Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьер-министрі Никол Пашинянды "Азаматтық келісім" партиясы парламент сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады, деп хабарлады 8 маусым күні Ақорданың баспасөз қызметі.
"Көптеген халықаралық байқаушының алдын ала мәліметінше, сайлау елдің қолданыстағы сайлау туралы заңнамасына сай, ашық әрі азаматтардың еркін білдіруіне тиісті жағдай жасала отырып өткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның Армения елінің ұзақмерзімді ұлттық мүддесі жолындағы қызметте табысқа жете беруіне тілектестік білдірді", делінген Ақорда жариялаған ақпаратта.
Тоқаев "Қазақстан достас Армениямен барлық салада өзара мүддеге сай белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін" айтып, армян халқына мемлекеттілікті дамытуда сәттілік, бейбітшілік пен бақ-береке тілеген.
Армения Орталық сайлау комиссиясы барлық 2005 сайлау учаскесіндегі дауыстарды санағаннан кейін, 8 маусым таңертең Пашинянның жақтастары жеңіске жеткенін жариялады. "Азаматтық келісімшарт" партиясына сайлаушылардың 49,85% қолдау білдірген, осылайша олар парламенттегі 105 орынның 61-ін иемденіп, көпшілік дауысқа ие болады.
Ресейшіл деп саналатын үш оппозициялық партия да парламентке өтті. Олар - миллиардер Самвел Карапетянның "Күшті Армения" блогы (23,31% және 28 орын), сондай-ақ "Армения" блогы мен "Гүлденген Армения" партиясы. Өзге партиялар 4% межеден өте алмады.
Дүйсенбіге қараған түні, дауыс санау аяқталмай жатып, Пашинян өзінің "Азаматтық келісім" партиясы парламент сайлауында жеңіске жеткенін жариялаған.
"Бұл тарихи жеңіс Армания Республикасының дамуын қамтамасыз ететіні даусыз", деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Пашинян өз партиясы сайлауда жеңгенін мәлімдедіПашинян сөзінде Арменияның Түркиямен және Әзербайжанмен қарым-қатынасын жақсарту ниеті барын, оған қоса Ереван Батысқа жақындауды жалғастыратынын, сонымен бірге Еуразия экономика одағына мүшелігінен бас тартпайтынын мәлімдеді.
Оппозиция Пашинянның дауыс санау жалғасып жатқан шақта жасаған мәлімдемесін сынға алып, оны Орталық сайлау комиссиясына қысым жасады деп айыптады. Оппозиция өкілдері сайлау барысын сынға алып, билікті заңды таптады деп кінәлады.
Халықаралық байқаушылардың көпшілігі сайлау елдің тиісті заңдарына сәйкес, ашық әрі азаматтардың ерік-жігерін білдіруіне қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген жағдайда өтті деген баға беріп жатыр.
Армения парламентін сайлауды бақылауға 13 жергілікті және 8 халықаралық байқаушылар миссиясы қатысты.
ШЕТЕЛ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ ЖӘНЕ КРЕМЛЬДІҢ СЫНЫ
Дүйсенбі күні Пашинянды Еуропа одағы жетекшілері мен өзге де елдердің көшбасшылары құттықтады. Еурокомиссии басшысы Урсула фон дер Ляйен Пашинянға жеңіске жеткеніне құтты болсын айтып: "Армения бізге арқа сүйей алады" деп мәлімдеді.
Франция президенті Эммануэль Макрон өз құттықтауында Армения "қоқан-лоқы мен айла-шарғыға қарамастан демократия жолын таңдағанын" айтты.
Бұған дейін Армения Еуроодақпен байланысын нығайтуға бейіл екенін танытқан.
Бұл сайлау Мәскеу Пашинянның саясатын қатты сынға алып, Армения мен Ресей арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған дәрежеде шиеленіскен тұста өтті. Кремль Пашинянның үкіметін батысшыл саясат ұстанды деп айыптап, Ресей билігі бірқатар армян тауарлары (гүл, минералды су, көкөніс, жеміс-жидек, т.б.) импортына шектеу енгізген.
Бұған қоса Ресей, Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан Ереванды тезірек референдум өткізіп, Армения ары қарай да Еуразия экономика одағына мүше болып қала ма, жоқ әлде Еуроодаққа ену мақсатын көздей ме деген сауалға жауапты айқындауға шақырған. Пашинян елдің Еуроодаққа қосылуы туралы референдум Ереван оның құрамына кіруге ресми өтініш берген жағдайда ғана өте алады деп мәлімдеген.