Тоқаев орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы жарлық шығарды

Астанадағы мектеп-гимназиялардың біріндегі сабақ. Азаттық архивіндегі фото.

12 мамыр күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сол күннен бастап күшіне енген құжат 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеуді, мектептердің цифрлық инфрақұрылымын жаңартуды және педагогтерді даярлауды көздейді.

Жарлыққа сәйкес, үкіметке биылғы 1 шілдеге дейін дербес оқыту тетіктерін, цифрлық инфрақұрылымды, педагог кадрларды даярлауды және оқушылардың дербес деректерін қорғауды қамтитын кешенді жоспарды бекіту, ЖИ саласындағы сарапшы Ли Кай-Фу ұсынымдары негізінде қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған пилоттық жобаны 1 маусымға дейін іске қосу міндеттелді.

Бұған қоса, биылғы 1 тамызға дейін мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен және қажетті техникалық жабдықтармен қамту, ал 1 қыркүйекке дейін ЖИ-ді білім беру жүйесінде қолдану стандарттарын бекітіп, академиялық адалдық талаптарын енгізу тапсырылды.

Үкіметке педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін және ЖИ-ді мұғалімдерді алмастырмай, қосымша тиімді құрал ретінде қолдануға бағытталған шаралар жоспарын әзірлеу міндеттелді. Құжатта сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында дербес деректерді қорғауды күшейту және білім беру контентінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қарастырылған.

Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктеріне 1 тамызға дейін ұлттық кешенді жоспармен үйлестірілген өңірлік жоспарларды бекіту тапсырылды.