Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы кеңесі 16 қыркүйекте "Халықаралық сот статутының күшін тоқтату туралы" қаулы жобасын қарады. Бұл жөнінде заң шығару органының сайты хабарлады.
Хабарламада қаулы жобасы түпкілікті қабылданды ма, жоқ па, жазылмаған. Дауыс беру қалай өткені және жоба тұтас палаталарға бекітуге жіберілгені-жіберілмегені, ол жағы да белгісіз.
Сайтта кеңес қараған 30-дан астам заң жобасы, қаулы мен келісім көрсетілген, құжаттар бойынша "тиісті шешім қабылданған".
Тәжікстан 2000 жылдың 5 мамырында БҰҰ Бас хатшысына ратификациялау грамотасын тапсырған кезде Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутына ресми түрде қосылды.
Былтыр қазанда Ресей президенті Владимир Путин Душанбеге барғанда Еуропа елдері Тәжікстан билігін Рим статуты алдындағы міндетін орындамады, Ресей басшысын тұтқындамады деп мәлімдеген еді.
2025 жылы 5 қарашада Халықаралық қылмыстық соттың сотқа дейінгі палатасы Тәжікстан билігінен Путинді тұтқындамауына байланысты түсініктеме беруге шақырған.
- 2023 жылы наурызда Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің балалар құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы қамауға алу жөнінде ордер берген. Аталған екеуді Ресейдің Украинадан тартып алған жерлерінде украин балаларын күштеп депортациялап, соғыс қылмысын жасады деп айыптаған.
- 2023 жылы көктемде халықаралық соттың хатшылығы Рим статутына қатысушы елдерге Ресей басшысын тұтқындау қажеттігі туралы сұрау жіберген.
- Халықаралық сот жариялаған құжатқа қарағанда, Душанбе осындай сұрау келгенін 2023 жылы мамырда растаған. Алайда 2025 жылы қыркүйекте Путиннің сапары қарсаңында сотқа оны орындай алмайтынын ескерткен. Тәжістан билігі Ресей Рим статутына қатысушы еместігін және Мәскеумен арада жоғары лауазымды тұлғалардың иммунитетін қарастыратын келісім барын алға тартқан.