Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қазанда Астанада Республика күніне орай сөйлеген сөзінде президенттік биліктің "артықшылықтары" туралы айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан “күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс”.
“Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ” деді ол.
Президент өз сөзінде сонымен бірге осыған дейін жолдауында айтқан партиялық тізіммен бір палаталы парламентті сайлау туралы тағы айтты.
Оның сөзінше, бұл “партиялардың институционалдық негізін нығайтуға көмектесіп, сайлаушылармен жүйелі жұмыс істеуіне ықпал етеді”.
Тоқаев кейінгі жылдары тіке сайлау институтының “айтарлықтай кеңейгенін” айтып, ауыл, аудан әкімі сайлауы енгізілгенін, енді облыстық маңызы бар қала басшыларын сайлау да басталып жатқанын атап өтті.
“Жергілікті мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық жүйені сақтау керек деп санаймын” деді ол.
Бұған дейін кейбір сарапшылар бір палаталы парламент идеясын қолдайтынын, бірақ оған шынайы оппозиция күштері келмейінше парламент “президент ығынан шыға алмайтын енжар құрылым” күйінде қала береді деген еді. Олардың пікірінше, “мұны саяси реформа деу қиын”.
Жұма күні Тоқаев өз сөзінде елдің кейінгі жылдардағы әлеуметтік экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, 2019 жылдан бері ел экономикасы 16% өскенін, жалпы ішкі өнім – $291 млрд, алтын-валюта резерві $58 млрд жеткенін айтты.
"Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды" деді ол.
Тоқаев қоғамда жиі талқыланған келесі жылдан бастап күшіне енетін салық кодексіне де тоқталды.
"Соңғы кезде маған жаңа салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Мен премьер-министрге нақты тапсырмамды бердім. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылады" деді.
Тоқаев "бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет" деді. Президент "экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайтынын", "қанша қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыру қажеттігін" атап өтті.
Қазан айының ортасында бизнес және азаматтық қоғам өкілдері Салық кодексіндегі 286-бап 16-пунктіге қарсы петицияға қол жинай бастаған. Петиция авторларының айтуынша, аталған норма іс жүзінде салық төлеушілерді жеңілдетілген жүйемен істейтін кәсіпкерлермен келісім жасасқан кезде шығынды есептеу құқығынан айырады. Олардың пікірінше, бұл таңдауды шектеп, компанияны шағын және орта бизнес өкілдерімен әріптестік орнатуда бас тартуға мәжбүрлейді, қымбатшылық пен нарықты монополизациялауға жетелейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бір палаталы парламент: халыққа жақындай ма, әлде Ақордаға тәуелді бола ма?