Тимур Турловтың Freedom-империясы: ол қайдан келді, қалай байыды, артында кім тұр?

Freedom Holding Corp басшысы, миллиардер Тимур Турлов

Ресей тумасы, Қазақстан азаматы, Forbes тізіміндегі миллиардер. Тимур Турлов Қазақстанда және одан тыс жерлерде брокерлік компания, сақтандыру ұйымдары, банк және онлайн-сервис қызметтерін біріктіретін Freedom Holding Corp холдингінің негізін қалаушы әрі иесі ретінде танымал. Соңғы қаржылық есебінде компания өз қызметін Американың құзырлы органдары тергеп жатқанын мойындады. Қазақстан ақпарат құралдарында бұл мәселе айтылған жоқ. Бұған дейін бір ақпарат құралы Турловтың құрылымдары туралы жарияланымдар үшін зардап шегіп, журналистер қылмыстық қудалауға ұшырады. Енді бір басылым Турловтың банкі ережелерді айналып өтіп, ресейліктерге банк карталарын берді деген материалдарын өшіріп тастады.

Тимур Турлов Forbes тізіміне алғаш рет 33 жасында, 2 миллиард доллардан астам дәулетімен енді. 2026 жылдың наурызында Forbes оның капиталын 5,2 миллиард доллар деп бағалады. Оның активтерінің арасында тек финтех пен цифрлық стартаптар ғана емес, Қарағанды әуежайы сияқты нақты сектор нысандары да бар.

Кәсіпкер Астанадағы үлкен кабинеттерге еркін кіре алады: өткен жылы ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерімен кездесулеріне қатысты, Көкшетаудағы Шахмат үйінде Тоқаевты қарсы алды (Турлов — Шахмат федерациясының басшысы), ал оған дейін Ақордада қабылдауында болды.

Турловтың ресми өмірбаянында оның барлығына өз күшімен жеткені баса айтылады. Жасөспірім шағында биржалық саудаға қызығып, инвестициялық компанияда жұмыс істей бастаған. Кейін "Юниаструм банкіне" келді, ол кейіннен өзінің брокерлік бөлімшесін жауып тастады. Жұмыссыз қалған Турлов өз командасымен бірге "Фридом Финанс" компаниясының негізін қалады.

— "Фридом Финанс" Ресейдің нарығы өзгелерден бетер құлдыраған 2008 жылғы дағдарыс тұсында пайда болды, — дейді ресейлік нарықты бақылап жүрген қаржы журналисі Максим Блант Турлов компаниясы құрылған орта туралы. — Батыс нарықтарына деген қызығушылық күрт артты. Forex-тің "айтарлықтай ештеңесі жоқ екені" белгілі болды. Сөйтіп, Батыс нарықтарында қызмет ұсынатын компаниялар пайда бола бастады. Ресейде "Фридом" осы саланың бастаушысы болды. Бұл ерекше бір супер-компания емес: 2022 жылғы жағдай бойынша ол ресейлік брокерлер арасында сегізінші орында тұрды. Ал Ресейдегі брокерлік компаниялар өздерін онша жақсы сезінбеді, өйткені банктер олардың нарығын тартып алып жатты.

2011 жылы Турлов отбасымен Алматыға көшіп келді. Қазақстанда бәсеке аз, өсу үшін мүмкіндік көп болды. Қазір оның компаниясының нарықтағы үлесі 50 пайызға жуық, ол Қазақстандағы ең ірі бөлшек брокер саналады, ал холдинг құрамындағы банк несие қоржынының көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі ондыққа кіреді.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Турлов Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алды.

Тимур Турлов, 16 тамыз, 2023 жыл

Freedom Holding Corp туралы не белгілі?

Холдингтің басты компаниясы — Freedom Holding Corp. АҚШ-та тіркелген оның құрамына ондаған компания кіреді. Негізгі операциялық орталығы Қазақстанда орналасқан, басты активтері де сонда шоғырланған: "Фридом Финанс", Freedom Bank Kazakhstan, Freedom Finance Global PLC және бірқатар сатып алынған компаниялар, соның ішінде Ticketon мен Arbuz бар.

Freedom Holding Corp 2015 жылы АҚШ биржасына шығу мүмкіндігі бар америкалық BMB Munai компаниясының негізінде құрылған. Турлов оны сатып алып, атын Freedom Holding Corp деп өзгертті және оған өзінің брокерлік бизнесін қосты. 2019 жылдың қазанында компания АҚШ-тың Nasdaq биржасында дебют жасады. Ол кезде жылдық табысы 60–70 миллион доллардан аспайтын еді.

2020 жылдан бастап холдинг тәуекелге көп барып жедел өсіп, кеңейе бастады. Бұл назардан тыс қалмады. 2020 жылдың желтоқсанында америкалық коммерциялық емес ұйым — Қаржы журналистикасы қоры (FFJ) холдинг қызметін зерттеп, оны ""Бораттан" кейінгі ғасырдың ең ақылға сыйымсыз қазақстандық фильм" деп атады.

FFJ Freedom Holding-тің 38 пайызға жуық таза табыс табуын ақылға сыйғысыз деп атады: салыстыру үшін, Goldman Sachs 2006 жылы, дағдарысқа дейінгі қарқын кезінде 25 пайызға жуық таза маржа көрсеткен.

Қор компанияның "күмәнді тұстарын" көрсетті:

  • Холдинг табысының жартысынан астамы Турловтың Белизде тіркелген FFIN Brokerage Services компаниясына тиесілі болды, онда клиенттердің ақшасы 93 күнге бұғатталып жатады;
  • Серіктес ретінде Нью-йорктегі Lek Securities аталды, ол заңсыз пайда табу және басқа да заң бұзушылықтар үшін 2,4 миллион доллар айыппұл арқалаған;
  • Сонымен қатар Lek Securities-тің негізін қалаушылардың біріне бағалы қағаздар саласында жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынғаны айтылады.

Тағы бір зерттеуінде FFJ қоры FFIN Belize-дің брокерлік лицензиясы болмаса да, холдинг мәмілелерінің 24 пайызын жүзеге асырғанын атап өтті.

2021 жылдың қазанында қазақстандық құзырлы орган — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кепілдендірілген кірісі бар өнімдерді ұсынуға байланысты "заңсыз қызмет белгілері" үшін FFIN Belize-ді қара тізімге енгізді. Турлов бұл шешімге берген түсініктемесінде таңғалысын білдірді. Ол FFIN Belize-ді "жеткілікті деңгейде ашық" деп атап, "құрылымның Қазақстаннан клиенттер қабылдамайтынын, бірақ бүкіл әлем бойынша (оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар) 50 000-нан астам клиентке қызмет көрсететінін, беделі мінсіз екенін, оған халықаралық аудиттен өткенін және жергілікті құзырлы орган берген лицензияға ие екенін" есептіліктің халықаралық аудитіне және өз ұлттық реттеушісінен алған қолданыстағы лицензияларына ие" екенін айтты.

АҚШ-тағы тергеу

Freedom Holding қызметі АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясының (SEC) тергеу нысанына айналды. Бұл — америкалық қор нарығының басты реттеушісі, оның миссиясы ресми түрде "инвесторларды қорғау" деп көрсетілген.

SEC құжаттарымен танысқан америкалық CNBC телеарнасы 2023 жылы осы тергеу туралы хабар таратты.Басылымның мәліметінше, SEC тергеуді 2021 жылы бастаған. CNBC хабарлағандай, АҚШ әділет министрлігі (DOJ) де алдын ала тергеу жүргізген. Арнаның мәліметінше, ол SEC тергеуінен кешірек басталған.

CNBC SEC пен әділет министрлігі компанияның "ішкі бақылау жүйелерін және оның офшорлық операцияларын, сондай-ақ Турловтың Freedom негізінен ресейліктерден тұратын клиенттеріне америкалық IPO-ларға жол аша алады деген мәлімдемелерін" зерттеп жатқанын хабарлады. CNBC мұндай тергеулер біраз жылға созылатынын және жиі айыппұлсыз аяқталатынын атап өтті.

2024 жылы қазақстандық журналист, Shishkin_like арнасының авторы Дмитрий Шишкинге берген сұхбатында Турлов тергеу жүріп жатыр деуге "негіз жоқ" және онда қандай да бір шешім шығуы да неғайбыл деді. Оның айтуынша, компания құзырлы органдармен "тұрақты түрде байланысып отырады", олардан көп сауал түседі, бірақ "оған ешқандай айып тағылмаған", ал сауалдарды ол тергеу амалдарының белгісі деп санамаған.

SEC тергеуі туралы холдинг алғаш рет 2026 жылғы қаржылық есебінде атап өтті.

Есепте: "2021 жылдан бері компания және ондағы кейбір лауазымды тұлғалар мен директорлар Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияның (SEC) Құқық бөлімінен сотқа бірнеше шақырту, құжаттарды беру туралы сұрау, сондай-ақ түсініктеме беруге шақыртулар мен сұраныстар алды", — деп жазылған. Бұған қоса олар тергеуге байланысты "сын-қатер көбейіп, белгісіздіктер артты" деді.

Freedom Holding сонымен қатар реттеушінің компанияның есеп айырысу тәжірибесі, "кейбір америкалық емес брокерлік-дилерлік еншілес компаниялардың институционалдық маркет-мейкерлерімен" қарым-қатынасы, бухгалтерия және ішкі бақылау туралы ақпаратты сұратқанын атап өтті.

Азаттық Азия редакциясы Freedom Holding Corp-қа сауалхат жіберді. Журналистер Турловтың 2024 жылы сұхбат берген кезде 2021 жылдан бері жүріп жатқан SEC тергеуіның салмағын білген-білмегенін сұрады. Сондай-ақ, журналистер компанияның 2026 жылғы есебінің мазмұны, онда тергеу жүріп жатқанын мойындағаны туралы сұрады. Жауап ретінде компанияның баспасөз қызметі интернетте жарияланған есепке жүгінуді ұсынды.

"SEC-ке барлық талаптарға толық сәйкес [есеп] үсынылды және ол ашық, қолжетімді жерде тұр", — делінген Freedom Holding Corp жауабында.

Бұған қоса редакция холдинг SEC тергеуі аясында қандай мәселелер болуы мүмкін деп қауіп ететінін және бұл туралы клиенттерді хабардар ету ниеті бар-жоғын сұрады. Баспасөз қызметі компания бұл жұмысты жүргізіп жатқанын, ол үшін компанияның есебін тағы бір қарап шығуды ұсынды.

"Компанияның жария есептерінде сын-қатер болады-ау деген маңызды факторлардың бәрі ашық айтылған. <...> Компания инвесторлар мен SEC алдындағы ақпаратты жариялау жөніндегі міндеттемелерін толық әрі қатаң орындай отырып маңызды деген барлық жайтты тұрақты түрде жариялап отырады", — делінген компания жауабында.

2023 жылы қысқа сатылымдарға және сот пен қаржы құжаттарына маманданған америкалық Hindenburg Research компаниясы мақала жариялады. Онда Hindenburg Research Freedom-ды "санкцияларды айналып өтті", жалған табыс тапты, ақшаны жылыстатуға қарсы ережелерді бұзды және Батыс шектеулеріне іліккен ресейлік клиенттермен жұмыс істеді деп айыптады.

CNBC мәліметінше, жарияланымнан кейін SEC холдингке бақылауды күшейткен.

Турлов бұл айыптауларға сын көзімен қарады. Ол Hindenburg-ті "көптеген факті мен ренжіген адамның негізсіз мәлімдемелері негізінде спекуляция жасаған белсенділер". Кәсіпкер айыптаулар негізсіз мәлімдемелерге және Freedom-ның санкцияланған ұйымдармен өзара іс-қимылын бұрыс түсіндіруге негізделгенін, ал бұл әрекеттің бәріне лицензиялар бар екенін айтты.

2024 жылдың қаңтарында холдинг сыртқы тексеру негізгі айыптаулардың расталмағанын мәлімдеді.

Freedom Holding "Азаттық Азия" редакциясының ақпаратты растау туралы өтінішіне жауап бермеді. Тек SEC-ке Morgan, Lewis & Bockius LLP заң фирмасы мен Forensic Risk Alliance аудиторлық компаниясы жүргізген сыртқы тексеру нәтижелерін ұсынғанын айтумен шектелді.

"Уақытша жасырылған" материал

Компания жұмысын Қазақстандағы журналистер де зерттеді. Журналист және National Business басылымының бұрынғы бас редакторы Ардақ Бөкеева ресейліктерге Қазақстанға келмей, ЖСН алмай-ақ, еш келісімшартсыз қазақстандық банк картасын беру схемасын қалай анықтағанын айтып береді. Карталар ресейлік БАҚ-тарда жарнамаланған, оларды шамамен 200 долларға сатып алу ұсынылған. Редакция тіпті эксперимент те жүргізді: Қазақстанға келместен қызмет ақысын төлеген адамның Ресейдегі үйіне карта қалай жеткізілгенін әшкереледі.

— Біз ақшаны алып, оны [Freedom-ға] жібердік. Нәтижесінде әлгі адам карта алды. Біз бәрін фиксация жасадық. Бұл адам ешқашан Қазақстанда болмаған, оның ЖСН-і жоқ, соған қарамастан ол карта алды. Біз осыны жаздық, — дейді Бөкеева.

Журналистердің мәліметінше, Ресей ақпарат құралдарында бұл карта санкцияланған тауарлардың ақысын төлеу құралы ретінде жарнамаланған, ал банктің өзі бұл схеманы ресми түрде тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған e‑residence бағдарламасымен түсіндірген. Қазақстан Ұлттық банкі төлем картасын алу үшін келісімшарт пен ЖСН қажет екенін растады.

Мобилизациядан қашқан ресейліктер Оралдағы халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұр. 26 қыркүйек, 2022 жыл.

Зерттеу аясында National Business-те төрт материал жарияланды, бірақ кейін оның бәрі басылым сайтынан жойылып кетті. Freedom-нан редакцияға сотқа дейінгі шағым да, ақпаратты терістеу туралы өтініш те түспеген.

— Материалдар Турлов құрылымдарының қысымымен өшірілгеніне сенімдімін, — дейді ол. Оның үстіне бұған комментарий беретін сарапшы табу мүмкін болмаған. —Қазақстан — кішкентай ел, ешкім Freedom-ның қара тізіміне ілінгісі келмейді, себебі қазір олардың қоластында тек банк қана емес, ІТ де, жасанды интеллект те бар.

Азаттық Ресейде Қазақстаннан ЖСН нөмірінсіз банк картасын алу қызметін жарнамалаған агенттіктердің біріне хабарласты. Олар Қазақстан бойынша жұмыс тоқтатылғанын, бұдан әрі қайта жүргізілмейтінін айтты.

Қызмет көрсету бөлімі "Тек Қырғызстан мен Арменияны ұсынамыз" деп жауап берді.

Жарнамада банкті құпия түрде "жасыл банк" деп атап, тек ботқа хабарласқаннан кейін ғана толық ақпарат беретінін айтқан. Олардың шарттарының бірі Freedom-ның бұрынғы активті – "Цифра" банкінде шот ашу болған.

— Бірақ бұл — заңды бұзу. Біз реттеуші орган банк саласындағы мұндай ашық заңбұзушылықты неге тыймай отырғанын түсінгіміз келді. Freedom осы үшін айыппұл төлегені немесе қандай да бір тексерулер болғаны туралы естіген емеспін, — деді бірнеше ай бұрын National Business-тен кеткен Бөкеева.

Азаттық Азияның сұрауына жауап берген Freedom Holding компаниясы National Business сайтынан материалдардың жойылуына қатысы жоқ екенін айтты.

"Бұл ақпарат құралымен ешқандай байланысы жоқ жеке құрылым ретінде компания оның редакциялық саясатына, жарияланатын материалдардың мазмұнына немесе редакция қабылдайтын шешімдерге қандай да бір ықпал етпейді әрі әсер ете де алмайды", — делінген баспасөз қызметінің жауабында.

Азаттық Азияның "материалдар не себепті өшірілді?" деген сұрағына National Business-тің негізін қалаушы Самал Ибраева "бұл редакцияның шешімі" деп жауап берді.

— Материал уақытша жасырылды, себебі ол қосымша тексеруді және жекелеген деректерді нақтылауды қажет етеді. Қазір Қазақстанда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған және өздеріңіз білетіндей, журналистердің үстінен де осындай істер қозғалып жатыр, — деді Самал Ибраева. — Редакция барлық деректі мұқият тексеру туралы шешім қабылдады. Тексеру аяқталғаннан кейін жарияланымның әрі қарайғы тағдыры жөнінде шешім қабылдаймыз.

Ал Ардақ Бөкеева журналистік зерттеу тек фактілерге негізделгенін және онда тек "заңның бұзылуы және санкцияларды айналып өтудің ықтимал әрекеті" ғана айтылғанын ескертті.

— Шынымды айтсам, зерттеу алынып тасталғанына қатты таңғалдым. Біздің Қазақстанда алдымен материал жарияланып, кейін адамдармен "әңгіме" жүргізген соң оны алып тастайтын жүйе қанат жайған. Бұл журналистік стандарттарға мүлде сай келмейді, — дейді Бөкеева.

Сонымен қатар, 2025 жылдың қыркүйегінде ақпарат құралдарында ЖСН-сыз карта алған ресейліктерді Қазақстанның сұрауы бойынша жауап алуға шақырып жатқаны туралы хабарлар шықты.

ҚазТАГ үстінен жазылған арыз

2025 жылдың тамызында Freedom арызы бойынша ҚазТАГ ақпарат агенттігінің құрылтайшысы Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновке қатысты "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Оған брокерлік компания менеджменті туралы жарияланымдар негіз болған.

Агенттік жариялаған мақалаларда "Фридом Финанс" менеджментінің әрекеттерінен зардап шеккенін айтқан бірнеше қазақстандықтың оқиғалары келтірілген. Олар компанияның бұрынғы атқарушы директоры тиімді инвестициялар ұсыну арқылы ондаған адамды алдап, қаражатты өз қажеттіне жұмсағанын айтқан.

Компания полицияға жүгініп, ҚазТАГ "жалған мәлімет, эмоциялық айыптау және бұрмаланған фактілерді" таратты деп мәлімдеді. Сондай-ақ материалдарда "елеулі қателіктер мен қате мәлімет жіберілген" деп ескертті.

Желтоқсан айында Қасенов ұсталды, оның пәтерінде және агенттік кеңсесінде тінту жүргізілді. ҚазТАГ-тың бас редакторы аштық жариялап, кейінірек ол үйқамаққа ауыстырылды, оның мерзімі 2026 жылдың сәуіріне дейін ұзартылды.

2026 жылдың ақпанында Алматы қаласының Медеу аудандық соты ҚазТАГ-тың кейбір жарияланымдары Freedom компаниясының іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп танып, агенттікке бірнеше материалды өшіруді және терістеу жариялауды міндеттеді.

Наурыз айында ҚазТАГ бас директоры Матаев "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікті қатарынан алынғаны белгілі болды, алайда Қасеновке қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Ресейдің "Роскомнадзор" федералдық қызметі 2026 жылдың ақпанында Мәскеу қалалық соты арқылы "Фридом Финанс" салымшылары туралы жарияланымдар үшін Ulysmedia.kz және Cmn.kz атты екі қазақстандық басылымның, сондай-ақ "авторлық құқықты бұзған" ҚазТАГ сайтын бұғаттау туралы шешім шығарып, кейін өз ұйғарымының күшін жойды.

ҚазТАГ-қа қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша АҚШ елшілігі мен Еуропа одағы елшіліктері алаңдаушылық білдірді. АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Джули Стаффт 2026 жылдың ақпанында тәуелсіз БАҚ-қа қатысты қылмыстық істерді тұрақты түрде бақылап отырғанын мәлімдеді.

Ал Турловтың өзі ҚазТАГ жарияланымдарын жала деп атады. "Фридом Финанс" компаниясы бұрынғы менеджердің әрекеттерінен компанияның өзі де зардап шеккенін хабарлады.

Ресеймен байланыстар

Тимур Турлов активтерінің басым бөлігін Қазақстанда шоғырландырғанын, ал ресейлік активтерін 2022 жылы сатқанын айтып жүр. Дегенмен Ресей оның бәрін қыр соңынан қалмай келеді. 2024 жылдың наурызында Ресейдің Салымдарды сақтандыру агенттігі 2019 жылы лицензиясынан айырылған Нижний Новгородтағы "Ассоциация" банкінен активтерді шығару ісіне байланысты Турловқа қарсы талап арыз берді. Сот Турловтың 18,95 миллион еуро және 2,05 миллион доллар көлеміндегі активтеріне тыйым салды. Турлов бұл банкпен ешқашан байланысы болмағанын және талаптар туралы тек БАҚ-тан білгенін айтты. 2025 жылдың қыркүйегінде Салымдарды сақтандыру агенттігі талап арызын кері қайтарып, тыйымды алып тастады.

Турлов толық цифрландырылған экожүйе құрып жатқанын айтады. Freedom Holding әртүрлі салалардағы компанияларды сатып алып жатыр. Мәселен, Arbuz.kz – азық-түлік маркетплейсі болса, Ticketon билет сату сервисі, ал Aviata және ChocoTravel –туристік платформалар. Банк, брокерлік қызмет, сақтандыру, байланыс және лайфстайл-сервистерді біріктіретін ең маңызды құрал ретінде Freedom SuperApp бірыңғай қосымшасы ойластырылған.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін кәсіпкер өзін ол елден алшақ ұстауға тырысып келеді. 2022 жылдың қазанында Киев Турловқа және оның Украинадағы активтеріне ("Фридом Финанс Украина") санкция салғанда ол мұны "қате қадам" деп атаған.

"Олар Forbes-тің өткен жылғы ресейлік тізіміндегі барлық кәсіпкерлерді механикалық түрде санкция тізіміне енгізе салды. Мен Forbes-тің ресейлік тізімінен шықтым, өйткені азаматтығымнан бас тартып, Ресейдегі бизнесімді саттым", — деп түсіндірді Турлов, Бұған қоса ол санкция тізімінен жақын арада шығатынына үміт білдірді. Алайда төрт жыл өтсе де ол санкция тізімінде қалып отыр.

Германиялық Deutsche Welle өткен жылы Қазақстан мәжілісінің кулуарында Турлов қаржысының шығу тегі талқыланып жатқанын жазды. Аты аталмаған парламент депутаты басылымға оның "Ресейдің ФСБ-мен ықтимал байланыстары, холдингінің антиресейлік санкцияларды айналып өтуге қатысы және оның ақшасы шын мәнінде “Роснефть” басшысы Игорь Сечиннің қаржысы болуы мүмкін" деген "көптеген күдіктер" барын айтқан. Депутат сондай-ақ Турловтың Ресей арнайы қызметтерімен ықтимал ынтымақтастығы туралы күдігін де жеткізген.

"Оның құрылымдары қазір жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп жатыр. Қор нарығындағы қызметінен бөлек, Freedom телекоммуникация нарығына кірді, автокөлік шинасы мен ұялы телефон сатады, өз сақтандыру компаниясы мен медиа құрылымдары бар. Және барлық негізгі қызметтерде Ресейден шыққан адамдар отыр. Турлов Қазақстандағы экономикалық экспансия міндетін орындап жатқандай әсер қалдырады", — деді депутат DW-ге.

Осы материалда Турлов өзіне қатысты "ФСБ-мен байланыс бар" деген күдікті күлкілі деп атап, "Ресейде ешқашан қандай да бір саяси ойындарға қатыспағанын" және Қазақстанда да оған қатыспайтынын айтты. Hindenburg жүргізген зерттеуді және Ресейге қарсы санкциялард айналып өту, ақшаны жылыстату туралы айыптауларды ол тапсырыс деп сипаттап, соңғы уақытта бизнесінің белсенді дамуы кейбіреулерге ұнамайтынын атап өтті.

SEC-тің тергеуі әлі жалғасып жатыр. Қазақстан билігі ол бойынша жария түсініктеме берген жоқ. Freedom Holding есебінде компания белгісіздік пен сын-қатерлер "тергеудің ұзақтығына, нәтижесіне немесе оның бизнеске әсеріне, соның ішінде ықтимал айыппұлдар немесе өзге де санкциялар көлеміне" байланысты болады дейді.

"Жоғарыда аталғандардың кез келгені жеке-жеке немесе жиынтық түрде компанияның беделіне, бизнесіне, қаржылық жағдайына, қызмет нәтижелеріне, болашағына және ақша ағындарына едәуір кері әсер етуі мүмкін", — делінген есепте.