Тоқаев АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілімен кездесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор. Нью-Дели, 12 қыркүйек 2026 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өтетін БРИКС саммиті аясында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті деп хабарлады Ақорда.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Гор Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында президент Дональд Трамп жолдаған құттықтау хатты табыстады. Қазақстан басшысы жылы лебізі үшін АҚШ президентіне алғыс айтып, Трампты Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады. Ол сонымен бірге Қазақстан-АҚШ стратегиялық серіктестік қарқынды дамуын атап өткен.

“Қазіргі уақытта Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындалып жүрмін. Бұл екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өзара тиімді ықпалдастықты ілгерілету жолында сөзден гөрі нақты іске көшкенді жөн көреміз” деді Тоқаев.

Ақорданың жазуынша, Гор “Қазақстан мен АҚШ көшбасшыларының тығыз әрі өзара сенімге құрылған қарым-қатынасының арқасында екі ел ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін” атап өткен.

“Президентіміз Қазақстанмен және Орталық Азиямен серіктестікті күшейтуге айрықша мән береді” деді Гор.

Тараптар сонымен бірге бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары, әсіресе, жасанды интеллект және цифрлық технология секілді басым салаларды қарастырған.

Гордың өзі X желісінде аталған кездесу туралы:

“Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкіл ретінде аймақтағы ынтымақтастығымызды дамытуға міндеттімін. Президент Трамп та, президент Тоқаев та нәтижеге қол жеткізуді көздейді және мақсаттарына жетеді!” деп жазды.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырған еді. Тоқаев шақыруды қабылдаған.

Ақпаратқа қарағанда, Трамптың екінші әкімшілігі тұсында Астана америкалық компаниялармен жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын 29 келісімге қол қойған. Қазақстандағы Америка сауда палатасының президенті Джефф Эрлихтің айтуынша, екі ел арасындағы іскерлік байланыс бұрын-соңды мұншалықты жоғары деңгейге жетпеген. АҚШ Қазақстандағы кеніштерге әсіресе, вольфрам кеніштеріне қызығушылық танытып отырғанын халықаралық басылымдар жазған.

Маусымда New York Times басылымы Қазақстандағы миллиардтаған долларлық вольфрам жобасына қатысты "Трамп миллиард долларлық тау-кен келісімін жасады. Оның ұлдары бұдан пайда көруі мүмкін" дейтін зерттеу жариялады. Ақ үй Трамп әкімшілігінің шешімдері тек америкалықтардың ұлттық және экономикалық мүддесіне негізделетінін мәлімдеген.

Басылым мақалада Қазақстан кейінгі жылдары Ресей мен Қытайдың ықпалын теңестіру үшін АҚШ-пен экономикалық және саяси байланыстарын күшейтіп жатқанын жазады.