Тоғыз жол торабындағы күкірт сасып, шаң басқан Ақтөбе

Ақтөбедегі оқушылар сарайы.

Ақтөбе – Қазақстанның батысындағы ең ірі қала әрі өнеркәсіп орталығы. Мұнда жаңа шағынаудандар бар, индустриялық жоспар да көп, бірақ шешілмеген ескі проблема да көп: күкіртсутек иісі, жасыл желектің аздығы, тозған инфрақұрылым және энергетика тұрақсыздығы. Ресей шекарасына жақындығы тағы бар. Кетіп жатқан жастар, келіп жатқандар, Украинадағы соғыстың табы.

Бұл – "Азаттық Азияның" Қазақстан–Ресей шекарасындағы тіршілік туралы арнаулы жобасының екінші репортажы. Ресейге жақындық жергілікті тұрғындардың өміріне қалай әсер ететінін білу үшін тілшілеріміз алты қалаға барды. Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар және Өскемендегі тіршілікті бақылады.

Ақтөбе облысының аумағы 300 мың шаршы шақырымнан асады. Бұл - Қазақстан жерінің шамамен 11 пайызы, яғни ол - республикадағы ең үлкен облыс. Ал халқы 1 миллионға жуық, бұл ел тұрғындарының 5 пайызынан да аз. Облыс солтүстігінде Ресеймен, оңтүстігінде Өзбекстанмен шектеседі, Қазақстанда бұлайша оңтүстіктен солтүстікке созылып екі елмен шектесіп жатқан басқа аймақ жоқ. Облыс арқылы Қазақстанды көрші мемлекеттермен байланыстыратын маңызды автомобиль және теміржол бағыттары өтеді. Ақтөбенің тарихы, экономикасы және көрші өңірлермен байланысы көп жағынан осы географиялық орналасуына байланысты қалыптасты.

Әскери бекіністен өнеркәсіп орталығына дейін

Қала атауын Елек пен Қарғалы өзендерінің қосылған жеріндегі бор төбеден алған.

1869 жылы мамырда патша әскерінің жасағы осы жерде "Ақтөбе" әскери бекінісін сала бастады. Форпост Ресей империясының отарлау саясатының бір бөлігі еді. Империя қазақ даласында ықпалын кеңейтіп, Кіші жүз жерлерін бақылауға алуға ұмтылды.

Ақтөбенің орталығы

Патша билігі әуелі жаңа бекіністі "Беловершинск" деп атамақ болған, бірақ бұл атау орнықпады. Ресми құжаттарда "Ак-Тюбе" атауы бекіп, уақыт өте патшалық нұсқасында "Актюбинск" болып өзгерді, қазақтар байырғы қалпында "Ақтөбе" деп атай берді. 1891 жылы елді мекен уездік қала мәртебесін алды. Мұнда біртіндеп сауда дамыды, ал теміржол салынған соң қаланың маңызы арта түсті. Ақтөбе дала аудандарын Орынбор өңірімен және одан да алыс нарықтармен байланыстыратын көлік тораптарының біріне айналды. Өңірдің бүгінгі логистикалық жоспарлары да осы географиялық орынға сүйенеді, халықаралық автожолдар салынбай тұрып-ақ оның маңызы айқын болған.

Дегенмен Ақтөбе совет дәуіріндегі индустрияландыру кезінде қарыштап дамыды. Өңірден табылған хромит сияқты кеннің сан түрі өнеркәсіп орындарын салуға жол ашты. Зауыттар мен жұмысшы кенттері бой көтеріп, көлік пен коммуналдық инфрақұрылым дамыды, халық саны өсті. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары өнеркәсіп одан әрі қарқын алды. Совет одағының батыс аудандарынан Қазақстанға жабдықтар мен кәсіпорындар көшірілді, ал жұмыс істеп тұрған өндірістер майдан қажетіне еңбек етті.

Ең маңызды оқиғалардың бірі 1943 жылы қаңтарда болды: Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Қазақстандағы алғашқы феррохромды балқытып шығарды. Содан бері қала атауы металлургиямен тығыз байланысты. Бүгінде жаңа тұрғын үй кешендері туралы, тұрғындар санын миллионға жеткізу жайында әңгіме қозғалғанда "зауыт", "кен", "өндіріс" деген сөздер міндетті түрде айтылады.

Ақтөбенің бүгінгі келбеті де өнеркәсіппен астасып жатыр. Қала кеңейіп келеді: айналасында жаңа тұрғын аудандар салынып, халық саны күн санап өсіп жатыр жатыр. Бірақ жаңа кварталдармен қатар ондаған жыл қордаланған проблемалар да жетерлік.

Қазақстан картасы бейнеленген скульптура. Ақтөбе, 5 қазан, 2026 жыл.

Ресеймен арадағы байланысты соғыс қалай өзгертті?

Ақтөбеден Ресей шекарасына дейін шамамен 100 шақырым. Ресейдің жақындығы ондаған жыл бойы өңірдің экономикасын ғана емес, тұрғындардың күнделікті тіршілігін де әсер етіп келді. Ақтөбеліктер көрші елге, соның ішінде негізінен Орынбор қаласына той-томалақ, өлім-жітімге, сауда-саттыққа, оқуға оңай қатынап жүрді. Көп ата-ана баласын ойланбастан Ресей университетіне оқуға жібере беретін, бұл қалыпты жағдай еді. Шекара жақын, тіл де түсінікті, туыстық байланыс та да жетерлік.

Қазақстандағы белгілі «Адаптация» панк-тобының жетекшісі, ақтөбелік музыкант Ермен Ержанов қаланың іргеде жатқан Ресеймен ара-қатынасы қалай өзгергенін жақсы біледі. Оның айтуынша, Ақтөбе мен Орынбор облыстары арасындағы байланыс ондаған жыл бойы қалыптасқан, сондықтан оны толық үзу мүмкін емес.

– Туыстары сол жақта тұратын отбасы көп. Орынборда туып, Ақтөбеде тұратындар да, керісінше, Ақтөбеде туып, Орынборға көшіп кеткендер де бар. Яғни мәдени де, экономикалық та байланыс көп жылдан бері сақталған, олардан ешқайда қашып құтыла алмайсың, – дейді Ермен Ержанов.

Музыкант Ермен Ержанов (ортада) «Адаптация» тобының мүшелерімен бірге Ақтөбе ферроқорытпа зауытының алдында тұр.

Мектеп бітірген балаларын Ресейге жоғары оқу орнына жіберген таныстарым бар дейді Ермен. Олардың көбі кейін жұмысқа тұрып, сонда қалып қойған, ал ата-аналары Ақтөбеде түрып жатыр. Әсіресе орыстілді отбасыларда мұндай жағдай жиі кездеседі. Олар оқуды қайда жалғастырамыз дегенде көбіне алдымен Ресей университеттерін қарастырып келген.

Мұндай көші-қон тек жастар арасында болған жоқ. Совет одағы ыдыраған соң Ақтөбеден Ресейге көп адам көшіп кетті. Сонымен бір мезгілде ішкі көші-қон да күшейді: облыс орталығына ауылдардан жұрт ағылып келді, бұдан қаланың ұлттық құрамы өзгерді.

– 90-жылдары Ақтөбеден Ресейге көп адам кете бастады, сонымен қатар аудандардан адамдар келе бастады. Бірақ 2000 жылға қарай бұл үдеріс бір қалыпқа түсіп, бұрынғыдай көп кетпейтін болды. Соған сәйкес ұлттық құрамы да өзгерді. Совет жылдары қазақтар қала халқының шамамен 30 пайызы болса, қазір 80 пайызға жуығы – қазақ, 20 пайызы – орыстілділер, – дейді Ермен.

Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіріп, артынша мобилизация жариялағаннан кейін оқу мен көшу мәселесі басқаша сипат алды. Ермен Ержановтың айтуынша, ата-аналар ұлдарын Ресейге жіберуден тайсақтай бастады. "Көп адам баласын ол жаққа жіберуден қорқады, өйткені оларды соғысқа алып кетуі мүмкін екенін түсінеді", – дейді ол.

Ермен үшін Ресей жай ғана көрші ел емес, концерт қоятын маңызды бағыт еді. «Адаптация» Ресей қалаларына жиі гастрольге барып тұрды, соның ішінде Орынборда да өнер көрсетті, ол жақта топтың өз фанаттары қалыптасқан. Алайда 2024 жылы жағдай өзгерді: Ермен Ресейге гастрольге баруды тоқтатты, содан бері ол соғысқа қарсы екенін ашық айтып жүр. Музыкант өз ұстанымын шығармашылығы арқылы да білдіріп, соғысқа қарсы әндер жазып жүр.

Электр энергиясына тәуелділік

Ақтөбеде Ресейдің жақындығы туыстық байланыс пен Орынборға қыдырумен ғана шектелмейді. Екі аймақ көрші жатқандықтан кәсіпорындар мен мекемелер арасындағы сауда-саттық, алыс-беріс күшті болды. Шекараның екі жағында тұрақты экономикалық қатынастар қалыптасқан, олар әлі күнге дейін сақталып отыр.

Тоғыз жолдың торабында тұрса да, ірі өнеркәсіп орындары болса да, бұл өңір сыртқы инфрақұрылымға тәуелді. Мұның ең айқын мысалдарының бірі – Ақтөбенің электр энергиясымен қамтамасыз етілуі.

Өнеркәсіп әлеуеті мен табиғи ресурстары мол болса да, өңірдің өз генерациялық қуаты жетіспейді. Бұл туралы көп жылдан бері қоғамдық және экологиялық мәселелермен айналысып келе жатқан экобелсенді, "Решимость и Единство действий" қоғамдық қорының директоры Александр Мандрыкин айтады.

– Өзімізге тиесілі электр энергиясы жоқ. Электр энергиясын өндіретін мүмкіндік жоқ, – дейді Александр Мандрыкин. – Жылу электр станциялары жоқ, су электр станциясына су жоқ, ал атом электр станциясы, бағымызға я сорымызға қарай, бізден алыс болады. Қазір оның орнына жел қондырғыларын белсенді түрде орнатып жатыр, сондай-ақ басқа көздерден, басқа облыстардан келетін электр энергиясы пайдаланылады.

Ақтөбенің орталық стадионы.

Мандрыкиннің пікірінше, өңірдің сырттан келетін электр энергиясына тәуелділікті азайтуға мүмкіндігі бар. Бір шешім — Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ өңдеу зауытының қуатын пайдалану. Экобелсенді Мандрыкин бұл кәсіпорын қаланы электр энергиясымен, әрі халыққа тиімдірек шарттармен қамтамасыз ете алар еді деп санайды.

"Ол қаланы, қала тұрғындарын бірыңғай арзандатылған тарифпен әрі халыққа арнап бөлінген субсидиямен қамтамасыз ете алар еді, ал ол субсидия қазіргі олқылықтардың орнын молынан жауып кетер еді", — дейді экобелсенді.

Мандрыкин өз бастамасын "Халыққа арналған энергетика торабы" деп атайды. Жоба Жаңажол газ өңдеу зауытының электр энергиясын қала мұқтажына пайдалануды көздеген. Өзінің айтуынша, ол бұл идеяны облыс әкімдігі деңгейінде ұсынған, бірақ шенеуніктерді иландыра алмаған. Қазір Мандрыкин жоба жүзеге аса қоюы екіталай дейді.

Тұншыққан қала: зауыт қалдықтары мен күкіртсутек иісі

Ақтөбе көптен бері Қазақстандағы ауа сапасы ең нашар қалалар қатарына кіреді. "Қазгидрометтің" дерегінше, 2020, 2022, 2023 және 2024 жылдары мұндағы ластану деңгейі "өте жоғары" болған. Тек 2023 жылы ғана мамандар зиянды заттардың рұқсат етілген шекті деңгейден асып кетуінің 2616 фактісін, ал 2024 жылы тағы 2342 фактісін тіркеген. Ахуал бүгін де күрделі күйінде қалып отыр. 2026 жылдың ақпанында экология министрлігі Ақтөбені Алматы, Қарағанды, Теміртау және Өскеменмен қатар елдегі ең проблемалы қалалар қатарына қосты. Қаладағы басты ластаушы заттар — күкіртсутек пен азот диоксиді.

Қаланы ластайтын бірнеше нәрсе бар. Өнеркәсіп орындарын қоспағанда, ауа сапасына энергетика нысандарының жұмысы мен автокөлік те әсер етеді. Экологтар негізгі ластаушылар ретінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытын, Ақтөбе ЖЭО-сын, газ инфрақұрылымы мен автокөлікті атайды. Өндіріс процесі мен отынның жануы салдарынан атмосфераға азот оксиді, күкіртті қосындылар және басқа да зиянды заттар бөлінеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің құрметіне жанып тұрған мәңгілік алау. Ақтөбе, 5 қазан, 2026 жыл.

Зиянды заттар қай нәрсенің кесірінен көбейіп кеткенін анықтау мүмкін бола бермейді. Ол үшін қай кәсіпорын не инфрақұрылым нысаны себеп болғанын анықтауға мүмкіндік беретін қосымша зерттеу қажет.

Бүкіл ғұмырын Ақтөбеде өткізген музыкант Ермен Ержанов қаланы экологиялық проблемалар әлі совет заманынан бері әбден зәрезап қылып келеді дейді.

"Бала кезімде зауыттар зиянды заттарды түнде шығаратын. Мысалы, бір ағашқа жақындасаң, үстінде бір қабат болып металл шаңы тұрады. Химия зауыты қалдықтарын біздің үйдің маңынан ағатын шағын өзенге жиі ағызатын. Ақтөбеде он жылдан бері бар тағы бір мәселе — күкіртсутек қалдығы. Оны сізге қаладағы кез келген адам айтып береді. Әсіресе Ақтөбенің ескі бөлігінде қатты сезіледі: онда кейде дем алу мүмкін болмай қалады, жұрт терезесін де аша алмайды. Сол аудандарда пәтер бағасы түсіп кетті, үйлері жақсы болса да, көбі ол жерде тұрғысы келмейді", — дейді ол.

Ақтөбенің экологиясын тек өнеркәсіп бүлдіріп жатқан жоқ. Облыстық экология департаментінің дерегінше, кәріз құдығы, сорғы станциялар және тазарту құрылғыларынан да зиянды газ бөлінеді.

Қалалық тазарту құрылғылары 1981 жылдан бері пайдаланылып келеді. Ондаған жыл бойы оның техникалық жағдайы қатты нашарлаған, биліктің айтуынша тозу көрсеткіші шамамен 70 пайыз. Кей кезде ауадағы күкіртсутек деңгейі рұқсат етілген нормадан он есе асып кетеді.

Бұл мәселені билік коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту арқылы шешуді көздейді. Ақтөбеде құны 43 миллиард теңгеге жуық жаңа тазарту кешенін салу жоспарланған. Билік 2028 жылға дейін оның құрылысын аяқтап, қаладағы ауыр экологиялық проблемаларының бірін шешеміз деп отыр.

Жаңа кешендер пайдалануға берілгенше, тұрғындар жағымсыз ауамен тыныстап, осы лас қалада өмір сүруге мәжбүр.

Ақтөбеде жасыл желек неге аз?

Ақтөбенің тағы бір экологиялық мәселесі өнеркәсіппен емес, өңірдегі табиғат ерекшелігімен байланысты. Қала қатты климаты құрғақ, желі қатты сайын даланың ортасында тұр.

Жел шаңды көтереді, ағаш пен орман белдеулерінің тапшылығы салдарынан қала табиғи факторларға төтеп бере алмайды. Сондықтан Ақтөбедегі көгалдандыру мәселесі көше, саябақ пен аула көркіне ғана қатысты емес. Қала ортасын жел эрозиясынан, шаң мен жаздың аптабынан қорғау керек.

"Ақтөбе, тыныс ал" қозғалысының негізін қалаған жергілікті экобелсенді Евгений Лазарчук қаланы көгалдандыру мәселесімен бірнеше жыл айналысып келеді. Ол қаланы қатты дала желінен қорғау үшін қазіргі жасыл желек жеткіліксіз дейді.

"Мұндай жел даладан шаң айдап әкелетінін көріп отырмыз. Егістіктегі құнарлы қабат бұзылып жатыр. Бізде жел эрозиясы күшті. Жасыл белдеуіміз жоқ", — дейді ол.

"Ақтөбе, тыныс ал" қозғалысының негізін қалаған экобелсенді Евгений Лазарчук.

Лазарчуктің айтуынша, бұрын болған қорғаныш орман белдеулерінің бір бөлігіне құрылыс салынып кеткен. Қалған ағаштар шаң мен қатты желді толық тежей алмайды. Көгалдандыру кеңінен жүрсе, Ақтөбенің микроклиматы жақсарып, қала өмір сүруге жайлы бола түсер еді дейді экобелсенді.

Лазарчук ағаш отырғызуға шақырумен ғана шектелмейді. Ақтөбенің шетінде оның көшет питомнигі бар, онда көшет өсіреді, оның ішінде қоғамдық және еріктілер жобаларына арналған көшеттер де бар. Белсенді уақытының көбін сол көшет бағында өткізеді.

Лазарчуктің бір мақсаты — қаланы жаппай көгалдандыруға жағдай жасап, тұрғындарға жергілікті климатта өсе алатын өсімдіктер туралы көбірек түсіндіру.

"Осы жерде ерікті жобаларымызға арнап көшет өсіреміз. Мысалы, биыл көктемде қаладағы мектептерге екі мыңға жуық көшет таратып бердік, — дейді Евгений Лазарчук. — Сондай-ақ шағын интродукция алаңымыз бар, ал алты жарым гектар жер дендропаркке бөлінген. Оны өз қолымызбен жасағымыз келеді. Идеялар бар, мұны өмірлік іс деп те атауға болатын шығар. Жұрт, әсіресе қазір мұндай жерлерге шығуға мүмкіндігі жоқ студенттер мен балалар, табиғатпен танысып, ағаштың қалай өсетінін білуі керек.

Ресми орындар да жасыл желекті көбейту қажетін мойындайды. Ақтөбенің бас жоспарына сәйкес, нормативтік көрсеткішке жету үшін қалада кемі 486,9 гектар көгалдандырылған аумақ болуы керек. Қаланың барлық ауданында саябақ, сквер, орманды белдеу және басқа да жасыл кеңістік болуы керек.

Евгения Лазарчуктың ағаш питомнигі. Ар жағында - Ақтөбе ферроқорытпа зауыты.

Евгений Лазарчук қазіргі жағдайды парадокс деп санайды. Ақтөбе металл өндіріп, өнеркәсіпті арттыруға, жаңа тұрғын аудандар салып, көлік инфрақұрылымын дамытуға қабілетті, ал жай ағашты өсірудің өзі қиын болып тұр.

Экобелсенді қаланы көгалдандыру ісіне кейінге қалдыруға болатын мәселе деп қарауға болмайды дейді. Ақтөбенің 10-20 жылдан кейін қандай болатыны қалада қанша ағаш отырғызылып, олардың қаншасын сақтап қала алатынымызға байланысты дейді ол. Өйткені өнеркәсіпті дамытып, халық санын арттырумен қоса, өзгеріп жатқан кеңістікте қауіпсіз әрі жайлы қала жасау да оңай шаруа емес.