Тоқаев Ердоғанға: қарым-қатынас мәңгілік достық және стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді

Қазақстан және Түркия басшыларының жоғары деңгейдегі келіссөзі. Анкара, 29 қазан 2026 жыл. Ақорда таратқан сурет.

29 қазанда Анкарада Түркия басшысы Режеп Ердоған және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді деп хабарлады Ақорда.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев Түркия басшысы мен түрік халқын Республика күнімен құттықтады. Қазақстан басшысы Түркияның абырой-беделі жылдан-жылға артып жатқанын айтып, Ердоғанды "әлемдегі аса ықпалды басшылардың бірі" деп атады.

"Қазақ елі Түркияны әрқашан қолдайды және ағайын жұрттың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанады" деді Тоқаев.

Ол "қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады, тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас" деді.

"Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз. Сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Бұған қоса, Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда бірқатар түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түрік бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз" деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген.

"Серіктестігімізді одан әрі дамыту бәріміздің мүддемізге сай келеді. Ертең өзіңізбен бірге Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысамыз. Жақын арада Анталияда СОР31 климаттық форумы өтеді. Мен осы беделді басқосуға қатысуды жоспарлап отырмын. Мұның бәрі екіжақты және көпжақты байланысымызды дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз" деді Қазақстан басшысы.

Ақорданың жазуынша, өз кезегінде Түркия президенті де Қасым-Жомарт Тоқаевты жәнеқазақ халқын Республика күнімен құттықтады. Ердоған жақында Анкарада қазақ мемлекеттілігінің тарихына арналған «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өткенін айтты. Бұдан бөлек, «Наурыз – түркі әлемінің ортақ мұрасы» кітабы қазақ тіліне аударылған.

"Биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапарым барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойдық. Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз" деді Түркия басшысы.

Келіссөз барысында екі ел басшылары көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.

30 қазанда Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті өтеді.

“Түркі мемлекеттері ұйымына” Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мүше. Қазір Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы рөлінде. Ұйымның өз ішінде бірнеше құрылым бар.

2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі деп құрылған ұйымның алғашқы саммиті 2011 жылы қазанда Алматыда өткен. Алғашқы саммитке Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан қатысқан еді. Елдер экономика, туризм, мәдениет, көлік, білім саласында қарым-қатынасты дамытуды ойластырған. Кейін 2021 жылы кеңес «Түркі мемлекеттері ұйымына» айналды.