Бесландағы терактіде тірі қалғандардың қазіргі өмірі

Бесландағы террорлық шабуылдан бүлінген бұрынғы №1 мектептің ғимараты.

Бесландағы №1 мектепті терроршылар басып алған қайғылы оқиғадан бері 15 жыл өтті. Терроршылар үш күн бойы кепілде ұстаған 1100-ге жуық адамның көбі балалар болған.

Бесландағы теракт салдары жүздеген адамның қаза тауып, жаралануымен ғана шектелген жоқ. Елдің басқа бөлігінде терактіні жылына бір рет қана еске алса, Беслан сол қайғылы оқиғадан әлі күнге арыла алмай өмір сүріп келеді.

Анастасия Дзуццати терактіден зардап шегіп, жақындарын жоғалтқан, қаладан көшіп кеткендер мен сол жерде қалған, үміті үзілген және болашаққа үлкен сеніммен қарайтын оқиға куәргерлерінің әңгімесін жазып алу үшін Бесланға арнайы барды. Жоба Борис Немцов атындағы қор мен Карлов университетінің қолдауымен Прагада өткен жазғы медиа мектеп аясында дайындалды.

"НЕ ҮШІН? КІМГЕ? КІМ ҮШІН? ЕНДІ КЕРЕК ЕМЕС"

Бесландағы қыркүйектің алғашқы күндері үлкен бір ресми шараға көбірек ұқсайды: қалаға шенеуніктер, журналистер мен туристер көп келеді. Басқа уақытта бұл маңнан Беслан тұрғындарының қайғысын бөлісер ешкім табылмайды.

Әр жаздың соңында 24 жастағы Камболат Баев пен 22 жастағы Хетаг Хутиев №1 мектепке келіп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Олар терактіден кейін тірі қалған көп тұрғынмен бірге қазір біртіндеп бұзыла бастаған мектеп ғимаратын сақтап қалуға тырысып жүр.

"Мұнда жасалған дүниенің бәрі көзбояушылық сияқты. Біз мұнда "Қандай қайғыда жүргенімізді қараңдар!" деп келмейміз. Осында өзімізді жайлы сезінеміз, сондықтан әзілдеп, көңілді жүреміз. Мектеп ғимаратын бұл жерде қаншама адам мерт болғаны үшін ғана ерекше орын деп есептемейміз. Біз үшін, мен үшін, бұл - мүлде басқа жер. Осы жерде өзімді жайлы сезінемін және мұнда не болғанын білемін. Мен осы жерде отырдым" дейді Хетаг.

"Қартайғанда осы ғимаратқа келіп, бүгінгі көзбояушылықты көргім келмейді. Қазір әкімшілік, үкімет, тілшілер келеді. Ал мен бұл жерге өзіміз және осында келгісі келген адамдар ғана келгенін қалаймын. Қазіргідей мемлекеттік қызметкерлерді мәжбүрлеп әкелмесе деймін. Полиция қызметкерлері мен басқалары… Сәнді киім киген мемлекеттік қызметкерлерді мұнда автобуспен әкеледі. Дәл сондай автобуспен студенттерді жеткізеді. Не үшін? Кімге? Кім үшін? Енді керек емес" дейді Хетагтың сөзін жалғаған Камболат.

Камболат Владикавказдағы медициналық академияда оқитынына қарамастан, Бесланға жиі келеді. Мұнда оның туыстары тұрады. Алты сыныптасы – "бес ұл мен бір қыз" қаза болған мектеп те – осында.

Камболат Баев Бесландағы №1 мектептің бүлінген ғимаратында тұр.

Мектепті терроршылар басып алғанда, алғашқы қоңырауға сыныптастары сияқты ата-анасымен келмеген Камболат жалғыз болған.

"Мен бірінші қатарда тұрғанмын. Сондықтан қаша алмадым. Бізді спорт залына жинап, телефондарымызды тартып алды. Содан кейін залға мина қоя бастады. Осының бәріне 30-40 минут уақыт кетті" дейді Камболат сол күнгі оқиғаны еске алып. Камболатқа спорт залында мектеп директорының орынбасары Елена Сулидиновна көмектескен.

"Ол бізге су ішуге рұқсат берген жоқ. "Суды ауыздарыңа алып, тамақтарыңды шайыңдар, бірақ жұтпаңдар. Әйтпесе, шөл одан да қатты қысады" деді. Қыркүйектің 1-і болатын. Қыркүйектің 2-сі күні бізді әжетхана мен киім ауыстыратын бөлмелерге шығара бастады. Әжетханада терроршылар жоқ кезде, қулық жасап, краннан су іштік. Кейіннен терроршылар мұны біліп қойып, бізді әжетханаға шығармай қойды. Дәрет сындыру үшін қыздар мен ұлдар бөлініп, мектептегі әртүрлі кабинетке баруға мәжбүр болдық. Қыркүйектің 3-і күні бізге ешкім су берген жоқ, гүлдерді жей бастадық" дейді ол.

Бесландағы бұрынғы №1 мектепте су құйылған бөтелкелер. Терроршылар кепілдегі адамдарды су ішкізбей, ас татырмай ұстаған.

Камболаттың досы Хетаг Хутиев Бесланға жазғы демалысқа келген. Терроршылар қолына түскенде Хетаг тым жас болған: сегізге де толмаған еді. Атыс даусын шар жарылған екен деп түсініп, қорықпастан мектептің ішіне кірген Хетаг кепілге алынғандардың қатарынан бір-ақ шыққан.

Ағылған адам арасында бір бәтеңкесін жоғалтқан Хетаг "Үйге аяқ киімсіз қайтсам, анам ұрысады" деп қайталай берген. Өз айтуынша, кепілдегі үш күн бір күндей өткен. Терроршылар кепілге алғандарды азат ету операциясы кезінде Хетагтың жолы болып, ғимараттан ауыр жараланбай, шығып үлгерген. Ол келесі күні ештеңе болмағандай, серуенге шыққанын айтады.

Бұрынғы №1 мектеп қабырғасындағы жазулар мен оқ іздері.

"Қайғылы оқиғадан кейін қандай оңалту жұмыстары болды?" деген сұраққа Хетаг "Ешқандай" деп жауап берді.

"Бізге бір сағат әңгіме құрып, жұмысын аяқтайтын психологтар жиі келетін. Олар біз үшін емес, өздері үшін келгендей әсер қалдырды. Мүмкін… Жоқ, олардың ниеті түзу болған да шығар, көмектескісі келген болар! Бірақ бір кездесуден ештеңе өзгермейтінін олар да жақсы білген сияқты. Олардың саны көп болды. Бірақ психологпен жұмыс бір кездесуден ғана тұрмайды. Мен ішімдегі эмоцияларымды шығара алмадым деп ойлаймын" дейді Хетаг.

Қазір Хетаг Мәскеудегі Бауман атындағы жоғары оқу орнының радиоэлектроника факультетінде оқиды. Ол Мәскеудегі оқуын аяқтаған соң Бесланға оралғысы келмейтінін айтып, оның себебін былай түсіндірді.

- Бұл тек Бесланға емес, жалпы Осетияға байланысты. Осетияда ақшасы мен байланысы жоқтар жақсы жұмысқа орналаса алмайды. Бесланда жұмыс та, істейтін шаруа да жоқ. 15 жылда қала өзгеріп, "жаңа ғимараттар, мейрамханалар" пайда болғанымен, Бесланда үлкен жоба бастауға ешкім асығар емес, - дейді Хетаг.

Мектептен шығар тұста бізді күзетші тоқтатып, "Түсіруге болады! Кіруге болмайды! Онда бәрі құлап жатыр" деп ескертті. Артынша ақырын ғана "Олар тым құрығанда терезе жақтауларын қалдырса қайтер еді?!" деп күбірлеп, мектептің есігін сыртынан жапты.


БЕСЛАННАН КЕТУ

"Жедел жәрдемде кетіп бара жатқан кезіміз есімде. Өзіме не болып жатқанын сырттай көріп тұрғандай болдым. Кейіннен жүрегім тоқтап, "клиникалық ажалды" бастан кешіргенімді естідім. Дәрігерлер мені өлдіге санап, ауруханаға жеткізіп, бетімді төсек жаймасымен жауып, дәлізде қалдырып кетіпті. Мені тауып алған әжем "Қызымның тірі екенін қалай көрмейсіңдер?" деп айқайлаған.

2004 жылғы қыркүйектің 4-і күні он жасар Анна Кадалаева Владикавказ ауруханасында есін жиып, айналасында туыстары мен дәрігерлер тұрғанын көрген. Жұрттың тегіс жылап тұрғанына аң-таң қалған Анна не болғанын бірден түсіне алмаған. Бір күн бұрын ауыр отадан шыққан Аннаның қолына ешкім айна бергісі келмеген. Олар сол көзін жоғалтқан қыздың айнадан өз бейнесін көргенде қандай күйде боларын ойлап, қорыққан.


Терактіден кейін Аннаның миының сол жақ бөлігі мен көзінде әйнек сынықтары қалған. Емделу үшін Мәскеуге, кейіннен Америкаға барған. Бірақ дәрігерлердің қолынан ештеңе келмеген. Мидың бұл бөлігіне тию өте қауіпті болған. Содан бастап, 15 жыл бойы Анна сол көзіне протез тағып жүреді.

Анна бала кезінде келбетін сөз қылғандардың әңгімесін талай естігенін айтады. Көршілері мен таныстары "Қалай тұрмысқа шығады?", "Енді оны кім алады?" деп өзара сөз еткен.

"Қалай өмір сүріп жүрсің? Көзсіз өмір сүру қалай екен? Адамдар саусағын шошайтып көрсете ме?" деп сұрайтын. Ал мен өзімнен түңілетіндей өліп қалған жоқпын ғой. Менен де жағдайы ауыр адамдар бар" дейді Анна.

Анна Кадалаева мен қызы Ирина.

Аннаның анасы мен әпкесі мектепте кепілге алынғандардың қатарында болған. Мектепте кепілде отырғандарды азат ету операциясы басталғанда, Аннаның анасы Ирина бірінші жарылыстан кейін қаза тапқан.

"Анамды көргендер арқасына құлаған ауыр заттан орнынан тұра алмаған дейді. Мен қалай болғанын білмеймін" дейді Анна.

Анна сот сараптамасын оқуға дәті бармағанын айтады. Оқ сүйегін жарып, аяғы сынған қыз ауруханаға түскен. Аннаның сіңлісі Алена әпкесінен бұрын аяққа тұрған.

Беслан зираты.

Анна өзі қатарлы басқа қыздар сияқты 18 жасында тұрмысқа шыққан. Ол бірнеше рет Владикавказға қоныс аударуға талпынғанымен, кейде оқуды, кейде бұрынғы естеліктерін сылтауратып Бесланға қайта айналып келгенін айтады. Анна тұрмысқа шыққаннан кейін ғана қалаға біржола көшкен.

"Тұрмысқа шыққан кезде әкем сыйлаған бір бөлмелі пәтерді сатып, Бесланнан шағын үй алдық. Бірақ жаңа үйде екі жыл ғана тұрдым. Бұрын тек Бесланда ғана тұрғым келеді деп ойлайтынмын. Бірақ тұра алмадым, бәрібір ауыр екен" дейді ол.

Анна Владикавказдың орталығында отбасымен бірге тұрады. Біз кездесерден бұрын Аннаның күйеуі Заур перзентханада сақтандыруда жатқан әйелін үйге алып келді. Шағын қонақ бөлмеде дастархан жайылған. "Түскі ас ішеміз" дейді Анна күлімсіреп. Осетияда қонақтарды ерекше құрметпен күту дәстүрге айналған. Мен құр қол келгеніме ұялып, іштей өзімді сөгіп тұрмын. Диван үстінде кішкентай сәбиге арналған ұлттық киім жатыр. Аннаның күйеуі сәбиін перзентханадан осетин ұлттық киімін кигізіп алып шыққысы келеді.

Анна Кадалаева ұлы Александр және қызы Иринамен бірге.

Анна мен Заурдың екі баласы бар (қызы Ира мен ұлы Саша), қыркүйек айында отбасы екінші ұлының өмірге келуін күтіп жүр. Анна төртінші баласын аман-есен босанып, перзентханадан шығатын күнді армандайды. "Анасыз қиын… Жалғыз болсам да…. - Анна сөзін аяқтай алмай, көзіне жас алды. - Бұл зор жауапкершілік екенін білем, бірақ мен дайынмын" дейді ол.

Анна отбасымен бірге шетелге кеткісі келеді. Бірақ ол үшін отбасының тұрмысын түзеу керек деп ойлайды. Аннаның сөзінше, Владикавказ Бесланнан әлдеқайда артық. Үйінің жанында мектеп, балабақша бар, ал Осетияның астанасында медициналық қызметтің сапасы жоғары. Анна Бесланда жағдай жасалмағанын, әсіресе балаларға арналған жан сақтау бөлімі жоғын мысалға келтіреді. "Халық Бесланнан жағдай болмағандықтан, кетіп жатыр" дейді ол.

"Қала өзгерген - онда бұрын болған ештеңе жоқ. Әсері басқа. Адамдар өзгерген. Дөрекі бола бастаған. Бәрі емес, бірақ көпшілігі солай. Біреулер көкірегін соғып, теракт құрбаны екенін, барлық жағдайға кезексіз қол жеткізуі керегін айтады. Басқалары кепілде болғандардың бәрі дөрекі деп ойлайды" дейді Анна.

"ӨЗІҢНЕН ҚАШЫП ҚҰТЫЛМАЙСЫҢ"

"Ол кезде көп бала өлді. Кімнің ауруханада жатқанын, кімнің қаза тапқанын нақты білген жоқпыз. Бірінші жыл ауыр болды, сыныптың құрамы үнемі өзгеріп тұратын. Боряның сыныбы мен онымен қатар басқа сыныптарда да солай болды. Дәлізде кетіп бара жатқанымда, Боряның сыныптасы Мадина мені көріп қалып, "Надежда Ильинична, сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды! Борик те сізбен бірге келді ме?" деп сұрады. Олар әлі бала ғой, кімнің жоғын анық білмейтін. Бірінші сабақта бәріміз бірге жыладық. Еске түсіріп, жылап, кейіннен жасымызды сүртіп, "жұмыс істеу керек" деп, сабырға келдік".

Тарих пәнінің мұғалімі Надежда Гуриева спорт залының табалдырығын әзер аттайды. Ол 2004 жылы қыркүйекте осы залдан қалай шыққанын еске түсірсе, әлі күнге адам мәйіттерінен аттап келе жатқандай сезімде болады. Теракт кезінде Надежданың үш баласы да мектепте болған. Сегізінші сыныпта оқитын Боря мен алтыншы сынып оқушысы Вера үйіне оралмаған.

Беслан оқиғасында Надежда Гуриеваның екі баласы мерт болған.

Надежда мектеп бітіруші түлектердің сынып жетекшісі болғандықтан, сол жылғы алғашқы қоңырауға қалмай келген. Бәрі көзді ашып-жұмғанша болғандықтан, Надежда мина қойылған спорт залға кірген кезде ғана бойын үрей билегенін айтады.

Терактіден соң Надежда жүруге шамасы келген күннен бастап, мектепке жұмысқа шыққан. Аяғында әйнек сынықтары қалып қойған Надежданың миы шайқалып, жарақат алған. Оның көп әріптесі жарақатын тіккен жібі түспей жұмысқа кіріскен. Ол кезде Бесланда терактіден жапа шеккен балалармен үйде және мектепте жұмыс істейтін мұғалім тапшы болатын.

Қазір Надежда теракт құрбандарының бастамасымен ашылған жаңа мектептегі музейді басқарады. Бесланда мемориал, музей мен мектеп жанындағы шіркеу – бәрі терактіден жапа шеккендер мен халық жинаған ақшаның арқасында жұмыс істеп тұрғанға ұқсайды. Надежда мемлекет қалаға жеткілікті қолдау көрсеткен жоқ деп санайды.

15 жыл ішінде Беслан тұрғындары мектеп мемориалы жобасына байланысты ортақ шешімге келе алмаған. "Осетияда ортақ пікір өте ұзақ уақыт қалыптасады. Біреулерді ренжітуге қорқамыз. Екіншілерінен ұяламыз" дейді Надежда.

- Ешкім өзіне жауапкершілік алып, "Осылай болады!" деп мәселенің соңғы нүктесін қойғысы келмейді. Ал мұндай жағдайда басқаша жасау мүмкін емес. Қанша адам болса, сонша пікір болатынын өзіңіз де түсінесіз ғой. Бәрінің көңілінен шыға алмайсыз. Көңілі толмайтындар қашан да табылады. Өкінішке қарай, көбіне халықтың басым бөлігі аз топқа "Кешіріңдер, сендер азсыңдар ғой, көпшіліктің пікірінше…" дей бастаса, "Бұл демократияға сай емес" деп шығады. Осындай демократиямен 15 жылдан бері отырмыз, - дейді Надежда.

Терактіден кейінгі алғашқы жеті жылда шатырсыз тұрған мектеп әбден тозған. Ғимарат толық қирап қалмас үшін, жергілікті тұрғындар "еуропаша жөндеу" жұмыстарын жүргізген. Мектептің фундаментін бекітіп, жаңа шатыр қойып, бүлінген жерлерді түзеткен. Бірақ осыған қарамастан, мектеп күннен күнге бүлініп барады.

Бесландағы теракт болған мектептегі ағаш крест.

Надежданың терактіден аман қалған қызы Ира Мәскеуде университет бітіріп, сонда қалып қойған. Надежданың мойнында балаларды мектепке қайтару міндеті болған. Сондықтан ол Бесланнан кете алмаған және кеткісі де келмеген.

"Басқаша болуы мүмкін бе? Біріншіден, өзіңнен ешқайда қашып құтылмайсың. Оның не мәні бар? Түйеқұс сияқты басыңды жерге тығып, бәріне "ештеңе болған жоқ" айғайлағанда не шығады? Бәрі болды. Одан кейін, бұл - туған жерім. Неге туған жерімді тастап басқа жаққа кетуім керек? Жоқ. Маған терактіден кейін ұсыныс жасаған. Көбі "Баспана сұраңдар!" деді. Қандай баспана? Кімнен, неден қорғауын сұраймын? Терроршылардан ба? Терроршылардан қашып қайда кетемін?" дедім" дейді ол.

Надежда Гуриеваның балаларының зираты.

"БӘРІ БАР, БІРАҚ ОЛ ЖОҚ"

Қыркүйектің 1-і күні таңертең Анжела Цомартова Коминтерн көшесіндегі мектеп-интернатта алғашқы қоңырауға аппаратураны қоюға көмектесіп жүрген. Көшенің арғы бетінде №1 мектепте дайындық жұмыстары жүріп жатқан. Көкке көтерілген шаңды көріп, әлдененің қатты дыбысын естіген Анжела Цомартова әріптестеріне қарап: "Бірінші мектеп қатырады! Отшашу пайдаланған ба?!" деген.

"Көлік кеп тоқтап, одан терроршылар, қара киінген адамдар секіріп түсті. Алыс болса да, бәрі анық көрінді. Атыс! Тарс-тұрс! Түсініксіз дауыстар. Ұжымның жартысының балалары сонда болған. Бәріміз жүгіріп мектепке бардық" дейді ол.

Үш күн бойы Беслан тұрғындары қоршалған мектептің айналасында жүріп, Мәдениет үйінде отырып, жаңалық күтті. Анжела 12 жастағы қызы Сабина міндетті түрде тірі қалады деп ойлаған. "Ол үнемі атыс-шабыс туралы фильмдер көретін, мұндайдан қорықпайтын" дейді Анжела.

Анжела ешқашан балалармен жұмыс істеймін деп ойламаған. Тігін училищесін бітірген оған дәрігерлер ауыр отадан кейін дене еңбегін қажет ететін жұмысқа шығуына тыйым салған. Сондықтан Анжела мектеп-интернатқа бала күтуші боп жұмысқа тұрған. Қызын жеткізу үшін түнде азық-түлік дүкенінде жұмыс істеген.

"Директорымыз Санакоев маған үнемі: "Сен күтуші емессің! Тәрбиеші немесе мұғалім болу керексің!" деп айтатын. Ол маған әр жылы "Мен саған көмектесемін. Оқуға түс!" деуші еді. Ал мен "Уақытым жоқ, жұмыс істеуім керек, Сабинаны аяққа тұрғызуым керек" деп жауап беретінмін. Үнемі бас тартатынмын" дейді Анжела.

Анжела бойы мен шашы ұзын қызының сол жылы жазда Тамийский шипажайынан аяғы өсіп, 41 өлшемдегі аяқкиіммен оралғанын айтады. Сабина туралы айтқанда Анжеланың көзіне еріксіз жас үйіріледі.

Анжеланың ағасы Сергей Сабинаны мәйітханада дәл осы аяқ өлшеміне қарап таныған. Қыздың сүйегін үйіне қыркүйектің 5-і күні түстен кейін әкелген. Сергей Анжелаға табытты ашуға рұқсат бермеген. Сондықтан анасы Сабинаны тірі күйінде есте сақтаған. 15 лет жыл өтсе де, Сергей мен Анжела әлі күнге теракт туралы сөйлеспеген.

"Сабина қайтыс болғаннан кейін, білім де алдым, пәтерге де қолым жетті, бірақ қызым жоқ. Жұмыс, үй, бала – бәрі бар, бірақ ол жоқ. Сабина үнемі өз бөлмесі болғанын қалайтын. "Екеуміз мына жаққа барамыз, ана жаққа барамыз" деп армандайтын. Қазір бәрі бар, бірақ ол жоқ" дейді Анжела.

Терактіден кейін Анжела ойын басқа арнаға бұру үшін жарты жылға Мәскеуге кеткен. Бірақ кейін үйін сағынып, қызына жақын жерде тұру үшін қайта оралған.

Анжела Цомартованың қызы Сабинаның зираты.

"Мен Бесланды жақсы көремін. Өз өмірімді басқа жерде елестете алмаймын. Беслан өзгерді ме? Олай демес едім. Бұрын қандай тыныш болса, қазір де дәл солай" дейді Анжела.

Анжела жылда қыркүйек айы қарсаңында мектепке екі баланы бірдей дайындайды. Ол 11 жастағы ұлы Георға киім-кешек пен оқу құралдарын, ал қызы Сабинаның періштелер қалашығындағы зиратына гүл, ваза, періштелер бейнесі мен шырақтар сатып алады.

Теракт кезінде қаза тапқандардың туыстары әлі күнге дейін зират басында жиналып, балаларын еске алып, бір-біріне қолдау көрсетіп тұрады. Анжеланың айтуынша, бұл оған қайғысын жеңуге көмектеседі. Екінші күйеуі Анжеланы ұлы туғаннан кейін бірнеше жылдан соң тастап кеткен.

Сабинаның қазасын отбасы ешкіммен бөліспеген. Басқалардың көмегінен де бас тартқан. Цомартовтардың үйіне гуманитарлық көмек ретінде нан, Кармадон суы мен кішкентай қызға арналған көйлек әкелгенде, Сабинаның әжесі "Балабақшаға апарыңдар немесе кедей балаларға беріңдер" деп кейін қайтарған.

Бұрынғы №1 мектепте терактіден қаза болғандардың суреттері мен әулиелер бейнелері.

Анжела неліктен мектепте кепілге алынған балалардың көбі қайтыс болғанын анықтауға, әділеттікке қол жеткізуге талпынып көрмегенін айтады. "Біздің заманда бір дүниені болсын дәлелдеу мүмкін бе?" дейді ол.

- Мүмкін мұндайға уақытым да болмаған шығар. Мен қайтадан өмір сүруге тырыстым. Өміріме мән-мағына қосу үшін тұрмысқа шығып, бала туу керек болды. Осыларға алданып, ойымды басқа арнаға бұрғым келген шығар. Өзіңмен-өзің қалғанда былай жасау керек еді деп ойлана бастайсың, - дейді Анжела.

"ЕШКІМ ЕШКІМДІ КЕРЕК ҚЫЛМАЙТЫН РЕСЕЙДЕ"

Біз қараусыз қалған мектепті қарап жүргенімізде, спорт залына туристер кіріп келді. Мұндайға әбден үйренген Камболат Баев езу тартты.

Хетаг Хутиев келгендерге қалай кепілде болғанын айтып, оларды залдың түкпіріндегі баскетбол сақинасы ілінген тұсқа қарай алып кетті.

Менің есіме Камболаттың Хетаг туралы "Біз екеуміздің айырмашылығымыз да осында – мен көп сөйлегенді ұнатпаймын. Оған ашылып, кейбір мәселелерді талқылау керек кездер болады" дегені түсті.

Хетаг Хутиев бұрынғы №1 мектептің бүлінген ғимаратында тұр.

Көп ұзамай экскурсия аяқталып, Хетаг қасымызға оралды. Мен оған болашақ туралы соңғы сұрағымды қойдым.

Хетагтың болашаққа жасаған нақты жоспары жоқ. Әлеуметтанудан дәріс өткізетін оқытушысы "Бауманкадағылардың көбі - 80 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді" деп ескерткен. Ал Хетаг мамандығына сәйкес жұмыс тапқысы келген.

- Мен басқа жаққа кетуге тырыспаймын. Бірақ мүмкіндік туса, міндетті түрде кетемін. Ешкім ешкімді керек қылмайтын Ресейде жұмыс істегім келмейді, - дейді ол.

Камболат сұраққа жауабын әзілдеп бастап, соңында салмақты жауап береді.

- Медициналық оқу орнын аяқтап, үлкен қалаға кетіп, оқуымды жалғастыру керек. Басты мақсатым - жақсы дәрігер болу. Жақсы адам болып қалғым келеді. Солай ма? Әлде керісінше айту керек пе? – деді Камболат

"Жақсы адам және жақсы дәрігер" дейді оны түзеткен Хетаг.

("Настоящее время" сайтының материалынан аударылды.)