Тоқаев премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновті ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Құрылтайдағы саяси партиялар фракциялар жетекшілерімен кездесіп отыр. Астана, 31 тамыз, 2026 жыл.

31 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесіп, премьер-министр лауазымына өзі ұсынған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде кеңескен. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрлікке кандидатты талқылауға "Әділет" партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, "Ауыл" партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Айтуғанов, Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, "Ақ жол" партиясы фракциясының жетекшісі Дәния Еспаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов қатысқан.

Дүйсенбі күні Құрылтайда өткен дауыс беру қорытындысы бойынша, 137 депутат Олжас Бектеновті қайтадан премьер-министр лауазымына тағайындауды мақұлдаған. Бұдан соң Бектенов президент пен депутаттар алдында ант берген.

Өткен айдың басынан күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституцияның 46-бабына сәйкес, президент премьер-министр лауазымына өзі ұсынған адамның кандидатурасын парламенттегі фракция жетекшілерімен кеңесуге тиіс. Президент премьер-министрді Құрылтай депутаттарының келісімін алған соң тағайындайды.

Ал Құрылтай президент премьер-министр лауазымына ұсынған кандидатураны бекітуден екі рет бас тартқан жағдайда, президент Құрылтайды таратып жіберуге құқылы.

45 жастағы Олжас Бектенов Қазақстанның премьер-министрі қызметіне алғаш рет 2024 жылғы 6 ақпанда тағайындалған. Содан бері үкіметті үздіксіз басқарып келеді.