Тоқаев: Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші президент "Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды" деді. Қазақстан басшысы бұл жөнінде 23 қазанда Республика күніне орай өткен салтанатты жиында айтты.

Тарихи оқиғалар мен тұлғаларды әділ бағалау қажеттігін айтқан Тоқаев "егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе" деді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1990 жылдан 2019 жылға дейін, яғни 30 жылға жуық басқарды. Отставкаға кеткеннен кейін де ол елеулі саяси ықпалын сақтап, бірқатар өкілетке ие болды. Алайда кемінде 238 адамның өмірін қиған 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін оның саяси ықпалы әлсіреді.

Сарапшылар газ бағасының күрт қымбаттауына байланысты басталған жаппай наразылық пен тәртіпсіздіктердің артында бұрынғы президенттің командасы мен Тоқаев арасындағы билік үшін күрес тұруы мүмкін деп болжаған. Алайда сол кезде Назарбаев та, оның мұрагері де араларында қайшылық барын көпшілік алдында жоққа шығарды.

2025 жылы Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезіндегі дағдарысқа елдегі қос билік себеп болғанын айтты. Президенттің сөзінше, Назарбаев «саяси әдептілік танытпай», Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде премьер-министрмен, Ұлттық банк басшысымен және министрлермен тұрақты түрде жиындар өткізіп отырған. Соның салдарынан мемлекеттік қызметкерлер бір-біріне қайшы нұсқау алған.

Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұл қайғылы оқиға Қазақстанға елде қос билік болмауы керектігін үйреткенін айтты. Оның пікірінше, президентті «Құдайдың көлеңкесі» емес, халық жалдаған мемлекеттік менеджер ретінде қарастыру қажет.

Қаңтар көтерілісінен кейін елде саясаттанушылар атағандай, «Назарбаевтан арылу кезеңі» басталды. 2022 жылы Конституциядан бірінші президентке қатысты ережелер алынып тасталды. Ал 2023 жылы Назарбаев пен оның отбасы мүшелеріне айрықша артықшылықтар берген «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы» заңның күші жойылды. Бұрынғы президент «Ұлт көшбасшысы» мәртебесінен де айырылды.

Елдің бірнеше қаласында Назарбаевтың ескерткіштері алынып, оның есімі берілген нысандардың атаулары өзгертілді. Атап айтқанда, астанаға бұрынғы атауы — Астана қайтарылды. Қала Тоқаевтың бастамасымен үш жыл бойы Нұр-Сұлтан деп аталған еді.

Соған қарамастан, Тоқаев ара-тұра Назарбаевтың еңбегін көпшілік алдында атап өтеді. 2024 жылғы Республика күніне арналған жиында ол Назарбаев қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуында шешуші тарихи рөл атқарғанын айтып, оның еңбегі ұмытылмауы керек екенін мәлімдеген