Қазандағы көпті көрген Раджаб мешіті және оны жаңғыртқысы келетін жамағат

Раджаб мешітінде азан шақырып тұрған адам және намазға жиналған жамағат. Қазан, Татарстан, Ресей, 9 мамыр 2021 жыл.

Татарстан астанасында 1910 жылы ағаштан салынған Раджаб мешітінің тұла бойы тұнған тарих. Бұл мешіт дүрбелеңге толы 20-ғасырда болған небір қилы оқиғаның куәгері: өртті де көрді, алғашқы имамын большевиктер өлтіріп, совет өкіметі мешітті мәжбүрлеп жапты. Сол қиын-қыстаудан да өтіп, біздің заманымызға жеткен мешітке жаңа ғасырда ең үлкен қатер төніп тұр.

Татарстанда ислам дінінің тамыры тереңге кетеді. Ресей құрамындағы республиканың астанасы Қазан қаласында Иске Таш (Ескі тас) және Әл-Маржани секілді ондаған тарихи мешіт бар.

Ағаштан салынған Раджаб мешітіне жету үшін қала орталығынан шамамен 20 минуттай жүресіз. Мешіт қазіргі Киров ауданы аумағында орналасқан. 1910 жылы тұрғызылған бұл мешіт өртті де, небір қасіретті оқиғаларды да көрді. Ресейде большевиктер билікке келгесін мешіттің алғашқы имамын өлтіріп, 1930-жылдары мешітті жауып тастаған.

Кейін көп жыл мұнда пансионат орналасты, ал 1993 жылы билік тарихи мешітті мұсылман қауымына қайтарып берді. Содан бері бұл жерге жамағат Аллаға құлшылық жасауға, өзге діни рәсімдерді атқаруға жиналады.

Қиын-қыстауға толы 20-ғасырдан да өтіп, біздің заманымызға келіп жеткен Раджаб мешітіне қазір аса үлкен қауіп төніп тұр.

Ондаған жыл қараусыз қалған, ешқандай жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен мешіттің қазіргі жағдайы аянышты. Оны жөндеуге өте көп қаражат керек.

Қазан қаласындағы Раджаб мешітінің имамы Миннавхат Сагиров.

Раджаб мешітінің жағдайына қазіргі имам Миннавхат Сагиров жауапты.

Ғасырдан астам уақыт бұрын ағаштан салынған, дұрыс жөндеу көрмей, әбден ескірген ғимаратты Аллаға құлшылық етуге және өзге де діни рәсімдерді өтеуге келген жамағатты қабылдай алатындай жағдайда ұстау – аса күрделі міндет.

Сагировқа ондаған жылдар бойы осы мешітке келіп тұратын, шағын болғанымен ынтымағы берік жамағат көмектеседі.

Рамазан айының бір кешінде Раджаб мешітіндегі ақшам намазына жергілікті оншақты ер адам жиналды.

Олардың кейбірі бұл жерден көшіп кеткеніне көп уақыт өтсе де, ескі мешітті ұмытпай, қаланың басқа бөлігінен намаз оқу үшін Раджабқа арнайы келді.

Бұл жолы ақшам намазына әдетте мұнда келмейтін әйелдер де қатысты. Бұлай болады деп ешкім күтпегендіктен бастапқыда барлығы біраз абдырап қалғандай болды. Әдетте ислам дінінде ерлер мен әйелдер намазды бір-бірінен бөлек жерде оқиды. Алайда көп уақыт өтпей ескі мешіттің ішінен әйелдерге арнап жеке орын дайындады.

Ал бұл кезде намазға келген әйелдер осы мешітке үнемі жиналатын жамағатқа жақсы таныс тіршілік иесімен танысып үлгерген еді.

Раджаб мешіті қатты ескіргенімен, жергілікті мұсылман жамағат тарихи ғимаратты аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысады. Мешіттің ішіндегі заттар өткен тарихтан сыр шертеді.

Раджаб мешітінде азаншы күніне бес уақыт жамағатқа намаз уақытын ескертіп, азан шақырады.

Іші-сырты жұпыны көрінетін Раджаб мешітінде ауызашарға ас әзірлейтін бөлме жоқ. Рамазан айында мұсылмандар таң білінгеннен ымырт жабылғанша ас-судан тыйылып, ауыз бекітеді. Бұл күндері мұсылмандар пітір садақа, жағдайы барлар оған қоса зекет беріп, ауызашар ұйымдастырады.

Алайда бұл күні Раджаб мешітіне келушілерге де ауызашар берілді. Қазан қаласындағы басқа бір мешіт осы аймақтағы өздігінен ауызашар беруге қаржысы жоқ барлық мешітке кешкі дәм таратты. Биыл Рамазан айы 12 мамырда аяқталды.

Егер Сагиров пен жамағаттың тілегі іске асатын болса, Раджаб мешіті де өздігінен ауызашар бере алатын күн туар. Қазір мешітті күрделі жөндеу жоспары жасалып қойған, ол бойынша жаңа мұнара, асүй мен дәретхана салу көзделген.

Бірақ ол жұмысты атқару өте қымбатқа түсейін деп тұр. Сондықтан ондай қаржы жиналмайынша, тозығы әбден жетіп, құлауға айналған мешітті жаңғырту жұмысы жуырда басталмайды.

Раджаб мешітін толық қайта қалпына келтіруге 32 миллион рубль (432 мың доллар) қажет. Әзірге оның аз ғана бөлігі жиналған. Бірақ жамағат елден мешітті қайта жаңғыртуға жеткілікті қаржы жиналып, Раджаб әлі келешек ұрпаққа да қызмет ететін болады деп үміттенеді.