Тоқаев ғимараттардың қабырғасына граффити салатындарға қатаң шара қолдануды тапсырды

Теміртау ауасының ластанғаны жайлы граффити.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғимараттардың қабырғасына граффити салатындарға қатаң шара қолдануды тапсырды.

“Еліміздің қалаларында бұған жол бермеу керек, сондай-ақ әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын, қоғамдық орындарды бүлдіретін «шығармашылықтың» мұндай түріне толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шаралар қабылдаған жөн” деді мемлекет басшысы.

Оның сөзінен Ақорда үзінді келтіреді. Ол сенбі күні Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке де осындай тапсырма берді.

Қазақстанда граффити салынған ғимараттар көп, кейде суретшілер сол арқылы қоғамдық-саяси мәселелерге де үн қосып жатады. Көп жағдайда мұндай граффитилер өшіріледі.

Қыркүйектің басында “180 Graffiti Production” студиосы Көкжайлау шатқалын қорғаған граффити салған. Алайда көп кешікпей граффитидің өшірілгені хабарланды.