Тоқаев: өз жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз

Түркістан облысына сапары кезінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы соғысқа қатысып жатқан елдерді келіссөзге шақырып, Қазақстан өз жерін бейбіт келіссөз үшін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

“Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді. Алайда, бұл мәселе қақтығысқа тікелей қатысып отырған мемлекеттерге байланысты. Ең алдымен олар оң шешім қабылдауы керек. Ал менің ұсынысым бұл – қазақ халқының ізгі ниетінің көрінісі” деді Тоқаев 21 наурызда Түркістан облысы халқымен кездесу кезінде.

Ол ең әуелі азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату қажеттігін айтып, осыдан кейін келіссөздерді бастау керек деді.

28 ақпаннан бері Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты бірнеше рет мәлімдеген жасаған. 1 наурызда ол Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына қолдау білдіріп, “достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекетті” айыптаған. Әзербайжанның Нахчыван әуежайына ирандық дрондардың соққысын да қатаң айыптаған еді. 11 наурызда Иранның БАӘ-ға жасаған зымыран және дрон шабуылын айыптады.

Тоқаев халықаралық дауларда "араағайын болу" мәселесін жиі айтады. Биыл қаңтарда Turkistan газетіне берген сұхбатында "халықаралық дауларда араағайын болуға ниеті жоғын" айтқан.

Бұрын Қазақстанның сыртқы істер министрі, елдің премьер-министрі болып та істеген Тоқаев 2011 жылғы наурыздан 2013 жылғы қазан айыына дейін БҰҰ-ның Женевадағы бөлімін басқарып, бас хатшының орынбасары қызметін атқарған. 2013 жылғы 16 қазанда ол Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстанның билік иерархиясындағы президенттен кейінгі екінші лауазымға – парламент сенатының төрағасы болып сайланған.