Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалды

Қазақстан президенті вице-президент лауазымына Ерлан Қаринді ұсынды. Құрылтай депутаттары оны қолдады. Астана, 31 тамыз, 2026 жыл.

31 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді Қазақстанның вице-президенті лауазымына тағайындады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Дүйсенбі күні Құрылтайдың 141 депутаты Ерлан Қаринді вице-президент лауазымына бекіту туралы Тоқаевтың ұсынысын мақұлдап дауыс берген.

Қазақстанда биыл шілде айында күшіне енген жаңа Конституция бойынша, елде вице-президент лауазымы жаңадан енгізілген. Вице-президентті қызметке Құрылтайдың келісімі бойынша президент тағайындайды және босатады, оның қызмет міндеттерін де президент анықтайды. Ал мемлекет басшысы қайтыс болған немесе қызметінен кеткен жағдайда, Конституцияға сәйкес, оның өкілеті вице-президентке өтеді. Егер Құрылтай президент вице-президенттікке ұсынған кандидатураны екі рет қабылдамай тастаса, онда президент Құрылтайды таратып жіберуге құқылы.

Тоқаев вице-президент қызметіне тағайындалған Ерлан Қаринді Ақордада қабылдап, оның алдына бірнеше міндет қойды. Ол Құрылтаймен, үіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста президент атынан өкілдік етіп, "мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша ұстанымын жеткізу тапсырылды" делінген Ақорда хабарламасында.

50 жастағы Қарин бұған дейін президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, мемлекеттік хатшы, президенттің көмекшісі, президенттің кеңесшісі қызметтерін атқарған.