті. Барлық рәсім Тәжікстан заңдары аясында өткізілуге тиіс.
Жаңа тәртіпте бірқатар шектеу де қарастырылған. Атап айтқанда, егер қасында діни талаптарға сәйкес жақын туыстары бірге болмаса, онда әйелдер мен балаларға дұға өткізуге тыйым салынады. Бұдан бөлек, бал ашуға, сиқыр-дуа жасауға, әдепсіз әрекет қылуға, діни рәсімдерді видеоға түсіруге және оларды интернетте немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға болмайды. Сондай-ақ көпшілік қатысатын жаппай дұға рәсімдерін өткізуге тыйым салынған.
Азаттықтың Тәжік қызметі (Радио Озоди) Дін істері және салт-дәстүр, той-томалақ пен рәсімдерді реттеу жөніндегі комитеттің баспасөз хатшысы Афшин Мукимнің айтқанына сүйеніп, жұрттың бейресми моллалардың көмегіне жүгінгенін қаламайтын билік ондай іс-әрекеттің алдын алғысы келеді деп жазды.
"Кейінгі кезде жұрт "молдамын", балгермін деушілердің көмегіне жүгінетін болған. Олардың іс-әрекеті ресми діни қызметкерлердің беделіне нұқсан келтіреді. Оған қоса, діни қызметкерлердің дұға оқу және өзге де діни рәсімдерді өткізу тәртібін заң жүзінде нақтылау қажет болды", – деді Афшин Муким.
Тәжікстан билігі кейінгі жылдары балгерлерге, сиқыршыларға және діни білімі жоқ адамдардың діни қызмет көрсетуіне қатысты бақылауды күшейтіп келеді. Ақпанның аяғында ішкі істер министрлігі елдегі балгерлер мен сиқыршылар "азаматтарды терроризмге азғыратындықтан" оларды арнайы дерекқорға енгізе бастағанын хабарлаған. Министрліктің ресми дерегі бойынша, 2026 жылдың басында Тәжікстанда 5 мыңнан астам сиқыршы, балгер және "кезбе молда" (діни білімі жоқ болса да діни қызмет көрсететіндер) тіркеуге алынған.
Балгерлер мен сиқыршылар тізімі Тәжікстанда 2024 жылдан бері жүргізіледі. Оған осындай қызмет көрсетіп ақша табатындар ғана емес, кейде олардың қызметін пайдаланушылар да енгізіледі. Тәжікстанда бал ашу және сиқыр жасаумен айналысатындар заң бойынша жауапқа тартылады.