Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салуды ұсынды

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салуы мүмкін. Тиісті заң жобасын үкімет әзірлеп, парламентке енгізілген. Сәрсенбі күні Тамыз конференциясына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бастаманы жаңа құрылтай депутаттарына жедел қарауды ұсынатынын айтты.

“Көптеген озық елдер осы іспеттес шаралар қабылдады. Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді” деді Тоқаев.

Оның сөзінше, "әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалар дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді". Қазіргі жағдай 2018 жылы қабылдаған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңды қайта қарауды және елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді деді ол.

"Үкімет балаларды қорғау мақсатында мазмұнды (контентті) сүзгіден өткізу шараларын қабылдағаны жөн. Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады" деді Тоқаев.

Қаңтар айында оқу-ағарту министрлігі балаларды заңға қайшы контенттен қорғайтын шараларды әзірлеумен айналысатын жұмыс тобы құрылғанын хабарлаған. Атап айтқанда, 14 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіні қолдануына шектеу қою, балаларға арналған SIM-картаны тіркеу, бұған қоса балалар көретін заңға қайшы контентті ересектердің бақылау мүмкіндігі сияқты мәселелер қаралған.