Тоқаев Аида Балаеваны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары етіп тағайындады

Kazakhstan – Minister of Information and Social Development of the Republic of Kazakhstan Aida Balayeva at a briefing in the Central Communications. Astana, 6 October 2023

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аида Балаеваны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы дүйсенбіде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Тоқаев сонымен бірге Ғизат Нұрдәулетовті Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінен босатты. Ол бұл қызметті 2022 жылдан бері атқарған. Ресми құжатта ауыс-түйістің себебі көрсетілмеген. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметі тағайындалатынын Тоқаев 28 тамызда, бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылғанда жария еткен.

"Құрылтай құрылымы құрылғаннан кейін мен вице-президент пен премьер-министр лауазымына кандидаттарды депутаттардың қарауына ұсынамын. Содан кейін сіздермен кеңескеннен кейін үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындау болады", - деген Тоқаев.

Қауіпсіздік кеңесі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, құқық қорғау органдарының және арнайы қызметтердің "ұлттық қауіпсіздікті және елдің халықаралық беделін, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырудағы" қызметін үйлестіреді. Мемлекет басшысы ретінде Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Өткен сенбі, 29 тамызда ол үкімет құрамында президентке тікелей есеп беретін Қауіпсіздік кеңесінің кеңсесін құру туралы жарлыққа қол қойған.

Мемлекеттік қызметте жүргеніне 20 жылдан асқан Аида Балаева президент әкімшілігі мен үкіметте түрлі лауазымдар атқарған. Осы кезге дейін ол премьер-министрдің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі болды. 2024 жылы Балаева министр болып жұмыс істеген кезде қабылданған "Масс медиа туралы" заң журналистер мен сарапшылар қауымдастығының сынына қалған. БАҚ құқығын қорғаушылар заңдағы жаңа талаптар тәуелсіз редакциялар мен блогерлерге қысым көрсету құралына айналуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Министрлікті сотқа берген журналистердің уәжі қандай?