Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 маусым күні Алматы облысына барып, Алатау қаласын дамыту жайлы кеңес өткізді. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев жаңа қаланың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы барын, оны инвестиция, бизнес және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамыту міндеті тұрғанын айтқан. Ол Алатауда жалпы құны 2 трлн теңгеден асатын 53 инвестициялық жоба іске асырылып жатқанын, олардың қатарында PepsiCo-ның Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдеу зауыты, Mars Petcare-дің үй жануарларының азығын шығару жобасы және бірқатар өндірістік-логистикалық кәсіпорындар барын мәлімдеген.
Тоқаев Алатауды "бірегей құқықтық мәртебесі бар қарқынды дамитын қала" деп атап, онда арнайы құқықтық режим енгізіліп, салық жеңілдіктері қарастырылған, бизнес құқықтарын қорғау және цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған деп мәлімдеді.
Президент Alatau City жобасы экономикалық қиын кезеңде қабылданғанына қарамастан, жан-жақты сарапталып, мұқият әзірленді деген. Оның айтуынша, жаңа қала Қазақстанның дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге тиіс және Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон секілді табысты халықаралық жобалардың тәжірибесіне сүйенеді.
Тоқаев қала үшін қажетті құқықтық негіз қалыптасқанын айтып, бірақ арнайы құқықтық режимнің өзі автоматты түрде табысқа кепіл болмайтынын ескерткен. Президенттің сөзінше, бұрынғы арнайы экономикалық аймақтардың бір бөлігі сапалы институттар мен тұрақты ережелердің болмауынан күткен нәтижеге жете алмаған.
Президент Alatau City бойынша барлық негізгі реттеуші актілерді қысқа мерзімде қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, заңнамалық жұмыстың созылуы инвесторлардың қызығушылығын төмендетуі мүмкін, сондықтан жобаға қатысты құқықтық тетіктер халықаралық сарапшылардың қатысуымен жедел әрі сапалы әзірленуі қажет.
Тоқаевтың сөзінше, Alatau City Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қалаға айналуы тиіс. Қала үлкен деректерге, озық технологияларға және "ақылды" басқару жүйесіне негізделіп дамитын болады деді ол. Президент жыл аяғына дейін қаланың ұзақмерзімді жоспары, даму стратегиясы және кешенді бағдарламасын қабылдауды тапсырды.
Тоқаев инвесторлар үшін халықаралық стандарттарға сай қолайлы орта қалыптастыру қажеттігін айтты. Ол шетелдік капиталды қорғау, "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсету және мемлекеттік кепілдіктердің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді.
Қазақстан президенті қазіргі таңда Алатауда жалпы құны шамамен 2 трлн теңге болатын 50-ден астам инвестициялық жоба әзірленгенін айтты. Бұл жобалар 50 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деді президент.
2024 жылы қаңтарда президент Тоқаев Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырымдай жерде орналасқан, әкімшілік тұрғыда Алматы облысының Іле ауданына қарайтын 25 мың халқы бар Жетіген ауылын қайта құру туралы жарлыққа қол қойып, елді мекен Алатау қаласына айналған. Жаңа қаланың құрамына көрші жатқан Еңбек, Құйған, Жаңа арна ауылдары қосылған еді. Бұл ауылдарда жалпы саны 50 мыңға тарта адам тұрады.